ЭПИК ЖЫРШЫ

9826
Adyrna.kz Telegram

(Маңғыстаулық жыршы Жақсылық Елеусіновпен сұхбат. Барлап зерттеу. 2005 жылы басталған)

Сонымен, Жақсылық жыршымен Алматыға келіп өнер көрсету турасында келісімге қол жеткеннен кейін, біздің тарапымыздан жыр жазып алудың заманауи әдіс-тәсілдері мен жазу тәртібі бойынша эдициялық жұмыс жүргізілді. Жыршыларды өз деңгейінде қарсы алу, орналастыру, кездесулер ұйымдастыру мен талапқа сай жыр айтудың нақты бағдарламасы жасалды: жыршының түсетін үй-жайы (жеке үй немесе жағдайы соған жуықтастырылған қонақ үй) белгіленді; жыр айтылатын орындар бірін-бірі қайталамайтындай ахуалда болуы үшін жыр айту үдерісі үй ішінде, қонақ үйде және қонақасы залында өткізу қолайланды; жыр айтатын уақыт мерзімдері нақтыланды; жыршы эпикалық ортада шабыттана еркін сілтейтіндіктен және қайталап айтқан кезде жырдың вариацияға түсуі, көбіне-көп, тыңдаушы ортаға байланысты болып келетіндіктен, тыңдаушы қауым ішінен лайықты аудитория таңдалды; жыршылармен кездесу өткізілетін ғылыми мекемелер, мәдени орындармен алдын-ала уағдаластық жасалды; белгілі фольклор жинаушы және зерттеуші мамандар шақырылды; жыр жазылып жатқан сәтте тоқтап қалмайтын және ұзаққа кідірмейтін заманауи лазер дискілі сенімді дыбысжазу құрылғысы (диктафон) әзірленді; құрылғы екінші жағынан бір жырды бірнеше рет қайталап жазған кездегі бірден-бір нақты техника екені және соңыра одан жырды нотаға түсіруге де болатыны ескерілді; фольклортану тәжірибесінде жыршының шеберлігін, орындау техникасын, бет құбылысын, ым-ишара ерекшеліктерін айқындаудың ең тиімді тәсілі дыбысты бейнетаспаға түсіріп алу деп есептелетіндіктен, жыр айту актісін бейнеқұрылғыға түсіру жоспарланды. Бағдарламаның жалпы нобайы болмаса, қалған жағы жыршыдан құпия ұсталды (олай болмаған күнде жыршы алдын ала әзірленіп қоятындықтан ахуал өзінің табиғи қалпын жоғалтып, жыр айту актілері жасандылыққа ұрынар еді).

2005 жылы Алматыға Жақсылық жыршының да жолы түсті. Ол қалаға қыркүйектің бас кезінде жетіп, Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы Арна ауылына, сол жердегі қайын жұртының үйіне тоқтады.

Жақсылықтың айтуы бойынша өз әкесі Айтмағамбет Рахметуллаұлы. Атақонысы Жосалы, Шиелі, Түркістан, Қожатоғай жағы болса керек. Шешесі Мәдина Жақсылық туғаннан кейін Жетісайда қайтыс болады да, әкесі бала Жақсылықты біржарым жыл арқалап бағады. Сол шамада ол да қуғын-сүргін көріп, Самарқанд облысының Кәттақорған өңіріне қоныс аударыпты.

Тамды ауданының Жаңашаруа мекенінде адай руының Бегей тақтасына жататын Ілімбай, Ниятолла деген кісілер болыпты. Сол кезде екеуі де перзентсіз екен. Кішкентай Жақсылықты баста Ілімбай бауырына салып, бала етуге ниеттенеді. Бірақ әйелі науқасшаң болғандықтан, ер баласы жоқ Ниятолла Елеусінов үлкендігіне салып, әкесі Айтмағамбетке «бағамын-қағамын, оқытып-тоқытамын» деп уәде етіп, алып қалады. Айтмағамбет қағаз жазып, ұлын табыстап кетеді. Ілімбайдың айтуынша, Жақсылықтың азан айтып қойған аты Алый екен. «Баласыз жүрген ғаріп болғаннан соң «Арты жақсылық болар ма екен» деген тілекпен атыңды Жақсылық қойған біз, адай ағайындар, шырағым. Әкеңнің жазып қалдырған қағазын мәсімнің қонышында сақтап жүруші едім, ақыры жоғалтып алдым» деп отырады екен Ілекең.

Жақсылықтың сөз дерегі бойынша, нағашысы Әбіш қожа Нәбиұлы Түрікменстанда, Красноводск (Шағадам) маңындағы бір тойда жиенін ұшыратып, оның тегіне қатысты тарихты айтып береді. Жақсылықтың жыршылық жолға түсуі ескелді Сүгір Бегендікұлын көруден басталады. Болашақ ұстазымен тоғыз жасында, Мақтаралдағы бір тойда ұшырасады. Бала Жақсылық сол тойда өлең айтып, Сүгірдің көзіне түседі. Арада бес жыл өткенде әлгі ауылда болған бір үлкен Асқа Сүгір және шақырылады. Бұл Жақсылықтың он төртке шыққан және «ауырып» жүрген кезі екен. Осы жолы Сүгірдің өнерін екінші рет көреді де, ақыры өгей әкесі-шешеден қашып, жырауға ілесіп, ел аралап кетеді. Содан жиырма бес жыл еріп, ұстазының алғыс-батасын алады. Өзінің айтуынша, он екі-он үш жасында жапан далада ұйықтап жатқанда Қашаған ақын түсіне кіріп, аян берген, ақындық пен жыршылық өнер сол уақиғадан кейін қонған.

Жақсылық – жыршылықты кәсіп еткен, елді көп аралаған. Өзінің айтуынша, Қазақстанның күллі облыстары мен аудандарында болған. Кәмілжан Атаниязовқа еріп жүріп өзбек жерін де біраз адақтаған. 1960 жылдары Әзербайжанның Бағдат тауында отырған қазақ ішіне үш мәрте барып, айлап жатып жыр айтыпты. Соның алдында 1957–1958 жылдары Саратов түбегіндегі Мамай қорғанындағы қазақтарда болып, өнер көрсеткен. Қазан, Мәскеу, Тәжікстан, Ауғанстан қазақтарын да аралаған. Айтуынша, қазақтың белгілі саз аспаптарын жаңғыртушы Болат Сарыбаев Тамдыға арнайы іздеп келіп, жетіген аспабы жайында мағлұмат алған. Балқашбай Жүсіпов, Күндебай Алдоңғаров, Қалдаш Сәдіров, Сәбет Жаманғараев, Өтеп Таңсықбаев, Нартай Бегежанов секілді ақындармен дәмдес болған, көп араласқан. Жас кезінде күреске де түскен. Оны жасы алпыстан асқандағы кеспелтек сом тұлғасы да растап тұрғандай. Базарбай, Тыған дейтін шәкірттері болыпты. 1970 жылдары Нөкісте өткен бір тойда жыршы қарақалпақ балуанын жығып, бас байрақты иеленген. Жәкеңнің құмалақ ашып, науқас қарайтын емшілігі де бар. Ем-дом жасағанда нағашысы Әбіш қожадан қалған қамшыны көтереді. Айтуынша, ас пен тойда алым (байрақ) үшін өкпелемейді, көп уақыт топқа түспесе, үйде отырып, домбырасын қолға алып, шерін тарқатып алатын әдеті бар екен.

Жақсылық жыршы 2000 жылдардың басында зағип болып қалған. Жанына әйелі Жәмила Тұрбекова еріп жүреді. Үш перзенті жастай шетінепті. Өзі «Әйеліміз екеуміз қол ұстасып жырлап жүргенде шетінеп кетті» дейді. Олардан кейін және үш ұл көрген. Жыршы біз жыр айтқызған жылдары Ақтау қаласының маңындағы саяжайлардың бірінде тұратынын айтқан еді.

