Шымкентте көрісу күнінде ұрпақтар сабақтастығы ұлықталды

3362
Adyrna.kz Telegram

Бүгін шымкенттіктер Әз Наурыздың алғашқы мерекесі - Көрісу күнін атап өтуде. Таңертең Астана алаңынан бастау алған мереке қаланың бірқатар көрікті орындарында, Shymqala этноауылында жалғасты. Қыстан көкөрай көктемге аман жеткен жұртшылық Көрісу күнінінің игі дәстүрін жалғап, бір-бірінен саулық сұрасып, төс қағыстырды.

Бұл күні қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді Көрісу күнімен құттықтап, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында қала жастарымен көрісіп, «Белсенді ұзақ өмір орталығындағы» қариялардың амандығын сұрап, батасын алды. Ұлттық киім киіп, домбырасын асынған өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, Көрісу мерекесінің көркін қыздырды. Абыз ақсақалдар мен әжелердің жас буынмен жарқын жүздесуі ұлт болашағы, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасындағы тағлымды сұқбатқа ұласты.

Күн сайын мұнда 700-ден астам тұрғын 30 шақты қызмет түрін алады. Замана талабына сай жабдықталған орталық бүгінде қариялардың басын қосатын алаңға айналып отыр.

Көрісу – жұртшылықтың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, татулық пен бауырмалдыққа шақыратын тағылымы мол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер