Шыңғыс Мұқан: "Қазаққа қандай құндылық керек?" - Ерлан Қарин сұхбаты жайлы

4695
Adyrna.kz Telegram
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің сұхбатын көріп шықтым. Әңгіме маған ұнады. Несімен?
Саяси қызметкерлер “қазанды қыздырып”, қоғамдық дискурске бастамашыл болып отырмаса, оны мемлекеттік басқаруда құзыреті жоқ жандар бастайды. Компетенциясы жоқтарда әдетте кәсіби пікір емес, даурықпа басым болады.
Саяси қызметкерлердің үні естілмесе, ақпараттық вакуум пайда болады. Ол вакуумды жел сөз, Қариннің өзі айтпақшы, фейк толтырады. Сондықтан саяси қызметкерлердің барлығы ақпараттық алаңнан табылғаны абзал. Саяси лидерлер шықпаса, Мұса пайғамбардың қателігіне ұрынып, басқа небір лидерлер, идолдар пайда болады.
Әдетте саяси қызметкерлердің қолы тимейді. Қағаз көп, жиналыс жетеді, шаруа шаш етектен. Бірақ саяси қызметкерлер шаруашылықпен ғана емес, ең алдымен саясатпен шұғылданғаны жөн. Саясат деген ақпарат, яғни халыққа жүргізіліп жатқан саясатты түсінікті тілмен жеткізіп отыру, ой салу, ойландыру, ақпараттық трендтерге үн қосу.
Қарин мырзаның құндылық жөнінде айтқаны ойландырды. Себебі бұл тақырып мені қызықтырады. Үш жыл бұрын жүргізген тренингтерімде бір сағаттық сабағым осы тақырыпқа арнағам. Құндылық жүйесі бірдей болса, ел басқару ісі тиімді іске асады.
Сонымен, құндылық дегеніміз не? Мен осы тақырыпқа оқырмандарым үшін ой қоссам деп едім. Жаңа Қазақстан - түрлі пікір, түрлі талқылаудан кейін ортақ консенсуске келу болса, мұны да бір ой деп қабылдағайсыздар.
Құндылық - бұл біз үшін құнды дүние. Мәселен, денсаулығымыз бізге құнды, яғни қымбат па? Демек біздің құндылығымыз - денсаулық. Бірақ адам баласы әдетте құндылығына сай өмір сүре бермейді. Оны түзеу үшін саясат араласады. Мәселен, батыс елдерінде тілеп алған аурудан емделе беретіндердің сақтандыру полисі қымбат. Адамдар ауырып қалмас үшін (ауырса қалтасы қағылады), спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Бұл - саясат. Адам өміріне мемлекеттік интервенция.
Адамдар темекі шегеді. Денсаулыққа зиян. Мемлекет адамдар аз шексін деп акциз құнын көтереді. Бұл да саясат. “Халық бүлінсе - саясат түзейді” деп кім айтып еді, Жүсіп Баласағұн ба?
Адамдар құндылығы үшін әдетте күреседі. Құнды дүниеңізді тартып алып жатса, балаңыз ауырып қалса, күресесіз ғой. Сол сияқты. Сондықтан қазаққа не құнды, соны анықтап алған жөн. Қазақ не үшін күреседі? Мәселен, мен оқыған Американың бірнеше құндылығы бар. Соның бірі - сөз бостандығы. Егер сол құндылыққа нұқсан келсе, халқы өре түргеледі.
Тағы бір универсал құндылық - әділеттілік. Егер соны қоғамдық құндылық деп тапсақ, онда адамдар әділет үшін күресуге тиіс. Әділ сайлау, әділ сот… кете береді. Сайлау әділетсіз болса, сот әділ өкім шығармаса, адамдар күреседі. Ең соңында әділеттілік әлеуметтік нормаға айналады. Соттың әділетсіз шешім шығаруы, сайлаудың әділетсіз өтуі нонсенс болып қалады. Бірақ ол үшін ұзақ уақыт бойы бізге маңызды құндылықтарға берік болуымыз керек. Қоғамдық нормаға айналып кеткенше. Әдетте адам жақсы әдетке үйрену үшін кемі тоғыз ай уақыт керек екен. Ал бір әлеуметтік норма әрбір адамның санасына сіңгенше қанша уақыт керек!
