Ақмола облысында 11 жастағы қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина егу басталды

252
Adyrna.kz Telegram
Фото: magmer.ru
Фото: magmer.ru

Ақмола өңірі жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломавирусына қарсы вакцинаның алғашқы партиялары келіп түскен елдің сегіз облысының қатарына кірді.

Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусинаның айтуынша, иммундаудан кейін кері әсері тіркелген жоқ.

«Адам папилломавирусына қарсы вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Вакцина 11 жастағы қыздарға салынады, алты айлық аралықпен процедура қайталанады. Ақмола облысында науқан әр ауданда басталды, төрт валентті «Гардасил» вакцинасының бірінші партиясы алынды. Барлығы 6 мыңнан астам доза, кейінгі жеткізу кестесі бекітілді. Он төрт жасар қыздарды қамтитын вакцинация жүргізу мәселесі қарастырылуда», - деді Айнагүл Мусина.

Ата-аналар вакцинацияға түсіністікпен қарауда. Вакцинация алдында, кез келген басқа егу алдындағы сияқты, ықтимал қарсы көрсетілімдерді анықтау үшін дәрігерлік тексеру жүргізіледі. Осыдан кейін ғана вакцина енгізіледі.

Жалпы, әлемнің көптеген елдерінде адам папилломавирусына қарсы вакцинация 2007 жылдан бастап, дәлірек айтсақ, 130-дан астам мемлекетте енгізілді. Мысалы, Еуропада қыздар ғана емес, ұлдар да вакцинацияланады.

«2013 жылы Қазақстанда 7 мыңға жуық қыз егілді. Бірде бір кері әсері тіркелмеді. Репродуктивті жүйенің бұзылуына қатысты алаңдаушылық негізсіз. Он бір жыл бұрын егілген қыздар өсіп, тұрмысқа шықты, балалары бар. Біз ата-аналармен, педагогтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ата-аналар балаларын осы қауіпті аурудан осылай ғана қорғауға болатындығын түсінеді. Жатыр мойны обыры әйелдердегі онкологиялық аурулар арасында екінші орында. Өткен жылы Ақмола облысында 136 жаңа жағдай анықталды. Сондықтан, адам папилломавирусына қарсы екпе алу қажет екені айтпаса да түсінікті», - деп толықтырды Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері.

Вакцинация және иммунопрофилактика бойынша барлық қажетті ақпаратты egu.kz сайттынан, әлеуметтік желілердегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми парақшасынан алуға болады. Сондай-ақ департаменттің сайтында «Сұрақ-жауап» айдары бар, онда мамандар вакцинацияға қатысты кез келген сұраққа жауап береді.

Пікірлер