Жақсылықтың жыр қорында «Бегей батыр», «Жанқожа батыр», «Атақозы батыр», «Сүлеймен», «Дариға қыз», «Сәдуақас сахи», «Самұрық құс», «Шамун мен Гәуірдің шайқасы», «Ақтам сахаба», «Қарасай – Қази», «Әзіреті Әлі мен Маһдидің шайқасы» сияқты салалы шығармалар болған. Бегей батырдың уақиғасын Хорезм, Бесқала жақта адайдың естияр кісілерінен естіген. Үлкен ас-тойларда жыр жырланып болғаннан кейін, арасында хикая шертіледі. Бегей жайын баяндайтын сондай оқиғалар кезінде шоңай Шайхы (оқуды Бұхарада тәмамдаған, ел «пері байлаған» дейді екен), шегем Әмин ахун (бұл да оқуды Бұхарада бітірген), есембет Оспан ахун, бегей Рахметулла ахун, қырықмылтық Көшербай, қараш Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Бекеттің ақтығы Дәулет молла баласы Мұқан софы, бегей Жаңғақбай Қоянбайұлы, бегей Аяған Қыдыршаұлы айтқан әңгімелерден жадына алған. Олар бас қосқан жердің бірінде Мұқан софы «Кіші жүзде Бегейден асқан батыр жоқ» депті. Сол күннен бастап Жақсылық жыршы Бегей жайындағы хикаяларға құлақ түре бастайды. Ол Бегей батыр уақиғасын кез келген жерде айта бермейтінін айтады. Соңғы рет Бейнеуде, Бегей батырға берілген Ас үстінде жырлапты.

Жақсылық Елеусінов жайында фольклортанушы ғалымдар Қабиболла Сыдиықов пен Мардан Байділдаев жазды. Жәкең аса әңгімешіл кісі. Негізгі тақырыптан ауытқып, әр саққа кетіп қалатыны болмаса, көргені мен түйгені мол, көзі қарақты жан екені әр лебізінен аңғарылып тұрады. Сөзінің мөрі ескіше. Өзі жайындағы кіріспе әңгімені ол былай өрбітті:

– Жетім қалған адамның желкесі бар екен деп елей бермейтіні бар ғой қазақтың. Менде оң қолтығымнан сүйер бауыр, тума-туыс болмады. Біреудің түйесін бағып, ешкісін семіртіп, ақысына иесінің таяғын жеп жүрген шағымда, садағасы кетейін, Қашаған деген атамыз түсіме кіріп «Ай, бала, мен Қашаған атаңмын, батамды берейін, дүнияда қор болып қалдың ғой» деп батасын беріп кеткен.

Сүгір деген кісі менің ұстазым. Біз жиырма бес жыл қатар жүрдік. Кешегі Наурызбек, Төренияз, Қайролла, Мұратбай, Нартай, Мырзағали, Ақдос, Жиенбай жыраудың ақтығы Рүстембек, Шамшат, Қобылаш жырау, Өзбекстандағы қаратамыр Өтеп Таңсықбаев, домбырашы Сәбет Жаманғараев дегендермен араластым.

Қалдаш деген бала менен көп сөз алған. Оның тарихы, әке-шешесі кесапат болып, көкірек көтеріп «Бізге соқыр бала керек емес» деп, туған да, тоғайға апарып тастаған. Оны сиыр бағып жүрген бір мүсәпір тауып алыпты. «Қалдашты бір киік келіп емізіп тұр екен» дейді. Баланы үйге алып келіп бағып, тәрбиелейді. Ал әлгі киік қартайып өлгенде сүйегін итке бермей жинап алып, баяғы әке-шешесі тастап кететін жерге апарып көмген. Басына ағаш егіп, жан-жағын сексеуілмен қоршаған. Қазір сол жер «Киік ата әулие» деп аталады. Кенимехтен сексен шақырымдай жерде.

Сол Кенимех ауданындағы бір совхоздың директоры Бекқұлақов дегеннің қызы Қалдашқа ғашық екен. Сонда әкесі тұрып қызға айтыпты:

– Ай, шырағым-ай, дені сау адам таппадың ба, мешелге тигенің не қылғаның? Мен көне коммунист едім, – дегенде, қыздың берген жауабы:

– Көке, айтып болдың ба?

– Иә, – депті.

– Ендеше мен айтайын. Бастықтық баста тұра бере ме? Көкірек көтере берсеңіз сізге де тап келер. «Құдай ием сүйген құлын иә жетім, иә жалғыз, болмаса жарлы қылады» деп еді. Осы алтын үстелдің үстінде мәңгі отыра беремін дейсіз бе? Ғаріпті бақпайтын, соқыр деп халықтың көкірегінен итеретін болсаңыз, ондай коммунистік қамқоршылықтың не керегі бар? – деген ғой. Сонда әкесі:

– Әй, балам, сөзден жеңілдім, мына алты бөлмелі үй, қара «Волга», төрт бұзаулы сиыр, жиырма қой сенікі, – деп, бәрін Қалдашқа қалдырған.

Әне, сол Қалдаш баламен біз Тамдының мәдениет саласында қатар жұмыс жасағанбыз. Сонда жүріп талай шарлаған жерлерім Аяққұдық, Жүзқұдық, Маркс, Коммунизм, Үшқұдық, Қақпатас, Бесащы, Көңсай, Бесбұлақ. Жалпақтауда Базар жырау бейітінің басында сан мәрте болдым. Одан беріде Жетісайдың, Алматы облысындағы Күртінің аудандық мәдениет бөлімдерінде жұмыс еттік.

– Жәке, жазу білесіз бе?

– Грамм сауат жоқ менде.

– Ал сонда жырды қалай айтасыз?

– Бізді суырып салма, төкпе ақын дейді.

– Бұрынғы айтқандарыңыз есіңізде тұра ма?

– Ойбай, бүгінгі айтқанымыз ертең жоқ қой.

– Ескі қисса-жырлардан айтасыз ба?

– Қисса дегенді біздің айтуымыз бір бөлек, қазіргілердікі басқа. Мысалы, Наурызбек сияқтылар Ноғайлықты (Ноғайлы жырларын. – Б. Ж.) бір жарым-екі сағаттай жырлайтын. Мен қиссашылықпен көп айналыспайтын адаммын. Көкірегімдегі Құдайдың бергені өзіме жетеді, сонымды төгіп-төгіп кетемін.

– Дегенмен, уақиғалы әңгімелерді айтатын шығарсыз?

– Уақиға болғанда, ол қандай уақиға?

– «Қыз Жібек», «Қобыланды» сияқты ғашықтық, батырлық жырлар ғой.

– Оларды мен айтпаймын. Біздің айтатынымыз өзіміз шығарған, заманның болғандары, сосын баяғы Абыл, молла Омар, қарасақал Ерімбеттің айтып кеткен өсиет сөздері. Біздің айтуымызда олар басқаша келеді. Көбі үкіметтен қорқып, ішіндегі пайғамбар, Құран, Құдай деген сөздерді алып тастаған. Сосын сөз боялып кеткен. Өзің білесің, бұл күнде қаңғу дегенді біреу жақтырса, біреу жаратпайды, жағалап өлең айтатын заман емес. Өзің шақырғаннан кейін талаптанып шықтық, әйтеуір.

– Өткен шайырлардан кімдердің сөзін айтасыз?

– Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Әбубәкір, Аралбай, Сәттіғұл, Базар, Тұрмағамбет, Ерімбеттің сөздерін нобайлап айтамын. Бірақ менің айтқанымнан сенің алып жүрген жырауларыңның сөзі басқаша келеді. Сосын бізге нанбайды.

– Жаңағы ақындардың сөзін келесі күні айтсаңыз қайталайсыз ба?

