"Қара халық әкімшілік жүйенің құрбанына айналды" - Ақгүл Айдарбекқызы

4103
Adyrna.kz Telegram
Ірі ұрылардың көкесі мен атасы жоғары жақта емес, Түркістан облысында екенін ел жақсы біледі. Құдайдың құтты күні «Түркістанда еден жуушы болып жұмысқа кіру 800 мың теңгеден басталады» әм «аяғы ауыр келіншектен аман-есен босану үшін қыруар қаражат талап етіпті» дегенді естіп-естіп мешеу күйге түскеніміз рас. Енді міне, тағы да Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өткізіп жатқан конкурстарынан да ілік шықты.
Бұл кеше, бүгін ғана жарқ етіп шыға қалған сыбайластық синдромы емес, жылдары бойы қатқан қасіреттің бір ұшы. Бұл — мемлекеттің 7.20.25 бағдарламасын оң жамбасына икемдеген әкімдіктердің қойыртпағы.

Шарт бойынша олар үйдің шаршы метрін елде жоқ баға 180-ге бағалап, сағат тілі түңгі он екіні ұрғанда конкурсты бастап кетеді. Бір қызығы, конкурстың талаптары аса қиын емес. Басты шарт: қолыңдағы құжаттарды бірінші болып тіркеу. Яғни төлқұжат, жұмыс орнынан соңғы 6 айлық көрсеткіш, жылжымайтын мүліктің жоқтығын растайтын анықтама және кредиттік тарихты межеге бірінші болып ұсына салсаң жетіп жатыр. Айтпақшы, Түркістан тұрғындарының айтуынша, егер талапқа сай болмасаң, ештеңе етпейді, бастысы көптеу пара бер де, шекесінен шертіп жүріп, қалаған үйіңді ала бер. Конкурс уақыты 3 тәулікке созылған. Десе де түнгі 00:00 болмай жатып, сайт міз бақпай қатып қалады. Қанша жерден жылдамдығы жоғары компьютерің мен ғаламторың болса да, қатып қалған сайтты істете алмайсың. Қысқасын айтқанда, сервер бір мезетте істен шығады. Қарапайым бұқара есіктен еңтелеп кіре алмай тұрған сәтте, серверді бұғаттағандар өз адамдарының құжаттарын тіркеп алады. Ал сосын уақыт 1-2-ге жақындағанда сайт қайта жанданып сала береді. Максималды жылдамдықпен компьютерден көз алмай отырсаң да бес жүзінші болып тіркелесің. Қысқасы, конкурсқа түскен ары кетсе тоқсан үйді тек түсіңде көруге тура келеді. Бұл туралы Түркістан тұрғыны Асқат Кеңесұлы бүй дейді.

«Конкурсқа осымен үш рет қатыстым. Біріншісінде тіркеле алмадым. Екіншісінде әйелім 1125 болып тіркелді. 1.30 сағат отырдық, Үшіншісінде 1435 боп тіркелдім. Конкурстың шарттары туралы ашық ереже не процесс туралы ақпарат жоқ. Құжатымыздың дұрыс не бұрыс екендігін де хабарламайды. Қысқасы, ашықтық жоқ, күдік келеді. Бұл сайт базасымен ел болып күресу керек! Егер көп қолданушыға бір уақытта қызмет көрсете алмаса, онда базаны қолданыстан алып тастау керек не болмаса кедергілерді шешу керек. Меніңше, сайттың әлсіздігі «бір кісілерге» тиімді. Өйткені әр пәтерге қол жеткізуге көмек беру құны 500 мың теңге десек, бұл істің айналасында бір вагон ақша айналуда. Яғни өткен 3 қарашадан 4 қарашаға қараған түнде болған 160 үй үшін 80 млн. қаржы айналып тұр деген сөз»…
Ал, SHYNDYQ.KZ ақпараттық порталының бас редакторы Айка АЙТАХАНОВ:
«САЙТАН АЛҒЫР САЙТ. “7-20-25” бағдарламасының да шапағаты тимеді-ау! О, баста “үйсіз-күйсіз күн кешкендерге арналған” деп жарнамалап еді… Дәл осы бағдарламада үш рет бақ сынап көрдік. Баспаналы болмақ түгілі, тізімге іліне алмадық. Таныстарым “өз күшіңмен өте алмайсың” деп еді. Рас екен! 500 мың теңгеге IT маманын жалдап қана баспаналы болуға болады екен. Мұны “естімедім” демеңіздер. Екінің бірі осы әңгімені айтып жүр. Ансар Усербаев мырза, сіз қалай бұл бағдарламамен баспаналы болдыңыз? Бөлісе отырыңыз!» десе, Түркістан тұрғыны Наурызбай Асқаров: «Сегіз-ақ рет қатысып, үй ала алмадым» деп өкінішін білдірді.
Түркістан телеарнасының тілшісі Рысгүл Досжанова да өз фейсбук парақшасында 00:00-де бірінші тіркелгенге үй беретін болса, конкурс неге 3 күнге созылатынын түсінбей әлек.
«Осы уақытқа дейін қанша даулы пост оқыдым, талқылау тыңдадым. Сонда да, түсінбейтінім: ақыры, түнгі 12 де кім бірінші тіркелсе, сол үй алатын болса, неменеге оған өтініш беруге 3 күн уақыт бересіздер?! Кім кімді алдап жүр?! Түнгі 00:00 болмақ түгілі, 23:55 тен бастап сайт ашылмайды ғой. Интернет байланысы деп неше орынды ауыстырып та көрдік. Жай ғана сөзім жоқ. Келесі конкурс болғанда бар ғой, камераны қосып қоймасам», — дейді телеарна тілшісі.
Қысқасын айтқанда, жауырды жаба тоқысаң да, арзан үй қалталылардың қалтасында кетуде. Осы орайда егер, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҒЫ АГЕНТТІГІНІҢ ӨЗІ ЖЕМҚОР БОЛМАСА, бұл мәселені назарға алып, шешімін табар деген талап-тілегіміз бар.
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,
тәуелсіз журналист
Пікірлер