"Жас ұрпақ Құрманғазы күйлерінен тағылым алады" - қоғам қайраткері Төлеген Қуанышев

3977
Adyrna.kz Telegram

Елімізде аса қадірлі тұлғаларға ескерткіштер орнатылды. Алайда, одан кейін оларды мүлдем ұмыт қалдырамыз. Жаздың жайма шуақ күндері еңселі ескерткіштердің жанында тағылымды іс-шаралар өткізуге болар еді ғой. Жоқ, ескерткіштер елеусіз қалған. Мысалы, Ресейде Пушкин ескерткішінің жанына барып, поэзия кешін өткізу, жас ақындар өз өлеңдерін оқитын дәстүр бар.

Астанада сәулетті ескерткіштер қатары жыл сайын артып келеді. Осы орайда, Бөгенбай батыр, Кенесары, Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың, Мәншүк пен Әлияның ескерткіштері жанында патриоттық тақырыпта іс-шаралар тұрақты өтіп тұрса, қандай ғанибет! Әл-Фараби, Керей мен Жәнібек хандар, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенов ескерткіштері ғылым мен білім, елдік тақырыпты қамтитын басқосулардың алаңы болса, артық етпес еді.

2012 жылы 5 шілде күні Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Құрметті меймандар мен қала тұрғындары көп жиналды. Өкінішке орай, содан бері еңселі ескерткіш алдында бірде-бір іс-шара ұйымдастырылмаған екен!Биыл алғаш рет болып отырғанын атап өткім келеді. Тек қана Абай ескерткішінің алдында жыл сайын ақынның туған күнінде, яғни, 9 тамызда мәдени-рухани басқосулар өтіп жүр. Біз дауылпаз күйші Дина Нұрпейісова ескерткішінің алаңында «Күй жәрмеңкесін» өткізуді қолға алдық.

«Күй анасы» республикалық қоры 2020 жылдың шілде айында құрылып, осы уақытқа дейін өнер саласында көптеген шараларды жүзеге асырды. Соның ішінде домбыраны, күйлерді, сонымен қатар күйшілер мен композиторларды дәріптеп келеді. Қордың жанынан «Ақсақалдар алқасы» құрылды. Оның құрамында елімізге белгілі заңгер Ирак Елекеев бастаған танымал қоғам қайраткерлері, өнерге еңбектері сіңген күйдің хас шеберлері бар. Сол азаматтардың айтқан ақыл-кеңестері мен ұсыныстары біздерді нәтижелі жұмыстарды атқаруға жігерлендірді. Күй мерекесін өткізуге қолдау көрсеткен қалалық қоғамдық кеңеске, Есіл ауданының әкімшілігіне, Қазақ Ұлттық өнер университетіне ризашылығымызды білдіреміз.

Осы күнге дейін «Күй анасы» қоры арнайы шеберлерге 200-ден астам домбыраны жасатып, еліміздің түрлі нысандағы өнер мектептеріне тегін таратты. Сондай-ақ биыл Жамбыл Жабаев ескерткіші алдында керемет іс-шара өтті.

2022 жылы елордада көптеген мәдени іс-шаралар өтті. Соның ішінде Құрманғазы ескерткішінің жанында өткен күй жәрмеңкесінің орны бөлек! Бұл шараның мақсаты – қазақтың төл өнері – күйді насихаттау және ұлы күйшінің ұшан-теңіз мұрасын қайта жаңғырту, ұрпақтан ұрпаққа тарату.Тамашалаған адамдар үлкен әсер алғанын және салиқалы басқосу болғанын атап өтті.

Осы орайда, Құрманғазының қазақтың күй өнеріндегі орны айрықша болса, біздің әулетіміз үшін де рөлі зор екенін айта кеткенім жөн.

Жастайымыздан анамыз Ақжан Нұрпейісованың әлдиін тыңдап өстік және айтқан қызықты әңгімелерін, жас болсақта,санамызға түйіп алуға тырысып бақтық.