– Жоқ, бізде қайталап айту деге жоқ.

– Нақты сол ақындардың сөзін дегенім ғой.

– Бәрін жадымнан шығарып, солар болып өзім айтамын. Солардың рухын көтеру үшін. Білдің бе, енді түсіндің бе?

– Желілі қисса, дастандар айтып көрдіңіз бе? Солардың уақиғасын әңгіме етіп айтып берсе, жырға түсіре аласыз ба?

– «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», тағы басқаларын мен кәр қылып, ауызша айтқан емеспін. Қазір сол дастандардың бірқатарына нанса, бірқатарына халық сенбейді.

– Бір айтқан жырыңызды араға шамалы уақыт салып қайталап айтуға қалай қарайсыз?

– Бір айтқанымды мен екінші қайталап айта алмаймын.

– Оныңыз дұрыс қой, алайда алғашқы айтқаныңыздың ізімен айтсаңыз қалай болады?

– Біздің қазақтың жиырма бес таңбалы Кіші жүзінің ішінде Бегейден асқан батыр болмаған дейді. Екі рет жауға шапқан. Кейқауыс дегеннің қаласын бұзып, қазақтың шулап жатқан қатын-баласы мен малын алып келіп, елге таратып берген Бегей батыр деген атаң. Екінші рет Қауыс деген қалмақты шапқан. Одан олжа алып келіп Сыр бойындағы, Теке қаладағы халықтарға бөліп берген, сосын елді Сырдан әрі аударып, жауға үшінші рет аттанған. Ал Жанқожа, Атақозы деп отырғандарымыз Бегейден кейін шыққандар. Солар халыққа үлгі болсын деп кеңінен келтіріп насихат айтамыз. Халықтың құлағында қалатын сөздер ата-ананы қалай сыйлау, өмірді қалай өткізу керек, бұрын қандай шайырлар мен батырлар өткен, қазақтың салтанаты қандай болған, міне, осыларды келтіріп айтамыз әдемілеп.

– Сонда Бегей батыр уақиғасын жырлап айтуға болады ғой?

– Неге болмасын, әбден болады.

– Бұл жырды қанша уақыт айтасыз?

– Түбінен бері қазып айтқанда төрт сағатқа кетеді. Мұның бір нұсқасы ғана сонша жырланады (Осы жерде «Мен бір насыбай атып алайын» деп тыныстады. Дастарқанға бата жасағаннан кейін әңгіме қайта жалғасты).

– Жырды қашан, қалай айта бастадыңыз? Тәуліктің қай мезгілінде жаттайсыз? Топқа түскенде жақсы айтасыз ба, әлде жеке отырғанда өнімді айтыла ма?

– Ондайды айта берсек жырдың пірі қашып кетеді ғой. Дегенмен еске алып көрейін. Бірде күн қатты ыссы болды. Өгей шешем «Жоғалған түйені тауып кел, таппасаң келме» деп жаздың аптабында қуып жіберді. Аяқ құмға күйді, кенезе кепті. Бір сексеуілдің түбін қазып, енді біткен шығармын деп жатқанымда бір дауыс иесі:

– Әй, балам, сен өлмейсің. Қолыңды жай, көтер білегіңді. Менің атым Қашаған, қасымдағы Қыдыр әлейкісалам. Мәңгілік дәулет, бақыт берейін. Сонау келе жатқан мұхитты аласың ба, Аралды аласың ба, дарияны аласың ба? – деп тұр екен.

– Мұхитқа батып кетермін, Аралыңда күндердің күні су болмайды, Амударияңа қырылып қалпақ пен түрікмен төбелесетін жер. Маған сол таудың бұлағы болмай ма? – деппін ғой.

– Ай, шырағым-ай, қысқалау сұрадың ғой. Онда кел, саған үшеуін қосып берейін – деді. Сонда бұл үшеуі не береді? дегенімде «Төкпе дегенді білесің бе, балам?» – деді. Төкпе дегенің далаға шашпа дегеніңіз ғой дедім. «Қолыңды жай, бердім, балам. Таңдайың іркілмес, маңдайың бүгілмес, табаның сүрінбес. Қыдыр әлейкісалам атаң мынау, менің атым Қашаған, мә, домбыра!» деді де өте шықты. Қарасам, қарным былай болып кеткен екен (қолымен ішін томпайтып көрсетті. – Б. Ж.). Түйе де жоқ, тірлік те жоқ, жолда келе жатып қой бағып отырған бір үйге тап болдым. Есігіне келгесін «Қай баласың?» деді.

Ай, қай бала деп нетесің,
Мұратыңа жетесің.
Бақыт бітсе өлшеулі,
Дүниядан сен де өтесің.
Маған берген тамақтың,
Толтырар Алла есесін.

Мен бір жетім баламын,
Ата-анам жоқ дарамын.
Далада қаңғып жатқанмын,
Құм құдыққа батқанмын,
Көтердім жүктің батпанын.
Сіз болдыңыз аралап,
Жалғыз үй қазақ тапқаным.
Аяққа салдың, қайтейін,
Жетімдіктің қақпанын.

Шөлдеп келдім даладан,
Безіп жүрген кісісің бе,
Біздей жетім баладан, –

деппін ғой. Сол уақытта бір бойжеткен қыз ішіп отырған шайын тастай беріп, «Қарағым, үйге кір» деп ішке кіргізді. Көзенің аузын ашып қойып, «Қанғаныңша іш» деп шұбат берді. Шал әкесі бар екен, «Қарағым-ай, көп ішпе, жайлап іш» деді. Сосын не ел екенімді сұрады. Жұрт жиналып қалған екен. Қолыма бір домбыра әкеліп берді. Түрің тек жүрген балаға ұқсамайды екен десті. Домбыра қолға тигесін:

Ассалаумағалайкүм,
Қаумалап келген халқымыз,
Жасы үлкен қартымыз,
Жақсылардың артымыз.

Қожа еді сүйегім,
Таба алмадым бұл күнде,
Жетім қалып дерегін.
Жетім қалған баланың
Болмайды екен керегі.
Көпшіліктің батасы,
Болады дағы тілегі.

Қаңғып жүрген баламыз,
Ата менен ананы
Іздеп қайдан табамыз?
Ортаңа келді жас бала,
Дей көрмеңіз масқара.
Ақ самаурын, шай, құман,
Бала деп бұлар демдеді,
Шаршағанға дем берді.
Шілдеде түртіп оятқан,
Ғайып ерен, Қырық шілтен
Қашаған деген атамыз,
Қызыр Ілияс бабамыз,
Батия алып солардан
Қаңғып жүрген баламыз, –

деп жырлай жөнеліппін. Әне, әлгі уақиғадан кейін менің атағым шығыпты. Сүкеңе (Сүгір. – Б. Ж.) еріп жүрген бір күнде ол «Ай, шырағым-ай, сен мына бір түйе сауып тұрған қызға бірдеңе айтасың ба?» деді. Айтайын дедім.

Түйе сауған бауырым,
Аман ба, апа, ауылың?
Көтерген жүктің ауырын.
Қайта-қайта жалтаңдап,
Қарай бердің балдарға.
Көңілің толмай жүр ме екен,
Сақалы ағарған шалдарға.
Тап боларсың бір күні,
Біз сияқты қыңырайған заңғарға, –

дегенімде, қызекең сауып тұрған сүтін аяғына құйып алып, «Ай, шешек шыққыр, үйге кір, тілің бір тас жарған бәлесің ғой» деді.

Иә, тіл деген тасты жарады,
Қалағанды алады.
Сіз сияқты апалар,
Ақынды көрсе қалаған,
Бет-ауызын жалаған.
Мен бір қартты бурамын,
Жетім қалып далада
Апасын көріп жараған, –

деппін ғой. Содан кейін, Сүкең батасын берді де, «Ал, сегіз арыс адай, әлім мен шөменді көп аралағаным жоқ, үйсін мен ойсынды білгенім жоқ. Олар мұны не қылсын? Сегіз арыс адай, алты таңбалы әлім, жеті таңбалы жетіру, он екі ата байұлы, мына бала сендерге аманат» деп, әлімнен үш адам, шөмекейден үш адам, қожадан үш адам, адайдан жеті адамды шақырып алып батасын берген. Содан бері Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Аралбай, Әбубәкір, Тұрмағамбет, Омар, Базар, Сүгірдің даңқы көтерілсін деп өзіміз шығарып айтады екенбіз.

– Бірақ осылардың бірсыпырасын Сүгірдің аузынан естідіңіз ғой?

– Ия, да.

– Сүгірге неше жыл ердім дейсіз?

– Жиырма бес жыл бірге жүрдік екеуміз.

– Сүгір сізге жырды қалай үйрететін еді?

– Ол кісі жыр үйретпейді, тек айтқызып, тыңдап отырады.

– Сонда Сүгірдің айтқанын қайталап айтып бересіз бе?

– Мен жазбаймын, ол менің төкпе ақындығыма бата берді. Айтты ғой «Әй, адайдың баласы, маңдайыңа Қашаған тіріліп келген екен. Жетектеп баға алсаңдар осы баладан озатын ешкім жоқ» деп. Сонда біреу отырып «Наурызбек қалай айтады?» деді.

– Наурызбек жыршы емес, құрама. Ал мына Жақсылық төкпе – деді. Нарекеңе (Нартай. – Б. Ж.) кездескенімде, «Ай, шырағым-ай, адайдың маңдайына сиямын деп айтып жүрсің-ау. Сен өлгесін «Қайран Жәкем бұлбұл еді, / Сүрінбейтін дүлдүл еді, / Тірлікте қадірін білмедік, / Ахалды көзге ілмедік, / Бірге ойнап-күлмедік. / Бауыры суық қара жер, / Алып кетті қартымды, / Қайырлы қылғай артыңды. / Жәкем дүниеден кеткесін, / Жырдың бәрі сарқылды» дейтін шығар, аман болса. Алашқа атым Нартай еді, мен де жүрмін ғой әлі сүмірейіп» деп еді.

Мырзағали Ақдоспен (Ақжолов. – Б. Ж.) де кездескенбіз. Бір аяғынан ақсақ кісі еді. Біздің Дүрия деген жеңгемізді айырып, әйелдікке алып кетті. Қызғаншақтау адам екен, бір жиында маған қарадай ұрынды: «Мен Мырзағали Ақдоспын, / Қалам алсам кететін, /Талайға сөзім жететін. / Мен бір ағып жатқан теңізбін, / Арық емес, семізбін. / Айтысасың ба менімен? / Мен атақты тұлпармын, / Қияда жатқан сұңқармын» деп бір кетті. Сондағы жауабым:

Жасың үлкен ағасың,
Жыландай тілмен шағасың.
Бұл мінезді қоймасаң,
Құдайдан бір күн табасың.
Ақсүйек адам ар жағым,
Көтермейді еш адам,
Бұл қожаның салмағын.
Белгілі болар, ағеке,
Сенің басқан іздерің.
Өзіңе қайта шаншылар,
Арадай шаққан тілдерің.

Білгір болсаң айтайын
Он төрт қабат жер, аспан,
Ортасында тіреу жоқ
Не құдіретпен тіреді?
Білгір болсаң айтайын,
Пайғамбар мінген пырақтың
Не қилы еді реңі?
Нуын деген әріптің,
Неше жыл еді сүрегі?
Төртіншісін айтайын,
Су түбінде әупілдек,
Бұл не нәрседен дөреді?

Жасың үлкен болғасын,
Жүр екен, аға, көңілің аумалап.
Мен сен сияқты ақын емеспін,
Сататын сөзді саудалап.
Мен бір жатқан мұхитпын,
Сен бір кепкен Аралсың
Құяйын саған қауғалап.

Сонда орнынан ұшып түрегеліп қолымды алып, екі мың сом ақшаны алдыма тастап, «Айналайын, маған батаңды бер» деген. Сөйтіп менің батамды алып, жеңгемді қағып кеткен.

– Сүгір ұстазыңыз табанастында суырып салып айтатын ба еді, әлде жазып, жаттап айтады ма?

– Суырып салып та айтатын, бірақ көбіне жазады. Сосын тексеріп, ұйқасқа келтіріп алып, айтып кететін еді. Сүкең Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Аралбайлардың соңы еді ғой. Айтайын деген уағында іркілмейтін. Халыққа қаратып мен жөнінде былай дегені бар: «Бұл баланы жиырма бес жылдан бері сынап келе жатырмын. Мұнда сауат жоқ. Жақсылық арабша да, советше де жаза алмайды. Қашаған да, бұл да бір. Бұның тек тамағын бер, ренжітпе, қаттыға барма, аузынан шыққан сөзін түсіріп алып жетектесең, осы бала сенің айтысыңнан да, тартысыңнан да қала қоймайтын шығар. Бірақ бір айтқанын қайтадан айта алмайды. Қазір «шай» десе, оның артынан «хай», іле-шала «тай» дейді. Бір сөзі бір сөзінен асып түседі. Сондықтан мұны шеттеп қайыруға болмайды».

– Жыр сізге қай уақытта тез келеді. Топта отырғанда ма, әлде біреу ашуыңызға тигенде ме?

– Жоқ, мен ашуға қарамаймын. Көпшіліктің ықыласын жырдың пірі өзі білдіреді. Жиналған халық сынап, мінеп, кекетіп отыр ма, нан сұраған қайыршы деп отыр ма, оны жыр иесі ғайып сездіреді. Сүкеңдер, Қашағандар көз алдыма бір көрініп өтсе, онда бізге тоқтау жоқ.

Әңгіменің осы жеріне келгенде жыршы сәл тыныстап, өз домбырасы нашарлау болғандықтан біздің домбырамызды қолына алып, бірнеше күй, мақам-саз шалды. Ара-арасында «Бұл қалай, бола ма?» деп қояды. «Баяғы жырлап жүрген уақытта жиі айтқасын қол да жақсы болатын. Көптен бері той-томалаққа да шақырылмаймыз. Жас та ұлғайды» дей келіп, арнау-жыр айтты.

Әуелі Алла, өзіңнен,
Өзіңнің берген деміңнен.
Ер жігіт мұңды болады,
Айрылса туған жерінен.
Қыран құс мықты болғанмен,
Аяғын салса құтылып,
Кете алмайды жол тауып
Бүркіттің салған шеңінен.

Неше күн өмір сүреміз
Баянсыз фәни бұл жалған.
Еміренген пендеміз ғой,
Тірлікке мына алданған.
Сөзіме кінә таға алмас,
Жақсыларым аңғарған.

Абыл, Ақтан, Нұрымдай,
Байбақтыда Сырымдай,
Болмасақ та солардай,
Елу жыл түстім алқаға-ай.
Алма мойын, аршын төс
Жеңгенің көрдік асылын,
Ағаның көрдік сақиын.
Талай жерде шалқыдым,
Көп еді, ерлер, алғаным.
Бұл күнде көзім әлсіреп,
Болып жүр қайғы арманым.
Қайран өмір, мынау жас,
Ғаріп те болып отырмын
Елдің де көрмей ажарын.

