Екібастұзда хатшыны әкімдік «сайлайтыны» рас па?

2991
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы партиялар ісіне биліктің араласпауы қажеттігін ескерткенімен, өкілетті билік ісіне атқарушы биліктің итініп қол сұғып отырғаны ешкімге жасырын емес. Мәселен, Екібастұзда жылу апатымен жағаласа жүргізілген ауыс-түйіс кезінде қала әкімі Аян Бейсекиннің «Amanat» партиясы филиалының атқарушы хатшысы етіп Мәриям Маликованы өзі барып таныстыруы кей әкімнің Президенттің сөзін де, өзіне қарап отырған сыншы халықтың назарын да қаперге ілмейтінін көрсетсе керек. Дегенмен өзге партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде жанына Татьяна Шмидті ертіп алып, өзге партия өкілдерінің әрекеттерін (сөздерін) тесік-тесіктен сығалап аңдығанына қарап, Мәриям Маликова өз қызметін адал атқаруда деп нық баға бере аламыз.

Дәл қазіргі уақытта Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттар корпусы жасақталып болды. Олар: теміржолшы Жомарт Мырзабеков, кәсіпкер
Қанат Тұрлыбеков, кенші Серік Макаров, кәсіпкер Арман Амургалинов, педагог Татьяна Шмидт, канал қызметкері Владимир Егер, «әкімдіктің өз адамы» Мәриям Маликова, КВН-шы жас Еркін Құсан Аманкелдіұлы, осы уақытқа дейін «пропискасы Астанада болған», бірақ Екібастұзды көркейтуді арман еткен Арман Иманқұлов, кәсіпкер Жетпісбай Жакупов, жеке кәсіпорын өкілі Лейла Касыманова, ауыл шаруашылығы өкілі Жанат Ибраев, облыс әкімі Асайын Байхановмен жақсы қарым-қатынастағы Ардақ Қаңтарбаевтың (Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі) жан досы, «Amanat» партиясы Екібастұз филиалының бұрынғы жетекшісі Нияз Макраев, педагог Далида Сиваракша, кәсіпкер Манат Алғамбаров.

Байқағандарыңыздай, тізімдегі адамдардың кейбірі «аспаннан түскендей», халық көбін танымайды да, осы уақытқа дейін олардың не бітіріп, не қойғаны беймәлім. Ал енді бір бөлігі – әлдеқалай күні түсетіндіктен, билікпен арақатынасын бұзғысы келмейтіндер.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы билік Екібастұз қалалық мәслихатына «хатшы сайлау» мәселесімен қызу айналысып, әрбір депутатты үгіттеп жатыр деген сөз тарауда. Бұған, әрине, ешкім таңданғанбайды. Өйткені Нияз Макраевтың бұл орынға өзін-өзі даярлағанына талай жылдың жүзі болды.
Рас, осы уақытқа дейін бүгінгі депутаттық корпус құрамындағы бірталай депутат Нияз Құдайбергенұлының хатшы ретіндегі кандидатурасына іштей және өзара қарсы еді. Дегенмен биліктің «дербес өңдеу» жұмысынан кейін олардың көбі азаматтық ұстанымдарынан айнып, «қолбала» рөліне ауысып үлгеріпті. Осының өзі-ақ екібастұздық бұқара өз тағдырын кімдердің қолына сеніп тапсырғанын көрсетсе керек...
Бір айта кетерлігі, жергілікті әкімдердің тізе батыруымен бұрындары жабық дауыс беру тәртібімен өтіп келген Екібастұз қалалық мәслихаты хатшысын сайлау ашық түрде өтетін болыпты деседі. Ал ашық сайлауда әкімге ұнайтын адамға қарсы шығып, кім жеккөрінішті болғысы келер дейсің?! Бұл да жергілікті биліктің өкілетті билікті қуыршаққа айналдыруының бір белгісі болмақ.

