Шымкенттік еріктілер тазалық жұмыстарын жүргізді

2742
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте бүгін 200-ге жуық ерікті «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс жасақтары» бағдарламасы бойынша тазалық жұмыстарына атсалысты. Аталмыш жоба Абай ауданы әкімінің аппараты мен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастасымен қолға алынды.

Шара 8 шағынауданында орналасқан отбасылық аллея аумағында өткізілді. Басты мақсат – жастардың экологиялық білімін арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.

Шымкентте 200-ге жуық ерікті тазалық жұмыстарын жүргізді. Мақсат – айналаны қоқыстан тазартып, жастарды салауатты өмір салты мен еңбекке баулу. Абай ауданының әкімі де осы іс-шараның басы-қасында жүрді. Оның сөзінше, тұрғындар өз ауласының тазалығына өзі жауапты болуы керек. Әкімшілікке бар міндетті жүктеп қоймай, қаланың көркеюіне жұртшылық та атсалысу қажет деп санайды.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Біз барынша мекемелермен тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ біздің тұрғындарымыз да бұған атсалысуы керек. Тек қана әкімшілік азаматтары келеді, солардың міндеті, солар тазалау керек десек, көп қателесеміз. Көріп жатқан жастарымыз да соған үйренеді. Біз барынша өзіміздің ауламызды өзіміз тазалайтын болсақ, отырған жерімізді өзіміз ретке келтірсек, ол үлкен дүние».

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай сенбілік қалада аптасына 3 рет өткізіліп тұрады. Көптеген ерікті аталмыш шараға алғаш рет қатысып тұр екен. Олар қаланы тазартуға үлес қосып қана қоймай, өздеріне жаңа дос тауып жатқанын айтады.

Аружан Сағынай, ерікті: «Біз осы қала ішінде қоқыстарды жинаумен айналысып жатырмыз. Ол өзіміздің денсаулығымызға да пайдалы. Осы қаламыздың әдемілігіне қатысы бар. Өзіме осы жерден жақсы достар таптым. Барлықтары өзімізбен жасты. Барлығымыз атсалысып, жинап жатырмыз».

Тазалық жұмыстары 2 айға жалғасатын болады. Оған 16-29 жас аралығындағы белсенді жастар мен еріктілер жұмылдырылмақ. Сонымен қатар, белсене қатысқан жастарға жыл қорытындысы бойынша арнайы сыйлықтар табыстау жоспарлануда.

 

Пікірлер