Есте қалған әңгімелерінің бірінде анамыз терең толғана келіп:«Біздің әулетіміз, яғни, Нұрпейісовтер мен Қуанышевтер отбасы Құрманғазы аталарымызға өмір бойы қарыздар болып өтеміз. Олай дейтін себебім,ХVIII ғасырдың соңғы жылдарында Құрманғазының назарына сол кездегі9-10 жасар Дина Нұрпейісова ілінбесе, бойжеткен шағына дейін Динаға домбыра тарту тәсілдері мен әдістерді ешкім үйретпесе, сондай-ақ ән мен күй саласын тереңзерттеуші, күйші-композитор, дирижер Ахмет Жұбановқа Бекетай құмынан шығып, кейін Астрахан облысында, шалғай ауылда күйші атанып жүрген Дина туралы хабар тимесе, ал ол кісі өзінің шәкірті Смағұл Көшекбаевты сол өңірге жіберіп, Динаны қалай да болса, сол кездегі қазақ елінің астанасы – Алматыға алып келуді қатаң тапсырмаса, Дина әжеміз 75 жасқа келгеніне қарамастан, Мұрат баласы мен немерелерін ертіп Алматыға бармаса, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, әкелерің Шаңғытбай Қуанышев Ақтөбе өңірінің Бөгетсай елді-мекенінен білім аламын деп Алматыдағы заң институтына оқуға түсіп, екеуміз сол жерде танысып отбасын құрмасақ, сендердің бүл дүниеде өмір сүрулерің екі талай еді»,- деп әңгімесін аяқтаған болатын.

Тағы бірде көзіңнен еріксіз жас шығып кететіндей сәттерді айтып отыратын. Елдің басына жаппай аштық төнген жылдары, шамамен 1934-1935 жылдары болуы керек, себебі анам Ақжан 1929 жылы туған. Жас жағын жобалайтын болсақ, 6-7 жастағы кезі сияқты. Сонда анам: «Мен мектепке баратын шақтамын. Ол жылдары біздер Астрахан жерінде тұратынбыз. Аш, жалаңаш жүріп жатқан жәйіміз бар. Елді аштық жайлаған, халықтың тоз-тозы шығып, жан-жаққа босып жатты. Біздерде үлкен қиналыс жағдайында болдық. Арамыздан жақын туысқандарымыз, іні-сіңлілерімізде аштықтан көз жұмған жағдайлардың куәсі болып, ерте есейдік. Осындай шақта сәл де болса тамақ ретінде құмаршық атты шөптің дәнін диірменге тартып, қара суға қайнатып, быламық қылып, сонымен көректенген едік»,- деді бір күрсініп алып. Ал халықтың осындай қиналған шағында Дина әжеміз домбырасын алып, жайғасып отырып, өзінің ұстазы Күрманғазының күйлерін тартып, ел-жұртты жігерлендіріп отырады екен...

Енді аталған іс-шараға келейік. Жұртшылық алдында сөз сөйлеген Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйлердің тарихын зерттеуші, профессор Айтжан Тоқтаған: «Қазақтың арқалы ақыны Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» поэмасын жазды. Құрманғазыны зерттеуші ғалым, академик Ахмет Жұбанов сол кезде Хамит ағамен бірге көп дүние жасады. 1967-72 жылдары мен консерваторияда оқитын едім әрі Құрманғазы оркестрінде істеймін. Әлі есімде, Хамит аға өзі қатысып отырып, поэмасын оқиды, Шамғон Қажығалиев оркестрге дирижерлік жасайды. Оркестр жылына бір концерт береді. Сонда Құрманғазының күйлері түгелге жуық орындалады. Ол концертке көрермендер билет таба алмайтын-ды. Халық түрегеліп тұрып тыңдайтын еді. Хамағаң жуан даусымен күркіреп оқып отырғанда, әр күйдің шығу тарихы айтылып, оркестр орындағанда, тыңдарман қауым керемет әсер алатын. Біз сондай ғажайып өнерді көре қалдық»,- дей келіп, күйші туралы бірнеше құнды мәліметті жария етті.

А.Тоқтаған сөзін одан әрі жалғап: «Құрманғазы туралы бір деректі айтайын. 1973 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының үлкен форумы өтті. Сонда Құрманғазының «Сарыарқа» күйі ЮНЕСКО-ның әлемдік музыка қорына өтті. Сол күні дүниежүзінің 46 радио станциясында «Сарыарқа» күйі орындалды. Құрманғазының өмірі қиын жағдайда өткен. Қуғын-сүргінге түскенін және Исатай мен Махамбетке ергенін білеміз. Соның өзінде өнерді биік ұстап, өзінің соңына өшпес мұра қалдырған тұлға. Құрманғазының ең басты жетістігі – күй өнеріндегі эпикалық дәстүрді ең биік шыңына жеткізгені. Ол екі бағытта ізденіс жасаған адам. Күй өнеріндегі мүмкіндіктерді жетілдіріп, кемелдендіріп, сарқа пайдаланып, жоғары орындаушылық деңгейге жеткізген. Екінші қыры – күйде жаңа тиянақ, жаңа байлам орнатқан адам»,- деді.