Арнаудан кейін мына шығармаларды орындады: 1. «Әуелі сөз бастайын жаралғаннан», 2. Сүгір «Сөйлесе енді кәне, қызыл тілім», 3. Кердері Құдайберген «Әуелі Алла өзіңнен», 4. Мұрат Өскенбаев «Жеңіс» күйі, 5. «Мақтымқұлының сазы», 6. Қарақалпақ Бердақ шайыр «Бердақ, алғын қаламың мен қағазды», 7. Өзбекстанның халық бахшысы Кәмілжан Атаниязов «Бай-бай, қаракөз» әні, 8. Балқы Базар жырау «Ойласаң фәни жалғанды-ай», 9. Кердері Әбубәкір «Әй, жаралғаннан бері қарай», 10. Ескелді Сүгір «Әй, жақсыдан ақыл сұрасаң». Сосын «Ертең шаршап қаламыз ғой» деп жыр мен күйді доғарды. Өзбектің бұлбұлы Кәмілжан Атаниязовпен талай сапарлас болғанын айта келіп, оның Палуан Ахмет дегеннің қырық құлаш күмбезіне қатын-қалашты шығарып, масқаралап өлең айтқанын, содан қол-аяғы, құлақ-көзі бірден байланып құлап түскенін шімірігіп отырып хикаялады.

Біз «Бегей батыр» жырын айтуды өтіндік. Бірақ жыршы «Қой, ертең масқара болармыз. Ол жырды біржола көптің ортасына салайық, сонда қызғылықты болады» деп, орындаудан бас тартты. «Әртүрлі жағдай бар ғой, баяғы жиырма бес пен отызымда, тым құрыса қырық жасымда кездескеніңде айтар едім. Қазір жылдан жылға тойдың өзі де жіңішкеріп, жырау шақыру да азайып, төбеден Құдай ұрып бара жатыр ғой» деп жақауратып келіп, аяқ жағын шұбыртып әкетті:

– Баяғы біздің уақытымызда жырау домбырамен айтатын. Халық тырп етпей отыратын. Ортаға орамалды жайып жіберіп, әркім көңіліне шығарғанын лақтыратын. Қазір керісінше, «Жырау ғой, осыны сынап көрейік, бір-екі теңге сұрап көрейік» деп, қалтаңдағыны тонап алады. Бегейдің жырын ертең бастан-аяқ алсаң болады. Одан да Сүкеңнің бір қысқа сөзін айтып берейін дей келіп, Сүгірдің «Қалниязын» орындады. Жырды аяқтап, Қалнияздың тоқсан жасында жауға шапқанын әңгіме қылып айтты: «Әй, не замандар өткен жоқ, оларға бұл күндегі халық жеткен жоқ. Бүгінде батыр бар ма? Қарны тойса бәрі батыр. Қазір бәрі нанның батыры, қойнындағы жардың батыры» деп, заманның сиқына нала айтты.

Осы жерде бізге жыршының өзіміз айтуды өтінген жырдан қашқақтауы түсініксіздеу көрінді. Жақсылықтың әңгімесін оператор жігіт екеуміз оңаша жазып отырғандықтан, тыңдаушы құлақтың қарасын азырқанды ма, әлде көптен ұзақ жыр айтпаған соң ол күндері іштей әзірленіп жүрді ме, ол жағын дөп басып ажырата алмадық.

Жыршы «Қалнияз» жырын орындағаннан кейін шамалы тыныстап, насихат әңгіме айтты. Сосын жыршылыққа байланысты ойын өрістетті:

– Өнерлі адамды әркім түсіне бермейді. Бұл деген қилы-қилы болып келеді ғой төкпе, жазба, үйренбе, жиренбе дегендей. Жауырыныңа жабыстырып қойған төкпе өнердің олай-бұлай шығып тұрмасаң құлап қалуы да, жылап қалуы да оп-оңай. Ал енді жазба деген не? Біреуден үйреніп алады да, сосын пәленше, түгенше жырау деп қақсайды да отырады. Жыраулықтың да түрі бар, жазып үйренгендерді пірсіз жырау дейді, төкпе ақындарды пірлі жырау дейді. Мысалы, балқы Базар өмірі оқымаған кісі. Өлең далада мал бағып жүріп ұйықтап қалған кезінде жабысқан. Қашағанға да байдың малын жайып жүргенде тап болған. Бізге де солай қонған. Бұған қазір біреу нанса, біреу нанбайды. Өнер дегеннің түбі терең. Өнердің адамын қадірлеу, оны алға бастыру үшін арқа сүйер жетекші, тірек керек. Тірегі болмаса, өнер пайдаға аспайды, – дей келіп, бір кезде Алматыға келген Сәттіғұл ақынның бағаланбағанын өкпе ретінде әңгімеледі. «Халықтың, көптің ішінде қара да, хан да, дана да кездеседі. Сөздің парқын айыра білетіні де, білмейтіні де бар. Сондықтан көптің ішінде отырып әртүрлі сөз айтудан сақтанған жөн, мұндай қылық жырауға жараспайды» деп, сөзін сабақтай келіп, Наурызбек жыраудың көп ішінде жырлап отырып «Қысыр тауықтың (қораздың) ғана етін жеймін, сосын қатынның құйған шайы керек емес, байға бармаған, қойнына ешкім қолын салмаған қыз құймаса шай ішпеймін» деп кергігенін, оған жұрттың ашуланғанын сөзінің мысалына келтірді.

Осы жерде біз жыршыға негізгі шаруамыздың мән-жайын, онымен болашақта атқарылатын істің нобайын түсіндіріп өттік. Мұқият тыңдап алғаннан кейін айтқан сөзінің түйіні мынау болды:

– Шабан атты көпшілік оздырады, көптің аузы ала болса жүйрік атты тоздырады. Көпшілік отырған жер сені қоштап отырады. Бір жерде «Ой, бәрекелді!» дейді, тағы бірі «Тәңір жарылқасын!» айтады. Ал өзің сүмірейіп, қасыңдағың үңірейіп, «Ал Жәке, тағы не білесіз?» деп отырса, ол бір жарлы молда жалғыз молаға барып Құран оқығандай болады. Оның сәні болмайды. Сендердікі сияқты көп айқай мұның нұсқасына сыймайды. Өйткені ол айтылған сөзді бұзып кетеді. Телевизорға, магнитофонға айтқанда қапталында абыр-дабыр шу болса сөздің мөрін бөліп түседі. Жырау жұрттың сондай шуынан қашады. Себебі жазып жатқанға сөз толық, анық түсуі керек. Қалай болғанда да қасыңдағы отырған адам жарамды болсын.

Осылайша жыршы сөз түсінетін қошеметшіл жұрт, табиғи орта болмайынша ұзақ жыр айта алмайтынын ұқтырды. Арна ауылындағы кездесу жыршының қатарынан бірнеше күй тартуымен тәмамдалды. Сол кеште Жақсылық шерткен күйлер: Өскенбай «Өттің дүние», Мұрат Өскенбаев «Ақжарма», «Кең жайлау», «Кербез келіншек», «Жарайсың, келіншек». Жазу жұмысы күрмелер тұста Сүгірдің бір термесін және өзі сол жерде табанасты суырып салып «Себеппен келіп қалдық нәсіп айдап, / Аққудай көкке ұшқан тілі сайрап» деп басталатын жырын айтты.

Жақсылықпен әңгімеміз ертеңіне қалада, «Дөйт» қонақ үйінде жалғасын тапты. Бұл жолы дастарқан басына ескі сөз тыңдауға құмар шағын топ жиналды. Жыршы шамалы отырғаннан кейін Тұрмағамбет, ақкете Шернияз, таз Әбіштің әзіл әңгімелері, кердері Әбубәкір мен Қоңырбайдың әңгімесі, Мақтымқұлының мысалы секілді көңілашар дүниелерді айтып берді де, одан әрі нағашы жұртынан шығарып, жалпы жыраулардың көзінің әз болатыны хақындағы уақиғаларға түсті:

– Нағашы жұртым арқар мен киікті қол бұлғап келтіріп сауған қожа Әбіш деген кісі. Түбі Маңғыстаудағы Еспембет әулиеден тарайды. Жүйріктер соңғылығында көбісі көзден қалып, зағип болған. Қашаған да көзді болған, адай Абыл деген кісі бұл да солай. Әлім Теңізбай да көзден қалған адам. Балқы Базардың да соңында көзі көрмей қалған. Шайырларда Ноғайлық айтамын деп көзден қалғандар көп.

– Оның себебі неде, Жәке? – деп, ерекше ынта қойдық біз осы арада.

– Себебі дейсің бе? Адайдан шыққан Қарасай жайында бір әңгіме айтайын. Ол өзі Ноғайлықтың алпыс екі тарауын түгел айтқан. Қарасай жыр толғаған кезде жаздың шілдесінде жаңбыр шелектеп құйып, бота-тайлағың, киіз үйің, қатын-балаң жауында сел болып айналады екен. Өзі «Ноғайлықты айт деп болмайсыңдар. Ендеше үйлеріңе мықты болыңдар. Сел болып қатын-балаң ағып кетер, жолдан су перісі қағып кетер» дейтін көрінеді. «Қареке-ау, күн деген жанып тұр ғой» деп, жұрт болмай жырды бастатқанда бір бұлт пайда болып дөңгеленіп келіп жаңбыр құяды. Сонда ел «Ойбай, Қареке, тоқтатыңыз, ел кетті» деп айқай салады екен.

Бұл сөздерді біз жыршылардың зағиптығы киелі күштермен байланысы болуынан деген емеурінде ұқтық. Жалпы бұл күні жыршы сөзге сараңсып, көңілсіздеу отырды. Өзі онысын жолсоқты болуымен түсіндірді. Алда тұтас орындалуға тиіс ұзақ жырдың қам-қарекетін ойлап, алаңдап отырғандай болып көрінді бізге.

Осы жерде ерекшелеу бір жағдайды айта кетейік. Мейманханадағы мәжіліс үстінде жыршының әйелі Жәмила:

– Бұл кітап оқи алмайды, мына сөздердің барлығы да өзінікі, – деп қалды. Жәкең болса бұл сөзге онша араласқан да жоқ, құптаған, құптамағанын да білдірмеді. Содан соң біздің «Бұл жырларды әуелде Сүгірден естіген жоқ па едіңіз?» деген сұрағымызға, «Иә» деп қысқа ғана жауап қайырды. Жалпы «Сүгірден, иә басқадан үйрендім» деп еш түйткілсіз айтқан кезі болған жоқ. Соған қарағанда бәрін өзі шығарғандай етіп көрсеткісі бар немесе айналасының солай дегенін тәуір көретін пиғылының ығына жығылатындай. Осы күндері жанында отырып, өнерін естігенде байқағанымыз, өзі кейде «Солар болып бәрін де өзім айтамын» десе, бірде «Солардың сөзін айтсам да балаларым «Папам өзі шығарып отыр» деп өздеріне тартады» деп, сөзін ылғи да екіұшты етіп отырды. Осы жолы зайыбының ілгерідегі сөзін қоштағандай болды:

– Менің Құран сауатым да, өкіметше сауатым да жоқ. Ауылда ертеде бірқатар қаламгер жігіттер маған «Сен, сорлы бала, Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған деп қашанғы жүресің? Шамаң келсе өз өнеріңді шығарып талаптанбайсың ба? Ертеңгі күні өлгеніңде Жақсылық солардың сөзімен нан жеген демей ме?» деп кейіген.

Және бір эпизод, отырыс барысында тыңдаушылар сөзге араласып, жыршының импровизаторлық өнеріне талдау жасай бастаған. Соларды тыңдап болып, өзінің қосқаны: «Баяғыда Нартай ақын айтып еді, «Ай, бұл баланың жетекшісі жоқ, қор болған бала ғой. Мұның артында сырлы сары таяққа таянып ақ сәлделі сары кісі тұрады екен. Мұнымен ойнауға болмайды» деп. Осы және өзге де көргенімізді қорыта келіп, Жақсылық табанасты оқыс ойлап, шалт айта білетін, бұрын естігені мен жаттағанына өзгеріс енгізіп, жетілдіріп отыратын шығармашыл жыршы деп түйдік.

Жыршымен кездесудің үшінші күні Алматы түбіндегі Іргелі ауылында, осы жолдар авторының шаңырағында өтті. Жиыны он бес шақты адам бас қосқан кешкі мәжіліс үстінде алдымен Асан Әлжанов ән салып, Сәбит Дабылов терме айтты. Жас өнерпаздардың лебізін Жақсылық Тамды өңірінің термелерімен жалғастырып, Маңғыстау мақамдарын Сүгірдің сөзімен күрмеді. Одан әрі көпшіліктің тілегіне орай бұрынғы жыршылардың киелі күштермен байланысы жайындағы кешегі әңгімесін сабақтады:

– Бұл қиял деген нәрсені ауыздай берсе, сол адамның өзін де қудалап кетуі мүмкін. Мысалы, пері ел қорғайтын батырға құмар болған. «Қырғыздың Манасын пері көтеріп әкеткен» дейді. Менің Әбіш нағашымды да тайға мініп тұрғанында пері алып кеткен. Он төрт жасар бала айтқанына көнбей, алдырмаған соң «Періпышақ» деген пышақты беріп, ұшырып үйіне әкеліп тастаған.

Ноғайлықты айтудан Қашаған да жасқанған. «Бұларды айту өте қиынға түседі, өйткені арғы жағы Едіге, Нұрадын, Баба Түкті шашты Әзиз, Баба Ғұмар. Ішінде артық сөз кетсе, иә кем қалса, жыр айтқан уақытта таза болмасаң көзіңнен, тіліңнен, не құлақтан қаласың» деп уәсиеттейді екен. Қотырбас Қарасай жыршы да бір көзінен майырылған. Сол «Ноғайлықты айтпай жүруші едім, жұрт қаумалап қоймағасын айтып, жырлап отырғанда дәретім бұзылды, сосын бір көзімнен қари болдым» депті. Теңізбай жырау да Ноғайлық айтамын деп бір көзден қалған. Құнанорыс Мұса деген жырау өлеңді өзі шығарып айтатын семіз сары кісі еді. «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын, Ноғайлықты басқа формада айтып жүрді де, бір көзден айрылды. Пері аса өңді жігітке, сұлу қызға, жүйрік атқа, төкпе ақындарға да өте жақын жүреді. Сақ болмасаң майырып кетеді немесе жеті мүшеңнің бірінен айырып кетеді, иә бәлеге салып кетеді. Болмаса аузыңды қисайтып, көзіңді үңірейтіп, басыңды қалтыратып қағып кетеді. Пері деген бұл сондай. Аралбай ақын да осылай шаталған. Сосын мына қаракесекте Қабанбай деген жырау өткен. Сол бір күні «Өй, Ноғайлық деген не, өз қолыммен-ақ жазып шығармаймын ба?» депті. Ұйықтап кеткенде түсінде біреу:

– Қабанбай! – депті.

– Кімсің?

– Мен жыр үйрететін піріңмін, бері келіп кет, – деп шақырғасын, ағаш үйдің есігінен еңкейіп далаға шыға бергенде, «Ноғайлықты қолыммен жазып айтамын, құдық қылып қазап айтамын дедің. Сол ноғайдың патшасы менмін, ал қолыңнан не келеді?» деген. Деген де «Көтер мынаны, асыр» деп, шапалақпен тартып жіберіп, бір қара ешкіге мінгізіп, асырып жіберген. Қабанбай содан ізім-ғайым хабарсыз кеткен.

– Кеше бір сөзіңізде «Сүгірді де пері көтеріп кеткен» деп едіңіз ғой.