Жалпы, Нияз Макраев екібастұздықтарға қай қырымен танымал? Су жаңа депутаттар да біле отырсын деп өткен күнге шегініс жасауға тура келеді.

Бұл жолы біз ана бір жылғы сайлауда тәп-тәуір тізім басында тұрған партия белсендісі (Нияз Құдайбергенұлына қарағанда сайлаушылар мәселесін өткір де ашық көтеріп жүрген адам) Эльдар Рзакулиоғлы «қолдан түзілген» тізім соңына түсіп қалғанын және «Массаж мелодрамасын» еске түсірмесек те болады. Бұл тақырыптар соншалықты өзекті емес...

Хатшы шешен және қаржы жағынан сауатты болуы керек. Бірақ Нияз Макраев анау айтарлықтай шешен емес. Әйтеуір бірде қағазға қарап, бірде қарамай, өйтіп-бүйтіп сөйлер. Ол бірде мәслихат сессияларының біріне төрағалық етіп, алдында жатқан қағазды (сессияның күн тәртібі, т.б. жазылған) оқу керектігін білмей аңырып, әкім досы (А.Қаңтарбаев) оны «Оқы, оқы!» - деп түрткілеп қызық болған. Дос деген осы ғой, түрткілеп итереді де жүреді. Ал көпшілікті бала күннен қол ұстасып өскен жан досы Ардақ Қаңтарбаев әкім болған сәттен өзін кеншілер қаласының көсеміндей көретін Нияз Макраевтың тұлғасы алаңдатады. Өйткені мәслихатқа хатшы болатын адам қаржы саласын, бюджеттің есеп-қисабын жақсы білуі керек. Нияз Құдайбергенұлы есеп-қисапты жақсы біледі деп ешкім мақтай қоймас. Өйткені «Amanat» филиалындағы партия мүшелерінің жарнасына және филиал қызметкерлеріне ие бола алмаған адам дардай моноқаланың бюджетіне қалай ие болады?!

Бұған дейін партияның екібастұздық кеңсесінде жұмыс атқарған Жұлдыз атты қазақ әйелі облыстық партия қызметкерлері тарапынан қудаланды. Ол қалаға «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы аясында көшіп келген еді. Басшылар отырса опақ, тұрса сопақ қыла бергендіктен «қашып» құтылды. Бұдан кейін партияға Х. ханым жұмысқа алынды. Ол келе сала жалғызбасты ана – партияда жиырма жылға жуық еңбек етіп, өңіріне «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл» төсбелгісін таққан Гүлмира Сембаева жұмыстан қуылды. Гүлмира Өмірзаққызының жұмыстан қуылуының өзі НКВД өкілдерінің өмірдерегінен хабар беретін тарихи фильмдерді көз алдыңа әкеледі. Гүлмира әдеттегіше жұмысына келсе, облыстық кеңседен комиссия келіп, оның компьютерін, өзге де бұйымдарын «тәркілеп» тастапты. Кабинетінің кілтін алып қойған. Сөйтіп, бір-ақ күнде апай-топайын шығарып, жұмыстан шығарды да тастады. Негізі, филиалда орын алған олқылықтар салдарынан Гүлмира емес, Макраев жұмысынан шығуы тиіс еді. Бірақ Теренченконың шамасы жеткені қазақтың әлсіз қызы - жалғызбасты әйел болды.
Бұл былықтарға партиядан жерініп 1000-ға жуық адамның мүшеліктен шығуға арыз бергені себеп болған дейді. Адамдардың азаю себебіне Гүлмира айыпты-мыс. Оның үстіне, мүшелерден жиылатын жарна уақытылы жиылмауына да Гүлмира кінәлі болып шыққан. Сайып келгенде, жарнаның жиылуы, филиалдағы ішкі тәртіп, жұмыстың ұйымдастырылуы – бәрі де тікелей Макраев мырзаға қатысты емес пе еді?!

