Балаларға базарлық: Ойлы ұл

5182
Adyrna.kz Telegram

«Азия халықтарының ертегілері» циклынан

(Моңғол ертегісі)

         Есте жоқ ерте заманда шал мен кемпір өмір сүріпті. Жеті жасар ұлы бар екен, жандарында. Баяғыдан бергі жиған-терген бар мүлкі: бір аяқтан ақсайтын ақ боз ат, сіңірі қатқан ап-арық үш қап-қара ешкі мен тозығы жеткен, көнерген кигіз үй. Шалекең шаттық көрмей, битін сығып, қанын жалаған тақыр кедей болса да, ұлы епті де зерек боп өседі.

Бір күні солардың кигіз үйіне атқамінер түседі. Бұл – атын естісе ауыл-аймақ сескенетін арсыз да айбарлы адам еді. Ол ішке енгенде кигіз үстіне жайғасқан жетідегі бала үлкен тостағанмен қымыз ішіп отырады. Атқамінер балаға қарап күліп жібереді.

– Мынауың тостаған емес, науа ғой!

Бала сусын ішуін доғарып, таңданған күйі бейтаныстың бетіне қарайды.

– Аса құрметті мырза, осындай «науадан» су ішетін малың аз ба еді?

Мұндайды күтпеген бишікеш тосылып қалады.

Таңертең әлгі әкімсымақ жолға шығайын десе түн ауа ешкілер атының тартпасын шайнап тастапты. Ашу шақырған ол шалға былай дейді:

– Шығынды өте, онда оңдырмаймын!

Ойлы ұл әкесін жақтап әлек:

– Мәртебелі мейман! Айылды шайнаған ешкілер, сондықтан құнын соларға төлеткін.

Бишікеш үнсіз ғана жылқыға қарғып мініп, шоқырақтап шаба жөнеледі. Аттың аяғы көртышқан ініне кіріп, ер-тоқым ұшып жерге түседі. Әбден ыза буған атқамінер жылқысын қамшының астына алады.

Мұны көрген бала күле бастайды.

– Неменеңе жетісіп тұрсың, ақымақ бала? – дейді атқамінер.

– Күлмей қайтейін? Ел ішінде: «Өтірікке құмар жанның аты түбі көртышқан ініне сүрініп, өзі жерге құлайды» деген тәмсіл бар. Демек, сен – өтірікшісің, алдампазсың, қусың, сұмсың!

Орынды айтылған сөзге қарсы уәж таппаған әкімсымақ жылқысын жетектеген қалпы өз жайымен кетеді.

Сөйтіп, ойлы ұл ұятсыз атқамінерді ұтымды шенейді.

Фото ашық дереккөзден алынды        

Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы Әлібек БАЙБОЛ

 

Ертегі аудармашының рұқсатымен жарияланды.

Авторлық құқық сақталғандықтан көшіріп басуға болмайды!

 

Пікірлер