Әділеттілікті орнататын кім? Тағы да саясат. Саясатты жүргізетін кім? Билік. Биліктің бастауы кім? Халық. Яғни, халық билікті жүргізіп отыру үшін президентке, парламертке (әр елде әрқалай) “сенімхат” береді. Көлігіңізді пайдалана тұру үшін “сенімхатпен” сеніп тапсырғандай.
Демек президент бастаған билік футбол ойынындағы төреші секілді адамдардың өмір деген ойынды әділ ойнауына жағдай жасайды. Әділ ойнамағандарды жазалайды, әділ ойнағандардың арқасынан қағады. Әлеуметтік мәртебесі немесе қызметіне қарамастан. Ал егер төреші ойынға әділ төрелік етпесе ше? Онда жанкүйерлер (халық) ысқырады, балағаттайды. Футболға барып жүрсіздер ғой, дәл солай болады. Неге? Себебі халықпен келісілген қоғамдық келісім-шарттың - басты құндылықтың - әділеттіліктің бұзылып жатқанына халықтың жаны күйеді.
Бұл - қоғамдық, яғни бәрімізге ортақ құндылық. Ол бұзылса, бәріміздің мүддемізге зиян келеді.
Ал енді жеке құндылық деген бар. Оны өз басым екіге бөліп қараймын. Оны тағы бірде сөз етермін.
P.S. Айтпақшы, “басты құндылығымыз - тәуелсіздігіміз” деп жүрміз. Иә, шынында да солай. Бірақ Қазақстаннан кетіп қалған біраз қазақты білемін. Біразы өзге елдің азаматтығын алып үлгерді. Сонда олар тәуелсіздікті құнды көрмегені ме? Демек бір нәрсе дұрыс емес.
Қазіргі прагматик әлемде ертегідегідей романтикалық-патриоттық сезім, елің-жерің дегеннің өте қоюы қиын. Егер өз жерінде мамандығы бойынша жұмыс таба алмаса, егер өз елінде бір сүйеу жері немесе баспанасы болмаса, онда ол адам үшін бұл жерде, бұл елде құндылық бар ма? “Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын!”
Ли Куан Ю Сингапурды қолға алып, әскер құра бастағанда ең бірінші әскерге алынғандарға үй беру үшін арнайы бағдарлама қабылдайды. Бұл қалай болды дегендерге: “Егер бұл елде оның мүлкі болмаса, ата-анасы мен бала-шағасы қаңғып жүрсе, сарбаздар бұл елді не үшін қорғауға тиіс”, - деген екен. Айтқандай, Ли Куан Ю-дің “Үшінші әлемнен біріншіге” деген кітабын аудартып жатырмыз.
Әрине, мемлекет аз қамтылған немесе қамқорлыққа алынған категория болмаса, жұрттың бәріне үй алып берсін деген утопиялық идеядан аулақпын. Әркім өз еңбегі, ақыл-қабілеті шегінде өмір сүруге тиіс. Жалқау мен іскердің қолы бірдей игілікке жетуі мүмкін емес.
Ал игілікке жету үшін не істеу керек? Табыс табу керек. Табыс табу үшін сұранысқа ие мамандығың мен бәсекеге қабілетті білік керек. Сондықтан бәріне ортақ құндылықтар жүйесін қалыптастырудың өзінде бір піштім-бір кестім дейтіндей оңай жауап жоқ, бір-бірімен байланған көптеген факторларға байланысты. Сондықтан “қазанды қайнатып”, мемлекеттік хатшы айтпақшы, қоғам болып талқылап, қазаққа өзі не құнды, не қымбат, соның басын ашып алу керек.
Шыңғыс МҰҚАН
Пікірлер