– Ол әңгімеге де аяңдап енді келе жатырмын. Сүгір адайдың Ескелді тақтасынан шыққан, оның ішінде Игілік, Жақсылық деп тарайды. Әкесі Бегендік қажы ғұлама кісі болған. «Пері, жын, албасты, әзәзіл, марту, жексұрын, құзғынды оқумен байлаған адам». Бегендік жүрген жерде пері, албасты, уас-уас, сам-сам, күнәйләм, шайтан, азғын, малғұн деген жүрмеген. Бұл дүниенің жүзінен кетерінде:

– Мен дүниядан өтіп кетермін. Соңғы бір замандарда мұсылман арақ ішіп дінін сатады. Қатын мен қыз бетін бояп, інін сатады. Қазақтың аузы ала болады, ғылымы шала болады, некесіз бала болады, ата-ананың көкірегі жара болады. Жас балалар некесіз қатын алады, айналғанда сол баладан өзі бәлеге қалады, – деп жазып кеткен екен. Ал баласына «Шырағым, жырға көп жақындама, оның зақымы көп» депті. Сүкең сол сөзді тыңдамай, қолына қалақ домбырасын алып, ел аралап кетіпті. Сөйтсе нағаша жұрты Шеген, Қайыршақұл деген кісілер әулетімен төкпе жыр айтады екен. Қыдырып келгенде жиенінің бетіне қарап отырып:

– Мынау сенің жырыңды мен тартып алам дей ме, көзін маған қарай бақшита береді, шүметегін қақшита береді, – деп, қолын қойдың ішегімен байлап, домбырасын бас жағына қойып кетіпті. Сол Сүкеңді мектепке оқуға бергенде:

– Оқуыңды ұрғаным бар ма, молдаға басымды бұрғаным бар ма, менің жолдасым сұлу қыз бен жыр, ішімде жатыр терең сыр. Кесікбасымды қолыма бер, – деп, әкесіне де, молдаға да бағынбапты (Дерек бойынша Сүгір жырау Сазды медресесінде дәли Нұрнияз ахун Төлепбергенұлынан сегіз жыл дін дәрісін оқыған. Кейін «қалыбы толған бала екен, бұған жыр айтпаса болмайды» деп шәкіртіне жыр айтуға рұқсат берген де осы ұстазы. – Б. Ж.). Күннің ыссы аптабында Қаратарлан дейтін атына мініп, Селек дейтін жерді бетке алып қашып келе жатқанында, бір ақбоз үйге кезігеді. Алдынан үкілі тақиялы, зер бешпетті, көксауыр етікті сұлу қыздар шығып, үйден ас ішіп шығуға шақырады. Есіктің алды кілең ерттеулі ақбоз ат. Сүкең үйге кіре бергенде:

– Шырағым, біздің теберігіміз мынау, аузыңды аш, – деп, жазылған қағазды домалақтап аузына тығып жібереді. Сүкең сол жерде есінен танып құлайды. Көзін ашса аты да, қолы да байлаулы. Содан Сүгір жоқ, ел шулап іздейді. Ол күнде оқымысты көп. Көрпе Аразмағамбет (Тұрмағамбет ишан баласы Оразмағамбет. – Б. Ж.) деген перінің оқуын оқитын кісі кітабын ашып жіберіп:

– Ойбай, Құдай сақтаған екен, Бекет ата қаққан екен. Болмағанда арамыздан кетуге айналыпты. Аузына қағаз тығып кетіпті. Бұл енді жыршылықтан басқаға мойын бұрмайды. Ақбоз үй болып көрініпті. Ат дегені ат емес, аттың басы, қазан деп көрсетіп қойғаны есек пен түйенің тезегі, – дейді. Әне, сол жерден тауып алып, үйіне алып келіп, бір мал садақасын беріп, әкесі:

– Шырағым, осы нәрсеге үйір болма, түбі жақсыға соқтырмайды, – дегенде Сүкеңнің айтқаны:

Жырлама дейсің сен маған,
Жырламай қайтіп тұрамын,
Болғасын бұйрық Алладан.
Сен бір жүрген молдасың,
Көзіңді қысып Құранға,
Әркімдерді алдаған.

Мұны естіген әкесі «Әй, пәлекет, бар. Түбің тақ-тұқ болар» депті. Сүкең осыны айтып:

– Әкеме бағынбадым, айналғанда соның айтқаны келді. Тойып жейтін тамақ жоқ, соғысқа кеткен бала жоқ. Ол баладан жалғыз тұяқ қалды. Сүгір мен едім, жыры құрғырға неге сонша құмар болдың, шырағым? Шамаң келсе басқа кәсіп етсең қайтеді. Алпыс жыл Сүгір болдым, сонда не болдым? Адайдан алған дүниеден анау қураған алаша, жыртық тон, мынау қақсап отырған кесікбас. Қырық-отыз жыл «Жәке, Жәке» боларсың, сосын сүмірейіп соларсың. Талабың оң болсын! – деп, батасын берді. «Бірақ, менің байқауымша, моланың астына көмілмей атың жарияланады деп айта алмаймын» деп еді. Айтқаны болды да қойды.

Осындай бір сүре көңілашар әңгіме, ән-термеден кейін бойын біраз қыздырып алған жыршы «Бегей батыр» жырын айтуға қамданды. Және де айтушы үстел басында емес, кілемнің үстінде отырып жырлағанды қалады. Жұрт саябырсығанша деді ме екен, алдымен күй тартты. Одан соң жырға кіріспе ретінде қара сөзбен тарихтап әңгіме шертті:

– Себеппен келіп қалған соң айтып жатырмыз. Бірақ оның бәрінің бағасы екілік екен, – деп бастады. – Бізге қисса айт деп жатыр. Мен сауаты жоқ адаммын, қиссаны толық айта алмаймын. Кеше «Ойпырмай, бұл қалай болды?» деп, бір Құдайға жыладым. Біздің адай жағы, садағасы кетейін, қисса дегенді тыңдай бермейді. Олардікі сол Абыл, Ақтан, Аралбай, Нұрым, Қашаған, Сәттіғұл. Әр елдің батыры бар, ақыны бар, әркімнің өзіне жететін ақылы бар.

Одан әрі қайымдап Жақсылық адай шежіресін тарқатты. Түп атасы Елтайдан қуалап, сүрелеп әкеліп бір шетін Бегейге тіреді. Айтуынша, Елтайдан Адай, Адайдан Келімберді, одан Ақпан, Құнанорыс, Балықшы, Бұзау (Жеменей), Мұңал, Тобыш. Тобыштан Ораз бен Бегей. Осылайша жыр желісін аяқтап, жыршы отырған қауымға қарады:

– Міне, Бегейдің батырлығы осылай басталады. Енді сіздерге арғы жағынан, әлгі қара сөзбен қақсағаннан бастап айтайын ба, әлде Бегейден бері қайтайын ба? Тыңдаушылардың бірі бұған:

– Аға, қалаған жеріңізден айта беріңіз, – десе, екіншісі «Бегейден бері түсе берсеңізші, арғы жағын білдік қой» деп жатты. Үшінші біреулер жыршының өз еркіне салды. «Қара сөзді өлең қылып тыңдаған да жақсы» деушілер де болды. Жыршы «Ендеше әріден бастайын» деп, домбырасының құлағын күйлеп алып, Маңғыстау мақамына салып жырлай жөнелді. Тыңдаушылар жан-жақтан «Ой, пәлі» деп көтермелей қоштады. Біз «Жақсылық – 1» деп шартты түрде атаған «Бегей батыр» жырының бастан- аяқ айтылу уақыты екі сағат болды.

Жыр мәжілісі ертеңіне, 9 қыркүйек күні Алмалыбақ ауылында (КИЗ) тұратын халық мұрасының жанашыры Темірхан Смағұловтың үйіндегі қонақасы үстінде жалғасын тапты. Жоспар бойынша айтушы жырды біраз уақыт аралатып қайталап жырлайтын болғандықтан, бұл жолғы бас қосу таза жыршы тұлғасына қатысты мәлімет жинауға құрылды. Ол әңгімені шәкірт жайынан бастады. Бұған дейінгі отырыста ішінде Жеткізген Сейітов, Амандық Көмеков, Елдос Еміл, Ғанипа мен Аманқос Садықов, Жадыра Құтжанова, Бекарыс Шойбеков, Мақсат Аяпов, Мэлс Қосымбаев бар бір топ жастарды тәрбиелеуге атсалысқанын айтып қалған-ды. Жеткізген Сейітовтың өзі хақындағы «Жәкеңді шайырдың панасы, інінің ағасы, жүйріктің данасы деп есептеймін. Осы кісіден бата алған соң менің наным да жүрді, итім де үрді» деген сөзін еске алды. Десе де, жыршы кейінгі жастарда кітабилық сипат басым екенін, көпшілігі жаттап жырлауға бейім болып бара жатқанын айтып қынжылды. «Біз жыр айтқанда Қашекең мен Сүкең көз алдымыздан бір өтеді. Сонда жыр да нәшіне келеді» деп бір қойды.

Осы жерде біз Сүгірдің жыр үйрету әдістерін әңгімелеп беруді сұрадық. Жыршы былай деді:

– Кеше де айттым ғой, мен Сүгірден тек батия алдым. Жыр жазып алуға менде сауат жоқ. Сүгір, Абыл, Ақтан, Қашағанның сөзі деп айтамын. Олардың уағында мен жоқпын демедім бе кеше. Сүгірдің өзі «Қашағанды екі-ақ рет көрдім» дейтін. Айтуынша, ол да бір айтқанын екінші қайталап айта алмайды екен. «Қашеке, кешегі айтқаныңызды және бір айтшы» деген кісі болса, жарықтық:

– Ой, шырағым-ай, ол Каспиге түсіп кетіп еді. Қай жерде кетіп бара жатқанын Құдай біледі. Оған енді менің көңілім қайтып бармайды ғой, – дейді екен. Білдің бе?

Осы кештегі әңгіме үстінде «Бегей батыр» жырының қолжазба нұсқасы бар екені белгілі болды. Кезінде адайдың Бегей тақтасына жататын Қонақбай Жұқпанов, Жастархан Сейдалиев, Қожахмет Жұмабаев деген жергілікті адамдардың жарыққа шығарамыз деп қолқалауымен 2000 жылы қағазға түсіріліпті. Дәлірегі, Жақсылық жыршы домбырасыз айтып отырған да, әйелі жазып отырған. Өзінің айтуынша, хатқа түскен әлгі мәтінді тапсырыс берушілер кейін жаратпай тастап, содан қозғаусыз қалып қойған. Біз сол арада Жақсылықпен ол нұсқаны пошта арқылы алдыратын болып келістік. Жыршы уәдесінде тұрды, «Бегей батыр» жырының жазба нұсқасы арада жыл өткенде елден қатынаған адамдар арқылы қолымызға тиді.

Осы кезде жыршы мәтінді қағазға түсіру үшін ауызекі айтқан кезде болатын жыр айту үдерісіне қатысты бір құнды жайттың шетін шығарды:

– Мен домбырасыз айтып отырдым да, жеңгелерің кәдімгі мұғалімнен сабақ алған оқушы сияқты жазып отырды. Соның өзінде көңілім бөлініп кетсе басқа дүние болып шығады. Жыр айтып отырғанда қапталымда көп сөз, дабырлаған дауыс болса, адасып қаламын. Ол екінші қайтып шақырғанмен оралмайды.

Жыршы кешегі, Іргелі ауылындағы мәжілісте берген уәдесі бойынша жырдың «Бегей батыр ұрпақтары» жайлы бөлігін айтты. Оның өзі екі саланы құрады. Алғашқысы Қадырқұлдың ерліктері, келесісі Қадырқұлдың немерелері Өмір мен Темірдің батырлық уақиғалары. Бұлар да қалмаққа қарсы соғысқан. Бейнетаспаға жазып алынғанымен, тақырыптан тыс болғандықтан жырдың бұл бөлігі эксперименттік зерттеуімізде пайдаланылған жоқ.

Алмалыбақ ауылындағы мәжілісте жыршы даусының қарлығып қалуын желдеткіштен көрді. Ол жыр айтқанда дауыстың таза, ашық шығуына, жарықшақ болмауына қатты мән беретінін аңғартты. Айтуынша, дауыс қарлықса жыршының өзіне көңілі толмайды, оның ақыры жырды кері тартады, тыңдаған адамға да жағымсыз әсер береді.

Жалпы бұл күні жыршының жыр айтуы алғашқыдай емес, бәсеңдеу шықты. Тыныстаған сәттерінде күй тартты. Көбіне сөзге араласпай, өз ойымен отырды. Тыңдаушы жұрттың аздығы да әсер еткендей көрінді.

– Жыр айтып отырғанда кіріп-шығып жүргендер ойыңызды бөлмей ме? – деген сұраққа:

– Дауысым қарлығып қалды. Құдайға да, адамға да өкпем жоқ. Өзіме өзім өкпелеп отырмын, – деп, қысқа қайырды. Әуелі айтылатын желіні шежірелеп алып, «Ал енді осы қиссаға жата ма, осыны айтсам бола ма?» деп ортаға сауал тастады. Байқауымызша, ол салалы жырларды көп орындай бермейтін сияқты. Бізге ілгеріректе оншақты тарихи жыр, қисса білетінін мәлімдегеніне қарамастан, оларды орындаудан қашқақтайтындай болып көрінді. Соған қарағанда жыршы бұл жырларды көптен бері айтпағандықтан ұмытылып, жадынан шыға бастауы мүмкін деп топшыладық.

Алдын ала келісілгендей, Жақсылық сол 2005 жылғы 25 қыркүйекте осы жолдар авторының үйіне және шақырылды. «Бегей батыр» жырын алғаш жырлағаннан бері он жеті күн өтті, енді Жәкең сол жырды екінші қайтара айтып беруі керек. Бұл жолы тыңдаушылардың санын әдейі бес-алты адамға дейін азайттық.

Жыршының біраз тынығып қалғаны байқалды. Дауысы тың, көңіл күйі көтеріңкі. Мәжіліс басында әдетінше бірнеше терме-толғау орындады. Қашаған ақынның Есқали сұпыға айтқанын, Мұхаммед пайғамбар өмірінен хикая және өзінің «Айдаған өнер несібе» деп басталатын термесін желдіртіп, тыңдаушыларын бір серпілтіп алды да, қонақасыдан кейін Мұрат Өскенбаевтың «Ақжарма», «Өрлеу», «Жеңіс» сияқты күйлерін тартып, «Бегей батыр» жырын орындауға көшті. Сөз соңында қарақалпақ халқының өсиет жырларын айтты. Сөз арасында «Ақпа-төкпе, тереңнен пайда болған ақынның жолы ауыр. Үйренбе жыршыларды «кузнец» дейді, онда аруақ болмайды» деген сөзі есте қалды.

Жыр кешін түйіндей келе, табанасты жадынан құрап тойтарқар айтып, сөзінің соңын «Бірдеңеге кейісем, ойлансам сол зіл болып тиеді. Сөйлеп, шерімді тарқатсам, жеп-жеңіл отырамын. Ол уақытта уһілеу де, шаршау да болмайды, ішім де бірталай ортаяды, аяқтың сырқырағаны да қалады. Өткенде Берікжан шақырғанда жәннатқа барып қайтқандай төбем көкке тиді. «Жәкең келді» деп төңірегіндегі жұртты шақырса халықпен дидарласып, бойымды жазатыныма қуандым» деп күрмеді.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Пікірлер