Ал енді әй-шайсыз жұмыстан қуылған Гүлмира Өмірзаққызының орнын Теренченко мен Макраев кімге көздегеніне келейік. Бұл орынға ақырын ғана келіп Алтыншаш Әбенова жайғасты. Кезінде жергілікті жұмыспен қамту орталығын басқарып, сол орыннан біртүрлі жұмбақ күйде ізім-ғайым кеткен адам. Жұмыспен қамту саласында мемлекеттік гранттардың заңсыз үлестірілуіне жол берген, яғни, партияның өмірін гүлдендіруі дүдәмал адам.
Айтпақшы, партия филиалындағы Х. ханымның да бұрынғы әріптестері, жергілікті халық берген мінездемесі жетісіп тұрған жоқ.
Осыған қарап, қазақтың өрімдей қыздарын қудалап, «кәрі-құртаң», «қағылған-соғылғанды» жинап алған партия басшыларының көрегендігін бағамдай беріңіз. Айтпақшы, осы тұста А.Әбенованың соншалықты өбектелу себебі оның Павлодар облысынан министр болып тағайындалған азаматтың нағашы апасы болуында деп, естігенімізді де айта отырайық...

Тағы бір оқиға. 2021 жылы Екібастұз қаласына қарасты бес ауылдың әкіміне әкімдер сайлауына қатыса алмау қаупі төніп (Әбенова сияқты ханымдар жіберген қателер кесірінен), қызық болған. Сонда басына күн туған азаматтарға көмектесудің орнына, Нияз Макраев «Әкімдер кетсе, орнына кісі табылады!» - депті-мыс...

Жалпы, соңғы уақытта Екібастұзға экс-әкім Ардақ Қаңтарбаевтың достары қайта оралып жатыр. Солардың бірі – «Өнер» қалалық мәдениет сарайына «Қайтқан малда қайыр бар» деп әндете қайтып келген Талғат Сағынтаев. Талғат Қайратұлы мен Ардақ Амангелдіұлы сонау Алматыдағы жалынды жылдардан дос. Осыған дейін бірнеше мәдениет сарайына басшылық етіп, бүгінгі күні облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының орынтағына жылы жайғасқан баянауылдық Асылбек Сапарбекұлы да Қаңтарбаев кланынан. Бұл азаматтардың бәріне Алматыда тұрып кеп Павлодарда жемісті еңбек етіп жатқан қай азамат қамқор болып отырғанын іштеріңіз біліп отырған болар. Айтпақшы, бұл топтың артында Екібастұздың бұрынғы әкімі, олигарх Елтай Арбиев тұрғанын айтпасқа амал жоқ. Қысқасы, көзге көрінбейтін экс һәм ескі әкімдер басқарып тұрған жылусыз Екібастұз алдағы бесжылдықта жаңарады десек, өзімізді оңдырмай алдағанымыз болмақ.
Ал енді Баянауылда туған бір топ азаматтың Екібастұздағы майлы орындарға бал арасындай үймелеуіне түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жоғарғы бюджеттерден бөлінетін орасан қаржы себепкер емес пе екен деген де ой келеді...
Ендігі «бес тиын бақырымызды» екібастұздық бүгінгі депутаттарға арнамақпыз. Екібастұз жұрты онсыз да жауапсыздықтан запы болып отыр. Жылдар бойы созылған салғырттық нәтижесін жұрт өткен қыста шындап сезінді. Жағдай түзеліп, әділдік орнайды деп айту қиын. Өйткені қазіргі жағдайда Екібастұз жай ғана Баянауыл ауданының филиалы ретінде тіршілік етпек сияқты. Сонда Екібастұздың өзінде, яғни, қалың қанжығалының елінде тізгін ұстар, Бөгембайға тартқан ер тумаған ба? «Баянауылдың бөлімшесі» деген атақ намыстарыңызды қайрамай ма? Бұл сұрақтар риторикалық болғанымен, оның нақты жауабын депутат мырзалардың жоғары көтерілген қолдары арқылы білетін күн де алыс емес...

Айхан Әбсаттар,

Павлодар облысы

Пікірлер