Танымал зергер өмірден өтті

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vKogvhAjMepCYDQaFgNPO7s69CHbW2vjSP7NLmrI.jpg

Философия ғылымдарының докторы, халықаралық деңгейде танымал зергер, кәсіпкер Ілияс Мұхамед-Халелұлы Сүлейманов өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қаралы хабарды Facebook желісінде қоғам белсендісі Қанат Ескендір мәлімдеді.

«Мемлекетке абырой сыйлап, өзі ескерусіз кетті… Қазақ зергерлік кәсіпөнер тарихы үлкен тұлғасын жоғалтты», – деп жазды ол.

Ілияс Сүлейманов 1964 жылы 25 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Мұхамед-Халел Сүлейманов – физик, публицист, анасы Үмітжан Шәйкемелева – физиолог, ұзақ жылдар Ғылым академиясында қызмет атқарған. Ілиястың есімі көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омарұлы Омаровтың құрметіне қойылған.

Болашақ зергер білімін атақты физика-математика мектебінде бастап, кейін Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдады. Студенттік шағында ҚазМУ-де «Резонанс» саяси клубын басқарып, қоғамдық-саяси ортада белсенділігімен көзге түсті. Әскер қатарында Ауғанстанда қызмет етіп, аға лейтенант шенінде елге оралды.

Әскерден кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында аспирантурада оқыды. Тәуелсіздік жылдарының басында зергерлік өнерге бет бұрып, 1991 жылы Қазақстандағы алғашқы жеке зергерлік кәсіпорындардың бірі – «Зергер» фирмасын құрды.

Кейін «Zerger Ilyas» брендімен танылған компания 1990 жылдары отандық зергерлік бұйымдарды Еуропа нарығына экспорттаған алғашқы кәсіпорындардың біріне айналды. 1995 жылы Ілияс Сүлейманов Парижде өткен «BIJOHRCA» халықаралық көрмесіне қатысып, қазылар алқасының қатаң іріктеуінен өткен қазақстандық зергер ретінде тарихта қалды.

Ілияс Сүлейманов тек кәсіпкер ғана емес, қоғамға жанашыр меценат ретінде де танылды. Оның басшылығымен «Зергер» компаниясы Ауған соғысы ардагерлеріне пәтерлер мен автокөліктер сыйлап, емделуге және қажылық сапарға баруына қолдау көрсетті. Сондай-ақ интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш құрылысына, әдеби жинақтардың жарық көруіне демеушілік жасады.

Пікірлер