Түркиядағы этникалық қазақтар. Әже

3136
Adyrna.kz Telegram
Күнде кешқұрым Мәрмәр жағасында тренировка жасаймын. Осыдан үш күн бұрын аяқ-қолымды созып, серпімділікке, икемділікке септесер жаттығулармен шұғылданып жатқам... Қасымнан: “Айтқа қойған етті жіліктеп, туған-туысқа таратып беру керек еді. Ертең үйге кісі шақырайық…” - деп өзара ана тілімде сөйлеп бара жатқан әже мен апайдың дауысын естідім. Ағылшынша не түрікше сөйлеп жүрген менің жаныма екі ананың қазақша кеңесі майдай жақты. Құлағымды бірден тіктедім.
Жүгірген болып соңдарынан 10 метрдей жүрдім. Үлкен кісінің күйлі-қуатты екендігін білгім келді. Жөпелдемеде “Амансыз ба, айттарыңыз қабыл болсын, әже!” - деп едім, әуелде сасып қалды...
Үлкен кісінің аты үлкен ғой, көңілі де биік. Айналып-толғанып жатыр. Стамбұл университетінде оқитынымды айтып едім, тіптен, көтеріліп кетті. Сауалына орай қайда тұрақтағанымды, қанша бала келгенімізді асықпай айтып бердім. “Кемпір-шалдың баласымын” дедім сөзімнің аяғында))).
- Кешке осылай біраз жүремін. Әйтпесе, аяқтарым ауырады, - деді әже.
Ұзақ ғұмыр, шаңырағына бақ-береке тіледім. Қызы Әнипа апай нөмірімді жазып алып қалды. Мен тренировкамды жалғастыра бердім.
Ертеңінде жатақханада жатсам Әнипа апай хабарласып тұр. Ар жақта әже: “Нөміріңді сақтамаппын, өзің де бір іздеп хабарласпайсың!.. Сыртта жүрген студент қой деп ет асып қойдым. Төртеуің сағат төртте қысылмай келіңдер” - деді нық екпінмен.
Қонаққа қаланың екі қазағы бармай қалды. Ашығы, барғысы келмеді. Олар үшін мен қысылдым. Үйіне барсақ, әже құрақ ұшып жүр. Бізді сонша күтіпті. “Жусай қосқан бауырсақ пісірдім. Бұл жерде жерге отырамыз. Отырыңдар да, жей беріңдер” деп қояды...
Үйдегілермен таныстық.
“Қаскелеңде тұрамын. Ауғанстаннан келген қазақпыз. Әкем марқұм Қазақ топырағына жетіп қайтты. Мен ем алуға келгенмін. Елге көшіп алдық. Қызым - экономист. Немерелерім осындағы мектепте”, - деді қуантып. Екі жігіттің келмей қалғанына реніш білдірді. Шыны керек, мен қатты қысылдым.
Біраз тарихтан сыр шертті. Әкелері Түрксіб салынғанда құрылысқа қатынасыпты. Кейінгі қыспақта Ауғанстанға өткен. Кейін Түркия үкіметі тегін 150 үй беріп, осы араға әкеледі. Түп-тұқияны - Қызылорда жері. Қазір Зейтүн Бұрнұда Қазақстаннан ауып Ауғанға, ары Иранға өткен кезеңдерді өз басынан өткерген жалғыз қария қалыпты. 95 жастағы Тәліп ақсақал. Руы - Кіші жүз. Қаракөсе. Төсек тартып жатыр екен. Ақсақалмен де әңгіме-дүкен құрғым келетінін айтып едім, жағдайды түсіндірді. Сырқат дендепті. Әрі қарттық бар. Алладан жазылып кетуін тіледік (алдында көшедегі қазақтар былтыр 93 пен 91 жастағы заманның бар сүргінін көрген әжелердің өмірден өтіп кеткенін айтқан).
Әже де “Босаға басы, ошақ қасы қашан да өнімді. Ошақ басындағы тәрбиеден қалыптасасыңдар. Жаман атың болса, сатасың, жаман қатының болса,.. қайда жібересің. Жақсы жар жолықсын… екеуің де үйдің тұңғышы екенсіңдер. Ата-аналарың малдың соңына салмай, оқысын деп осы жерге жіберді. Суға көп жүзе бермеңдер. Қанша епті болсаңдар да су тартады. Тек оқыңдар. Жаман болмайсыңдар…” дегенде өз әжем есіме түсіп кетті.
Әжелердің барлығы тілеуқор, қамқор бола ма, қалай?
Мынау - әженің өз қолымен жайған дастарханы. Көрмеген, білмеген қазақ баласын қонақ қылып, ақ батасын беріп жатқан аяулы жандарға мың алғыс! Пейілдеріне берсін!
Бұлай тамақтанып үйренбеген соң ба, аяғым ұйып қалыпты… Әрі байқағаным, үй иелері қазақы қоңыр әңгімеге шөліркеп қалған. Жібермей қойды, жұртымызға кеш қайттық.
Дастан Қастай
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер