Ақтөбелік делегация Абай жеріне жол тартты

4427
Adyrna.kz Telegram

 17-19 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында "Ырғыздан Ырғызбайдың еліне" атты Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының мәдени күндері өткізіледі. Осыған орай бүгін ақтөбелік делегация жолға шықты деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен жүзеге асырылған іс-шараның мақсаты — өңірлер арасындағы өзара байланысты нығайту, қазақтан шыққан ұлы тұлғалар мен қасиетті мекендерді насихаттау.

Аталған жоба ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Экспедицияның жолға шығуына орай өткізілген салтанатты шарада облыс әкімінің кеңесшісі Қ.Болысов, Ырғыз ауданының әкімі Ә.Әуелбаев,  Ырғыз ауданының құрметті азаматы Н.Сәрсенбайұлы, т.б. делегация мүшелеріне сәт-сапар тілеп, сексеннің сеңгіріндегі ақсақал Сейітқұл Махаев жолаушыларға ақ батасын берді.

Ырғыздан шыққан экспедиция автокөлікпен Қостанай, Қарағанды облыстары арқылы Ырғыз-Торғай, Кеңгір өзендерінің бойымен жүріп, Ырғызбай Айдосұлы мен інісі Торғай, ағасы Кеңгірбай туған жерлерді, яғни сол дәуірдегі Абайдың ата-бабалары мекендеген жерлерді аралайды. Сондай-ақ Семей жеріне баратын екінші топ бүгін темір жол арқылы жолға шығады.

 — Өткен жылы ұлы Абайдың туғанына, сондай-ақ Ырғыздың іргетасы қаланғанғанына 175 жыл толды. Індеттің өршуіне байланысты бұл мерейтойларды өз деңгейінде атап өтудің мүмкіндігі болмады. Дегенмен рухани кеңістігімізді толтыратын, жас ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор шаралар ешқашан тоқтамауы тиіс. Сондықтан бүгінгі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанып келе жатқанын ескере отырып, осындай жобаны қолға алып отырмыз. Делегация мүшелерінің басым бөлігі вакцина алған, барлық шаралар сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілетін болады, — дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, Абай жеріне Ақтөбе облысынан 50 шақты адам барады. Олардың құрамында Ырғыздан шыққан облысқа, ауданға танымал тұлғалар, қоғам белсенділері, өнерпаздар және БАҚ өкілдері бар.

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер