Сарарқаның кіндігі Жаңаарқа өңірі өнердің туын тіккен киелі орда. Тым әріге бармай-ақ ән-күй өнерінің шарықтаған, самғаған, өркендеген кезеңің еске алсақ, көз алдымызға Сайдалы Сары Тоқа бабамыздың дәуірі келеді. Сайдалы - Тұңғатар рулары «қойылары қоралас, қозылары араласа» қатар жүрген Ақтау, Ортау, Қызылтаулардан бастау алған көш керуені Иманақ, Ескенеге аялдап «Жайылмаға» қоңсы қонып жайлап жатқан шуақты күндер жылымығы әлі де үзілмей өнер әлемінде Тоқадан тараған «Сұңқар Сәкен», «Майда Қасым», одан өрбіген Пазыл Тұтқабековтер болып бізге жетті. Өнерде үзілмей келе жатқан осы бір сабақтастықты бүгінгі күнге жеткізіп отырған Ғалым Мұхамедин «Ескене» ауылында туған, жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген әртісі.
Алматыдағы Республикалық эстрада өнері студиясын қазақ әнінің «Сұржекейі» атанған Жүсіпбек Елебековтың сыныбында дүлдүл әнші Қайрат Байбосыновпен үзенгілес бітірген, халық композиторлары Біржанның, Жаяу Мұсаның, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың т.б. әндерін наихаттаушы. Ғалымның әсіресе, Тайжан Қалмағанбетұлының шығармаларын зерттеп іздеп тауып, жарыққа шығарып (2013 ж.Тайжанның «Алтын кесе» әндер жинағын шығарған), өмірге қайта әкелуінің өзі әншінің тек қана орындаушы емес өнер жоқтаушысы екендігін де байқатады. Әу баста Ғалымға жол нұсқап Бас ұстаз болған туған ағасы Қарақойшы (Сембі) Мұхамединнің дауысының бір ерекшелігі сырбаз әнші Мәдениет Ешекеевті көз алдыңызға әкелсе ал, Ғалым туралы өмірдегі де һәм өнердегі досы Қайрат Байбосынов «Ғалымның әншілігі бойына туған жердің табиғаты мен нәрі сіңген, кешегі Игілік ағамыздың салған ізімен ешкімге еліктеп солықтамайтын өзгеге ұқсамайтын өзіндік өрнегі бар, қуатты баритон дауыс» деп баға берген екен.Жақында Ғалым Мұхамединнің әнтабағы жарыққа шыққалы жатыр. Мына арнайы шығарылып отырған ән табағы тек қана Ғалымның әншілік өнеріне ғана емес осы дискіде қамтылған, арманда кеткен арыстарымыз бен осы жобаны қолдап, қолға алған азаматтар үшін де мәңгілік естелік. Өнеріміз өркендеп өрлей берсін.
Дәурен Ескекбаев.
Алматы менеджмент университетінің
бас ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.