Келесі кезекте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші ұстаз Орынбай ДҮЙСЕН сөз алып: «Қазақтың аспаптық музыкасының алтын ғасыры (Ренессансы) деп танылған ХІХ ғасырда өмір сүрген теңдесі жоқ жарқын уәкілі, қазақтың халық композиторы Құрманғазы екені даусыз. Академик Ахмет Жұбанов: «Құрманғазы кейбір күйлерді адамның тілімен сөйлеткісі келеді»,-деп баға берген. Ахаңның пікірін жалғастыра келе айтарымыз, Құрекең – өз күйлерін сол заманның, қалың бұқараның тілімен сөйлете білген халық өнерпазы. «Күй атасы – Құрманғазы» атануы да сондықтан. Бұл сөзімді оның «Адай», «Сарыарқа»,«Кішкентай», «Арба соққан», «Қайран шешем», «Алатау», т.б. күйлері айғақтай түседі. Осы күйлерден нәр алып өскен жеткіншек ұрпақтың жаны таза, рухы биік, еліміздің толыққанды азаматы болары сөзсіз.Бұл мәдени шараның жоғары деңгейде өтуі, оған жастардың көп қатысуы күй өнерінің сабақтастығы деп білемін.Бүгінде Құрманғазының күйін шебер орындауға дағдыланып жүрген жастар бар. Сол шәкірттер ұлы күйшінің мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратынына сенемін»,- деп ой толғады.

Осы күні дәстүр бойынша жас өренге домбыраны ұсынып, бата беру рәсімі болды. ҚР Мәдениет қайраткері, дирижер, композитор Нұрлан Бекенов Аслан Асқарұлы есімді жас дарынға домбыра сыйлап тұрып, «Қазақтың қара домбырасы – халықтың үні, тарихы. Осы жас өренге дені сау болып, өнердің ең биігіне көтерілуіне Алла нәсіп етсін деп батамды бердім»,- деді.

Одан кейін Н.Бекенов: «Тұманбай Молдағалиев ұлы күйшіге арнаған өлеңін:

«Тұғыр іздеп, ұйқы көрмей, түн қаттым.

Тауды тыңдап, өзім де оған тіл қаттым!

Құрманғазының құдіретіне бас имей,

Қазақпын деп айта көрме, қымбаттым!»,- деп түйіндеген екен.

Құрманғазының өмірі қиындыққа толы. Оған жала жабылып, бірнеше мәрте тұтқындалып, Орынбор түрмесіне қамалған. Сібірге айдалған. Ғұмырының соңына қарай нағашыларына барған екен. Сол жерде Мақаш правитель атанған Мұхамбетжан Бекмұхамбетовке: «Қашанғы осылай жүрмекпін? Қуғындаудан құтқар. Маған тыныштық беретін өмір сыйла»,- депті. Сонда Мақаш правитель өзінің басын бәйгеге тігіп, патша өкіметінен Құрманғазыға бас бостандығын куәландыратын төлқұжат алып берген екен. Сөйтіп, ұлы күйшінің ғұмырының соңы тыныштықпен өткен. Қазақ музыкасында Құрманғазының күйшілік өнері жоғары деңгейде тұр. Күйлері әлемді тамсандырған. Қазір кішкентай баладан еңкейген кәріге дейін Құрманғазының күйлерін тыңдап, рухтанады»,- деді. Сосын қолына домбыра алып, Құрманғазының Балқаймақ» күйін орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды.

Тұрар Әліпбаев пен Анар Мұздаханова сынды танымал күйші-домбырашылар Құрманғазының бірнеше күйін орындап берді. Сондай-ақ дарынды жастар өз өнерлерін ортаға салды.Ақын, сазгер Әбдіғани Бәзілханұлы өз арнауын жұртшылық назарына ұсынды.Ақын Айбатыр Сейтақ Құрманғазы Сағырбайұлына арнаған «Ұлы даланың дүлдүлі» атты өлеңін оқып берді. Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-курс студенті Тілеулес Нұрлыбек Халық ақыны Хамит Ерғалиевтің Құрманғазыға арналған поэмасынан үзінді оқыды.

Сол күні азаматтардың және ақсақалдар алқасының қолдауымен «Күй атасы» атанған дауылпаз күйші-композитор Құрманғазы бабамыздың ескерткіші жанында 4-ші мәрте «Күй жәрмеңкесі» өткізілді.Дәулет Оңғар есімді жас жігіт бас жүлдені жеңіп алып, үкілі домбыраға ие болды. Өзге жүлдегерлерге бағалы кітаптар табыс етілді.

Қорыта айтқанда, бұл күйші, домбырашылардың мәртебесі өскен күн болды.

Төлеген Қуанышев,
қоғам қайраткері, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі.

АСТАНА

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер