Жүсіпбек Аймауыт. Қара бақсы

4847
Adyrna.kz Telegram

Қараңғыда қалқақтап үшеу келе жатты. Көтегейі – ауыл, беті – сұпының тамы.
Үшеудің ортадағысы: қасқыр мүшелі, қапсағай Əбежан; оң жағындағысы: тапалтақ көкшіл көз Желдібай молда; солдағы – қара сирақ, қазаншы Асқар. Асқардың иығында темір күрек, молда таяқты, Əбежап құр қол.
Алыстан қарауытқан мола таянған сайын құлазып, тымып, ішін тартқан іспетті үрейлі көріне берді. Ай туған жоқ, аспан бұлт, күн желтең. Моладан оқта-текте шық еткен күйкентай даусы Асқардың жүрегін дір еткізді: екеуінің артын ала берді.
Оқ бойы жер қалғанда, Желдібай шарт жүгініп отыра қалып, желмен бірге күбірлеп «табаракты» жіберді. Даусы дір-дір етеді; молданың даусына моладағы аруақтар үн қосқан тəрізденеді.

Асқар алаң-бұлаң секемалданып, қарап қояды. Желдібай аятын орталаған кезде, Əбежан Асқарды түртіп қалып, моланың үңірейген есігін нұсқап еді, Асқар Əбежанның артына ыршып түсті. Молда аятын жаңылып, сасқалақтап қолын көтерді. Бетін
сипар-сипамаста, Əбежанға қарап:
– Өй, сайтан-ай! Жоқ жерде ойнайсың-ау, – деп Желдібай ұшып
түрекелді.
– Кім ойнады? – деді Əбежан сазарып.
– Мынаны неге түрттің?

– Моладағы ағараң еткенді көрмедің бе?
Молда сенерін де, сенбесін де білмеді:
– Ə, қойшы! – деді.
– Қойсаң, жүр алдына! – деп, Əбежан молданы итермелей бер-
ді.
– Жүр-жүр! – деп молда шегіншектеп, Əбежанмен қатарласа
берді.

– Қолыңда қаруың бар: сен жүрсейші! – деп еді, Асқар одан жаман шегінді. Əбежан молдаға қарап:
– Моланың ішінде жаназа оқып жатыр десе, қандай қаздаңдар
едің? Ə, сендер өліктен қорқасыңдар ма, жүр, əйда! – деді.
– Қалжыңды қоя тұршы, жүр, жүр! – десіп бірін бірі итермелеп, моланың аузына келді. Əбежан молдаға қарап:
– Кір! – деді.
– Жасың үлкен өзің кір! –
– Е-е! Маған бас тартқалы жатыр ма?
– Жаным, айтысқалы келіп пе едің? Кіретін болсаң, кірсейші!
– Молда басыңмен сен неге кірмейсің? Қияметте сен бізді қалай бастайсың? Осы жерде қорқып, өліп барасың...
Молда сөз таба алмай міңгірлей берді. Кірсе, жұтып қоятындай.
Мола қап-қара аузын ашып, үңірейіп тұр.
Əбежан молданы жағасынан алып:
– Ала тайыншаны бересің бе? Кірейін! – деді.
– Е, неге берем?
– Ұлбосынды бір түн бересің бе?
– Е, мен құтырдым ба?
– Ендеше, мына аруақтардың алдында иманыңның қақ жары-
мын беруге ант қыласың ба?
– Астапыралда! – деп, молда жағасын ұстай алды.
– Өй, тəңір алсын! – деп Əбежан жағасын қоя беріп, молаға
кіріп кетті.
Оның артынан ана екеуі де кірді.
Төрт құлақты шағын ғана кірпіш там еді. Қап ортадағы көрдің бет тасы опырылып, ішіне түсіп, қақолдың аузындай түк басып тұр; кейбірі көр жер болып, үстіне шөп шығып кетіпті. Жас адамның көрі болса керек, топырағы келте көрінеді, басына шаншылған жалғыз тал, күлтелі ағаш боп қалыпты.
Опырық көрдің аяқ жағынан өтіп үлкен қоңыр көр мен қабырғаның арасындағы маяжон жас топыраққа келіп, Əбежан тоқтады. Қазаншы Асқарға:

– Айда, күре! – деді.
Қиыршық топырақты ақ күрек шықырлатып лақтыра бастады.
Əбежан молаға сүйеніп тұрып, молдадан шариғат сұрауға ай-
налды.
– Молдеке! Осы жауап алатын періште қашан келеді?
– Көмушілер қырық қадам шыққан соң келеді.
– Сонда «не шаруаңыз бар еді?» деп сөзді біз бастаймыз ба?
«Отағасы, басыңды көтер!» деп олар бастай ма?
– Ол арасын алла білмесе, кім біледі...
Желдібай қысылып қалды, жауап бере алмады. Əбежан:
– Е-е! – деп бір қойды.
– Сонда басымызды көтеріп, адам сияқтанып сөйлесеміз бе?
Жоқ, сынған аяғымызды жимай, сіресіп жатамыз ба?
– Басымызды көтеріп, жауап берсек керек... Алла өзі сақтасын,
қабыр азабы бауылден болады дейді екен кітапта.
– «Бауыл» дегеніңіз немене?

– «Бауыл» деп сідікті айтады, тəнге нəжіс тигізу мəкіру дегеннің
мəнісі сол.
– Дұрыс, борбайға сорғалату жарамайды екен ғой.
– Жарамайды.
– Əлі басты көтеретін болдық қой. Сонда кебінімізді ашамыз
ба? Жаңа түскен келіндерше бетімізді бүркеп отырамыз ба?
Желдібай бөгеліп қалды, əйтсе де, бетті бүркеп сөйлесу
ақылына сыймады ма, қалай:
– Жүзіміз ашық болу керек, солай болса керек, – деп, өз
шариғатын өзі мақұлдады.
– Көрде жатып, қайта тірілетін болдық қой?
– Інша-а-алла, қайта тірілеміз.
– Жауабымызды беріп болған соң, жанымызды əлгі екі періште
ала ма? Жоқ «мына кісінің жанын алып беріңізші» деп Əзірейілді
тағы шақыра ма?

– Ол арада Əзірейіл қайта келеді деген сөз кітапта айтылмай-
ды, алланың пəрманымен жан өзі шығатын болар... Алғия беллəй,
гүнекер болып жүрмейікші. Малай бет тасқа жеткенше, Əбежан
молданы «мəңкір-нəңкірден» кем тергеген жоқ.
– Күрзі неше пұт болады?
– Құлаштай ұра ма?
– Тар көрде құлаштай ала ма?
– Көр қысқанда, періштелер неғып қысылып қалмайды?
– Көрді қысатын кім?

– Көр басында неше жыл жалаңаш отырамыз?
– Не күзетеміз?
– Нені қорек қыламыз?
– Неғып үсіп өлмейміз?
– Қасқыр жеп қоймай ма?
– Олар қайда кетеді?
– Періште ақы, пара ала ма?
– Ойнас қыла ма?
– Олар неғып көбейген?
– Сақалдың талы сайын періште болса, қай жерге сыйып
тұрады?
– Биттен де кішкене болғаны ма?
Осы сияқты сұрақтармен Əбежан молданың есін шығарды. Желдібай түркілік қана сауаты бар шала молда еді. Шала молда түгілі, Əбекең түбі жоқ терең молдаларды да талай састырған, сөзбен қамаған.
Бұл Əбежан оқымаған қарапайым адам. Бірақ тоқығаны көп, тəжірибеге, ақылына сүйенген адам. Əбежан көзі көрмегенге, ақылына сыймағанға əсте нанбайды. Ол дін тұтпайды, намаз оқымайды, ораза ұстамайды; пайғамбарды өзіміз сияқты қара кісі
болыпты, бірақ ақылды болыпты, ел билепті дейді; құранды оңаша үйде отырып жалаң аяқ азаншы Білел жазыпты деп сөйлейді. Өлген соң, тірілеміз, ұжмаққа, тамұққа барамыз дегенге Əбежан сенбейді.

Əбежан қатты ауырып өлгелі жатқанда, балаларына айтқан өсиеті:
– Маған мал шығарып, садақа беріп, əуреленбеңдер! Ағайынның кеу-кеулеген тіліне желігіп, танша-торпақтарыңнан айрылып қалмаңдар. Басыма ит сарымастай қылып, тастан бір обашық орната саларсыздар, – деген.
Мылжың, мақтаншақ, адамсыған, шелтиген кісімен, ақымақпен, қожа, молдамен Əбежанның қаны өш. Оның тілі удан ащы; күлдірмей, сықақ қылмай сөйлемейді, от ауызды, орақ тілдігінен ағайынға да сүйкімсіз. Жігіт кезінде балуан да, би де, шешен де болған: өткенін айтып, əсте мақтанбайды.
Жасы алпысқа келсе де, босағасынан бір бүркіті кетпейді. Əдеті: мылтық ату, құс салу, ащы насыбай, қымыз, ет, қызық думан, үйде отырса ұсталық құрады, ағаш істейді, қолы өнерлі, кісіге жалынбайды; кісіге орынсыз нəрсе бермейді, кісісіне мырза,
жалпаламға сараң.
Əбежан дүниеге, өмірге, табиғатқа сенеді. Дүние жандылықтан ептеп ұрлық та қылып қояды. Бірақ оны кəсіп қылмайды. Ұятты білмейді; қымызды ішіп-ішіп, келіндерінің көзінше тырдай жалаң-аш жатады. Жасы кіші екен демейді, көрінген əйелмен, еркекпен құрдасындай ойнайды, боғауыз соғады, мықынын ұстайды.
Ол жай қазақтан анақұрлы көз қарақты, жердің домалақтығын, күн мен түннің неден болатынын, бұлт, жел, жаңбыр, найзағай – бəрін сұрастырып, бір-бір жағынан тəжірибемен білген. Бақсы-балгерге сенбейді. Оқыған дəрігерге сенеді. Бірталай аурудың емін біледі, адамның денесі қалай жаралғанын, терімен дем алатынын, таза ұстау керек екенін, суықтан сақтану шарасын жақсы тоқыған.
Қалжыңшыл, бейпіл тіліне, дінсіздігіне, əдепсіздігіне қарап, жұрт оны «надан», «жынды» дейді; ол не айтса, күледі, оның сөзін елемейді. Бірақ Əбежан жынды емес, нағыз дана адам.
– Қəні, енді қайтеміз? – деп малай маңдай терін бір сыпырды.
– Қәйткен несі? Қопар! – деп, Əбежан молданы түртіп сыбана бастады.
Үшеулеп бет тасты бір-бірлеп қопарып алысты, көрдің ішіне саулаған құм қайрақ ақ кебінді теңбіл ала қылып жапқан, үш жерден қылбуыт қып байлаған, сүйегі білеуленген, іші кепкен, сасыған өлік көр түбінде төсек болып жатыр.
Əбежан Асқарға:
– Түс! – деді.
Басын шайқады.
– Түс! – деді молдаға.
Көнбеді.
Екі қолымен көрдің екі ернеуіне асылып, аяғын талтайтып,
Əбежан көрге түсті. Күректі қолына алды:
– Бас жағына бар! – деді.
Көрге еңкейіп, үңіліп қарады да:
– Молда! – деді.
– Немене?
– Бетін ашады, белін шешеді дегенің қайда? Боранға баратын
кісіше тұмшаланып, тырп етпестен жатыр ғой?
– Жоқ сөзді айтпашы! Бол, бітір – деді молда.

