Қақпақтан ойыншық жасайтын балабақша

7392
Adyrna.kz Telegram

Балалар, бөтелкедегі түрлі суындарды ішеміз ғой, соның қақпағын не істейсіңдер? Иə, қоқысқа тастайсыңдар. Себебі жарамсыз деп ойлайсыңдар.

Ал Айару мен Əлихан олай ойламайды. Олар бос жатқан құтыны қоқысқа тастап, қақпағын алып қояды. Өйткені балабақшада қақпақтан əртүрлі ойыншық жасайды. Жақында Айару мен Əлихан баратын №179 балабақшаға бардық. Соңғы үлгіде салынған ғимараттың іші де, сырты да өте əдемі екен. Бізді балабақша меңгерушісі Айнұр Батырбекқызы қарсы алып, əңгімесін былай бастады:

– Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Кореяға тəжірибе алмасу мақсатында бардым. Сонда байқағаным, корей халқы балаларына сыйлықты сатып алғаннан гөрі, өздері жасағанды қалайды екен. Біз бір зат істен шықса, қоқысқа тастаймыз. Ал олар қалдықтан ойыншық болса да шығаруға тырысады. Балалармен жыл мезгілдеріне қарай жұмыс істейді. Мысалы, қыста балабақшаға қар əкеліп, оның еріп, суға айналғанын көрсетеді. Күзде жүзім жапырақтары мен жаңғақтан түрлі бұйым жасайды. Көктемде пиязды суға салып, тамырдан қалай өрбитінін көреді. Бала құр сөзге қарағанда, көзбен көргенді жақсы көреді. Зерттеу жұмыстарына кішкене кезінен қызыққан бала болашақта мықты маман болады. Елге келгесін қақпақ жинай бастадым. Оған ата-аналар, тəрбиешілер, балаларға дейін көмектесті. Бір ата-ана балабақшаға керек болар деп текемет əкеліпті. Ескілеу екен. Жуып, тазалап, оюдың үстіне қақпақты тіктім. Бұл бір адамның қолынан келетін іс емес. Текеметті ұжым болып жасадық. 16 мың қақпақты екі жыл жинадық. Ал көрпешеде 8 мың қақпақ бар. 

Айнұр апай корей халқының бала тəрбиесіне ерекше назар аударатынын айтады. Балабақшаның əр бұрышында баланың өзі қолдан жасаған дүниесі тұрады. Оның керемет, көз тартатындай болуы міндетті емес. Ал біз ше? Баланың ермексаздан жасаған бұйымдарын көрмеге қоямыз немесе сыйлы қонақ келгенде көрсетеміз. Қалған уақытта қол жетпейтін биікте тұрады…

– Қақпақты арнайы тазалап, сұрыптаймыз. Қақпақ арқылы баланың денсаулығын жақсартып, шығармашылық қабілетін шыңдап, танымын кеңейтсек дейміз. Мəселен, балалар түскі ұйқыдан тұрған соң қақпақты көрпешенің үстінен жүріп өтеді. Бұл баланың сергек жүруіне, төзімді əрі шапшаң болуына əсер ететін табандағы нүктелерді оятады. Сондай-ақмайтабан болмайды, қан айналымды жақсартады, ағзада зат алмасу белсенді жүреді, иммунитетті көтереді. Бұл менің сөзім емес, дəрігердің айтқаны.

Сылдырмақтың бірнеше түрін осы қақпақтан жасадық. Шахмат, дойбы сынды ойын тақталары бар. Шүберектен ойылып жасалған кірпі бар. Түрлі жемістің суреттері бар қақпақты тауып, кірпіге жабыстырады. Қораптағы сүттің қақпағын түбімен қиып алдық. Баланың бір күнін суретке түсіріп, тақтаға жабыстырдық. Қақпақтың түбін суреттің жанына желімдедік. Бала қақпақтың бетіндегі сан арқылы суреттің реттік санын табады. Яғни, таңертең ұйқы-дан тұрып, беті-қолын жуып тұрған бала «2» деген қақпақты тауып, бұрауы қажет. Дəл осы əдіспен пойыздың, жеңіл көлік пен ұшақтың дөңгелегін табады. Жарамсыз құтыны кесіп, қалам салғыш жасадық. Біз ойыншықты сирек аламыз. Балаларға өздері жасаған ойыншық ыстық əрі қызық.

Баланы жұмсауға ерінеміз. Ол неғұрлым қимылдаған сайын ой-өрісі дамиды. Балақайдың саусақтарына көп мəн берген дұрыс. Саусақ ұшы жұмыс істесе, ми қабыршақтары ашылып, қабілеті артады. Ермексаздан түрлі бұйым жасаудың пайдасы көп. Кейбір суретті жұмбақты қақпақтың түбімен жасағанымыздың сыры да осы. Бала қақпақты бұрағанда саусақтары қоса қимылдайды. Қақпақ арқылы баланы дамытуды балабақшалар енді қолға алып жатыр. Үйренгісі келетін тəрбиешілерге есігіміз ашық. Баланың дені сау, ақылды болғаны тек ата-ана үшін емес, мемлекет үшін де маңызды.

Айнұр апаймен əңгімелесіп тұрғанда балалар түскі ұйқыдан тұрып, ас ішуге барады екен. Сөзге тартып, қақпақ туралы сұрадық.

– Балабақшаға қақпақ əкелсек, апайымыз қуанады.

– Маған көрпенің үстімен жүрген ұнайды.

– Бүгін бес қақпақ əкелдім.

– Ал мен жетеу.

– Мен үшеу.

– Ал мен көшеден екі қақпақ таптым.

– Мен жаңа жылда қақпақтан шырша жасап əкелдім, – деп балалар таласа кетті. Əр топта есіктің бұрышына үлкен себет қойылған. Бала топқа кіргенде жинап келген қақпағын себетке тастайды. Ата-аналар қақпақ жинау туралы балабақшаның ұсынысын бірден қолдапты. Көшеде қыдырып жүрсе, қонаққа барса, құтыны тастамай, үйге алып келеді екен.

Балабақшада баланы жан-жақты дамытуға барлық жағдай жасалыпты. Арнайы зертхана жасайтын бөлмеде микроскоп, үлкейткіш əйнекке (лупа) дейін бар. Балалар бір уақыт микроскоппен өсімдік жасушасын көріп, зерттеу жасайды. Психолог балаларды кесте бойынша қабылдап, сырласып, əңгімелеседі екен. Бұзық балаларға арналған бөлме де бар. Айнұр апайдың айтуынша, тəртібі қиын балалар құммен сурет салса, жөнге келетін көрінеді.

Балалардың ойын бөлмесінде дөңгелектің орнына қақпақ қойылған ойыншық машиналар көп екен. Соңғы рет қоқысқа бірнеше ойыншық тастағаным есіме түсіп, ұялып кеттім. Үнемдеуді өзіміз үйретпесек, бала оны қайдан білсін?


 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №9
27 ақпан 2018 жыл

zhasorken.kz

Пікірлер