"Қазақ" газеті салалық журналистика тұрғысынан зерттелсе деймін"

14647
Adyrna.kz Telegram

ХХ ғасырдың басында халықтың құлағы мен көзі болған «Қазақ» газетіне биыл 110 жыл толып отыр. Осыған орай Алматы қаласында «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз»  тақырыбында дөңгел үстел ұйымдастырылған. Жиында Qazaq Media Association ұйымдастырған.  Осы отырысқа қатысқан баспасөз зерттеушісі Абай Мырзадан сұхбат алудың сәті түсті.

 

- Жиынның жаңалығы неде? Әсеріңіз қандай? 

- Қазақ баспасөзі алғашқыларының бірі болып саналатын жалпыұлттық сипат алған «Қазақ» газетінің тарихын айту мақсатында ұйымдастырылған кездесу газеттің сол кездегі миссиясы, таралымы, қалыптасуы мен жабылуы туралы   құнды әрі тарихи деректерге толы болды. Сонымен қатар, қазақ тілді баспасөздердің, соның ішінде, интернет басылымдарының жай-күйі айтылып, қазіргі қазақ тілді газет-журналдардың таралымы мәселесі туралы да сөз қозғалды. Ең бастысы  - жиында ақпараттың қауіпсіздік мәселесі мен мемлекеттің тұтастығын нығайтатын және қауіп төндіретін ақпараттың оқырманға тигізетін ықпалы туралы талқыланды. Қазақ баспасөзінің тарихын еске сала отырып, ұрпақ сабақтастығы ретінде бүгінгі басылымдардың арасындағы байланыс туралы да айтылды. Оның үстіне, қазақ тілді БАҚ-тың мүмкіндігін және таралымын арттыру, мемлекеттен қолдау көрсету мәселелері көтерілгендіктен, өзім үшін қызықты әрі құнды пікірлер алған тамаша кездесу болды.

- Қазақ газетінің 110 жылдығында газеттің зерттелмей қалған тұсы бар ма?

- 1988-89 жылдардан бастап алашордалықтар ақталғаннан кейін, оларға қатысты баспасөз құралдары да зерттеле бастады. Оған дейін, кеңес дәуірінде, бұл жабық тақырып болған. «Қазақ» газетінің алғашқы зерттеушісі Үшкөлтай Субханбердина 90-жылдардың басында газеттің библиографиялық көрсеткішін басып шығарды. Қайрат Сақ оны кейін көлемді түрде терең зерттеп, диссертация қорғады. Жекелеген азаматтардың өмірі мен шығармашылығын зерттеу үшін «Қазақ» газетін пайдаланған тарихшылардың бірі -  Кеңес Нұрпейісов «Алаш һәм алашорда» кітабында газеттен көптеген деректер келтіреді. Диқан Қамзабек, Сұлтанхан Жүсіп және Қамбар Атабаев сынды тұлғалар да «Қазақ» газетін дереккөз ретінде қарастырып зерттеген.

Газеттің номерлерін толық жинақтап шығарған — Светлана Смағұлова мен Ғарифолла Әнес.

Соған қарамастан газеттің зерттелмей қалған тұстары баршылық. Өйткені, газет жалпыхалықтық сипат алғандықтан әртүрлі бағыттағы мақалалар жарияланған. Салалық журналистика бойынша мысал келтірсем, дәрігерлік немесе жұқпалы науқастар туралы жазылған бөлігін және маркетинг,  жарнама саласын да бөлек зерттеуге болады. Сонымен қатар, қазақтың сол кездегі көзімен қарап жазылған шетелдік хабарларды  да бөлек қарастыру қажет. Сондықтан ендігі тілек - «Қазақ» газеті салалық журналистика тұрғысынан зерттелсе деймін.

«Қазақ» газеті – әлі де толық зерттеуді талап ететін өте бағалы басылымдардың бірі. Себебі, 1913-18 жылдар арасында шыққан  266 санының барлығында жоғарыда айтылған тақырыптар бойынша мақалалар жарияланған. Сол кездегі халықты тұтастандыру, ортақ тіл мен жазуға алып келу бағытында жұмыс істеген «Қазақ»  газетін әртүрлі сала бойынша зерттеуді жалғастыра берген жөн.

- Кезінде «Қазақ» газетінде көтерілген мәселелерден әлі күнге шешілмей келе жатқан үшеуін атасаңыз.

- Ең басты тақырып — тәуелсіздік алғаннан бері айтылып келе жатқан ұлтты тұтастандыратын тіл мәселесі. Газеттің алғашқысынан бастап соңғы санына дейін осы мәселе талқыланған. Сол кездегі алғашқы мектептерде «Қазақ» газетінің емлесі бойынша балаларды оқытамыз деп жарнамалар беріп отырған. Бұл дегеніміз газет жазу жүйесін қалыптастырып, ұлттық деңгейге дейін көтерген.

Екінші көтерілген мәселе — жер мәселесі. Газет шыққан тұста қазақтар көшпелі болғандықтан, отырықшы болуға шақырған жазбалар кездеседі. Бірақ, жерден айырылып қалу қаупі төнгендіктен отырықшы болуға асықпай, біртіндеп келейік деген мәселелер көтерілген.

Одан кейін партияшылдық, яғни, сайлау мәселесі көп қаралған. Өйткені сайлау деп адамдар жік-жікке бөлінген. Сондықтан партиялардың бағдарламасы газеттерде жарияланып, ашық берілген. Оның үстіне оқу-ағарту, ер-әйелдердің құқықтары және баспасөз еркіндігі мәселелері де сол кездің өзінде қарастырылған еді.

Шындығын айтқанда, ғасыр бұрынғы кейбір ұлттық мәселелер қазір де өзекті. 100 жыл бұрынғы қазақ тарихын толық түсіну үшін «Қазақ»  газетін әрбір қазақ кемінде бір рет оқып көруге тырысуы қажет. Баспасөз айналасында жүрген қыз-жігіттердің «Қазақ» газетін бүгінгі күнмен байланыстырып насихаттау борышы деп есептеймін.

- Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рақмет!

 

Мерей Алайдар

Пікірлер
Басқа материалдар