– Əй, молдам-ай! Тірілген кісі осындай бола ма? – деді де, асыл күректі жалпақ табанымен басып қалды. Сүйек сақыр-сұқыр етті – кебінді бас доптай ыршып, молданың кеудесіне дүрс етті. Молда қалпақтай түсті. Малай бұғып қалды. Қайта серіпкен басты қағып алып, сыртқа домалата тастап, Əбежан көрден шықты. Молданың
аузы жыбыр-жыбыр.
Кебіннен шыққан, ырсиған, үңірейген, жидіген будырған қу басқа қарап Əбежан əнтек ойлап тұрып қалды.
Ақтарылған, қарауытқан, опырылған көр, жыртылған кебін, домаланған ақсақалды атайдың басы, уілдеген жел, құлазыған мола, алласына сыйынған екі адам Əбежанды да аз ойландырды.
Ажал айдаһардай аузын ашқандай болды. Əйтсе де ақылынан танған жоқ. Көп өліктің ортасында тұрған өз өмірі, бір секөнттей болса да, бəрін көріп тұрғаны ең қызықты, ең тəтті өмірдей көрінді.
Өмір үшін керек болған соң, қу басты құрбан қылмайтын не бар? – деген ой сап етіп тағы келді. Басты етегіне орап алып шықты.
Көрді қайта қымтады.
Бұдан он шақты күн бұрын алты қанат ақ отаудың жанында емен тұғырлы, күміс балақ баулы бүркіт отыр еді.
Бүркіт емес, қырдың қыраны. Қапсағай, жебелі саусақ, жезтырнақ. Қайқы жауырын, қарашегір, қанды көз, орақ тұмсық, делдең танау, балуан балтыр, еңкіш еңсе, мұз балақ, үш түлеген тас түлек.
Жасыл айдарлы қызыл сауыр томағасын, көк найзаларымен сарт-сұрт қағып, қыран үміліп, қомданып, қызыл түлкісін аңсап «құшақ-пышақ!» деп шаңқ-шаңқ етер еді.
Бұл жануар не іздеп талпынып тұр? Жемсауын сипап, жем беретін, етін көретін, қыбын білетін құсбегісі қайда?
Тоқтай қалшы! Боз үйден күңгірлеген дауыс шықты ғой. Құс биесі осы болмасын?
– Əй, Күлше! Исақай құсқа жем берді ме екен? Жарықтығым неге шақырып тұр? Қарашы! – деді. Қатты ыңыранды. Қайғы жұтты-ау.
Сұлу Күлше көлк етіп, тысқа шықты.
– Əй, еншілес, Исақайды шақыршы! – деді де, нəуетек қабағын бір шытынып, тұңғиық көзін бір төңкеріп, бəтес көйлектің етегін бұлаң еткізіп қайта кірді. Жарының жанынан неғып кетсін?
Көшербай жатыр белден төсек салдырып.
Қол, аяқты бірден түгел алдырып.

Қозғала алмайды. Тіл сайрайды. Іш қазандай қайнайды. Аздан бері миға да шапты. Бұл кеселдің зардабы. Үш ай болды, осындай дерт жабысты.
Тау-тасты кезіп, ойды-қырды шарқ ұрып сайрандап жүрген Көшербай қарға адым жер мұң болып, қанат-құйрық қырқылып, мүгедек боп жатқаны.
Алған жары ақ сүлгісін салқын суға батырып маңдайына жапсырып, қол-аяғын уқалап, екі көзі мөлдіреп, күні-түні отырғаны қасында.
Көшербай мұңдық ауыр ойлар ойлайды:
Атқа мінді, адам болды, қатын алды, бала сүйді. Мылтық атты, ит жүгіртті, құс салды, жүрді, тұрды, сауық құрды, сонда-дағы жас өмірдің қызығына тоймады.
Бұл өмірді сүрген сайын, арманнан арман туады. Арманды арман қуады. Ол арманды көксемесе, Көшербайдың өлгені.
Бөгде ауылдар қиқу салып, жайлауға көшіп жатқанда, Көшербайдың ауылы отыр көше алмай. Қаратайын қайындатып, қызығын əлі көрген жоқ. Қарабегі қалада жүр, білім алып, өнер тауып, жетіліп елге келген жоқ. Кенже – асау қара балапан, оны баулып, оқуға əлі берген жоқ. Бес жылқысы барымтадан қайткан жоқ. Қайдан қайтсын? Ағайын, туған намысқа қызып жатқан жоқ.
Алты ай мінсе арымайтын, құс салатын кер аттың, лауға мініп, арқа-басы ошақтай боп, қалжуырлы байлаулы тұр белдеуде. Белді ауылдар шабындыны жеп кетті. Қарсы тұрып қайрат қылар дəрмен жоқ. Қара бүркіт қақылдап тұр жем тілеп. Қара мылтық
қара əбдіре түбінде, оны алып, жарыққа салып, жем атарға пəрмен жоқ. Осыларды ойлап, Көшербай жатыр арманда. Көзің көріп, ішің біліп, істеуге мұршаң келмесе, күйектеулі сен бір қошқар, одан қорлық не бар дейсің жалғанда.
Ой, дүние-ай! Он бес жыл өмір сүрер ме едім? Қарабектің жетілгенін, адал сүт емген ұл болғанын көрер ме едім? Үш кемеңгер ұлдарым тұрса сайдауыт, жерімді жеп, малымды алған, басынған дұспандарымның зорлығына көнер ме ем? Бұл кеселдің беті бермен қараса, бұл білегім көтеруге жараса, тамырда қалған тегеурінді тағы бір сынап қарар ем! Шер жанышқан ер жүрегім көкірегіме сыймас ед, тұла бойым намыс кернеп, желді күнгі өрттей жанар ем. Алысар ем, шабысар ем, арбасар ем. Дəндегендердің жағасына
жармасар ем, елдігімді дұспаныма білегіммен білдіріп, теңдігімді тізелесіп алар ем. Сонда менің басыма бақ, қолыма қыран қонар еді...

– Күлшежан-ай! Кісі қара көрінбей ме? Тысқа бір шығып қарашы.
Күлшежаны күн астына көз салды. Көзін салды, көп қадалды, сарғайды. Күн астынан шаң көрінсе, шаң ішінен жан көрінсе, жарылар ма еді жүрегі!
Аңшы, мерген, бақсы, тəуіп, қожа, молда, ақын ұры-қолға тұрмас кезбе бас. Күлшежанның көп күткені осылардың бірі ғой.
– Басым-басым!.. Шағып барад. Найзаменен сұғып барад!.. Ой Күлшетай-ай! Ақылымнан жаздым ғой, – деп Көшербай ауық-ауық талады. Сорлы Күлше дамыл таппай күн астына қарады. Қараудан да қамықты. Қүннен күнге дерт меңдетіп Көшербай да дамықты.
Дамыққан сайын, сұлуы да жабықты; күйді, жанды, тартты азапты, тамұқты...
Құрбы-құрдас көңілін сұрай келіп, кеткен болады. Есіркесіп аны-мұны бір ем еткен болады. Жөпшенді ем мұндай дертке не қонсын? Күндерде бір күн бақсы келіп қалыпты тамырын ұстап, құмалағын салыпты.
Төңкеріп көзін, айта алмай сөзін көп отырды ыңыранып, көкжиектен жауатын күндей күңіреніп:
Бұған тиген су перінің салқыны,
Салқыны емес, бейне оттың жалқыны,
Қол-аяғың от ішінде қалқиды.
Бойыңды улап, басылған екен қарқыны.
Миға шапқан сол кеселдің сарқыны:
Кете қоймас, көрмей сірə, талқыны.
Қол-аяғың сауыққанға ұқсайды,
Козғап көрші, дəу де болса, қимылдар,
Дəу-перімнің неғып тимед шарпуы?
Кісенді батыр шешілгендей, батпан бұғау қол-аяқтан кесілгендей, жинап алды денесіне.
Сонда бақсы жоғары-төмен барлады да, басын бір сілкіп кіжінді:
– Басқа шапқан, бəлекет!
Бас жынымды жабармын,
Жайыңды сенің табармын,
Баспен сені қағармын! – деді.

Манағы бас осыған керек боп еді.
Сол өңірдің бозбаласын жиғызып, құман беріп, бəріне дəрет алғызып, сыбандырып, белді бекем буғызып, жүгіндіріп алқа-қотан отыртты. Көшербайды қақ ортаға салғызды. Əйелдерді үй маңынан бездірді. Кетпен шотты жанған отқа қыздыртты. Ақ
семсерді жалаңдатып суырды. «Қарама көкке! Күлме бірің! Мерт боласың!.. Тырс етпе!» деп ақырып, отырған топты бір шолып, сүзе қарап, апшысын жұрттың қуырды.
Сауыны боп зарлағанда боз інген,
Шабыттанып самғағанда жас қыран.
Сары белден салқын самал ескенде,
Көк жүзінде көкала бұлт көшкенде,
Алдашылар көктен жерге түскенде,
Сам жамырай сар даланы күңірентіп,
Ызылдаған қобызына сыбырлап
Күбір-күбір аузы-басы жыбырлап,
Қара бақсы қара бұлттай түйіліп,
Гуілдеді, уілдеді, сарнады.
* * *
Қобызды қолға алайын,
Қоңыраулы күйге салайын,
Жауар күндей жарқылдап,
Жау қуғандай сартылдап,
Қарт бурадай қалшылдап,
Қанды көздей жарқылдап,
Айдаһардай ақырып,
Аруағымды шақырып,
Көк толқындай суылдап,
Көк тұлпардай зуылдап,
Алдадан медет сұрайын,
Əңгіме-дүкен құрайын!

* * *
Ал, кел бері, кел бері!
Желден жүйрік жел пері!
Жолбарыстай айбаттым!
Жолды аяқтай қайраттым!
Жолың болсын, кел бері!
Аю мінез аңғыртым!
Алып мінез салғыртым!
Əңгүдігім, шалғыртым!
Бұқа мойын, қабаным!
Қарынды, жалпақ табаным,
Көк жұлыным – қырсауым
Керт басыңдай ойламай
Кежегіңді кекшитпей
Келелі жауға кез болдым;
Келер болсаң, кел бері!
Жылан көзді сысығым!
Ұлдан туған ұлшығым!
Жеті жыл бойға жел берген,
Жолыңда тұрған кеселдер,
Кез бас болып, сенделген,
Жаңа перім, жанпозым
Жаңа шыққан қамқорым!
Лек-легіңмен кел бері!
Жалғыз көздім, жымрайым!
Жалғыз аяқ сұмырайым!
Адам кеуде, ақ бастым!
Ақ сайтаным, албастым!
Бірің калмай, кел бері
Сендер едің, сен едің,
Биеңнің жалғыз сенгені,
Сергелдеңді сырқатты
Сескендіре сермейін,
Семсерімді бер бері!

* * *
Асуда-асу бел еді,
Аса бір соққан жел еді,
Анау жатқан өлкені
Өрлей қонған ел еді,
Өлкенің суы сел еді,
Селдей аққан мал еді,
Белдеуде тұрған кер басты
Екі енеге тел еді.
Осынау жатқан Көшербай
Тəңірдің берген бағында,
Болып бір тұрған шағында,
Қай қасқаңнан кем еді?
Ақылы мол кен еді.
Етек-жеңі кең еді.
Аузынан шыққан лебізі
Ағайынға ем еді,
Арту елмен кездессе,
Терезесі тең еді.
Ер дұспанмен белдессе,
Елінің қамын жер еді.
Жатқа намыс жібермес.
Екпінді туған өр еді.
Атаңа нəлет су пері!
Ерімді қор еткендей
Өңменімнен өткендей,
Жебіріме жеткендей,
Жеті атама кеткендей.
Аузына дəм салғызбай
Қолына қыран алғызбай
Жауына қарсы барғызбай
Құлдыққа бола туғандай
Тұншықтырып буғандай
Өркенімді өсірмей
Өрісімді тарылтып,
Жүрісімнен жаңылтып,
Бақ дəулеттен арылтып,

Не ақың бар ед ерімде?
Осынша мазақ ететін
Жетпіс жеті əкеңнің
Басы бар ма ед жерімде?
* * *
Атаңа нəлет, су пері!
Сумаңдаған қу пері!
Қол-аяқты улаған
Тиген жері у пері!
Жаның барда кет пері!
Жер түбіне жет пері!
Жындарым қаптап келеді:
Көрсетейін тепкіні!
Басыма шауып сен жауыз,
Түбіме кеп пе ең жеткелі?
Жетпек болсаң, түбіме,
Жеті бұзырың, қырық шілтен
Ерлерден медет сұрайын!
Көрде жатқан əкемнің
Қу басымен ұрайын
Жаныңды қылдай қылайын,
Қыл бұрауын бұрайын!
Сақалыңды бір талдап,
Шыңғырытып тұрып жұлайын!
* * *
Жындарымды жабайын!
Кетпенімді жалайын
Қанжарымды алайын,
Қарныма қадай салайын,
Қызыл қанға малайын,
Үрейіңді алайын,
Үркітейін, жарайын,
Нөкерлерім келгенде,
Нөсер бұлттай жауайын,
Қорлыққа нағып көнейін?
Үстіңе сенің төнейін!

Басқа орнасаң баспенен
Сыбағаңды берейін!
Кетпегенің көрейін!
Жеңе алмасам сен жауды,
Үзе алмасам бұғауды,
Қор боп бүйтіп жүргенше
Итшілеп өмір сүргенше,
Қадасын пышақ қарныма,
Біржолата өлейін!
* * *
Қара бақсы тепсінді,
Тепсінгеннің белгісі:
Сарнады ексім-ексімді.
Ақтарылған азамат
Тамырға ұшқын жеткендей
Денеге у сепкендей,
Күрелері кепкендей,
Селк етісіп, сескеніп,
Дір-дір қағып, желпінді.
Ауруға таман анталап,
Көздері кетті қанталап,
Ауыздан көбік бұрқырап,
Өңештері қырқырап,
Күрс-күрс етіп, əупілдеп,
Зікірге басты кəукілдеп.
* * *
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау
Отырғанда көп жалқау,
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Қалғып, шұлғып, жабырқау,
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Не боп кетті ойпырмау.
Іни-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Бұзды-ау шырқын іи қалқау!
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Сал зікірді... іии-иау-ау!

Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Қос пікірді иіі-иау-ау!
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Жазып алсаң есен-сау...
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау!
Болар сонда той тарқау!
Іии-иау... ықық-ым... іии-иау-ау
.... . . . . . . . . . . . . . . . . . .
... . . . . . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . . . . . . .
Көшербайды көп бақсы арқаға қағып, талқыға салып, баспен
соғып, көшірді.
Бақырған бақсының емі қонды ма, болмаса шын көңілімен ден қойды ма, əйтпесе, өз бойындағы қуаты жеңді ме, əйтеуір үш күннен кейін қыранын қолына қондырып, тымағын алшыдан тастап, кешкі мезекте үй жанында Көшербай отыр еді. Кер маралдай керіліп, ақ жаулығы көлбіреп ақ боз үйге сүйеніп, атқан таңдай масайрап Күлшежаны тұр еді. Барымтаға түскен 5 жылқыны алып қайтқан Əбежан алшаңдай басып, аттан түсіп, үйге таман аяңдады.
Тықыл қара жолмен тыжылдатып келе жатқан пар атты тарантас бері қарай ойысты. Арбадан орысша киінген сыпқыр қара сұр жігіт атып түсті:
– Қалқам-ау, Қарабек пе!? – деп Күлше саңқ етті.
– Жан қып жаратқаныңа шүкіршілік! – деп қыранын тұғырына
қондырып, Көшербай ұлына құшағын жайды.
Өмір қалай сəнді!

Пікірлер