Цифрландыру геосаяси ойынның құралына айналды ма?

4366
Adyrna.kz Telegram

Отандық QazVac вакцинасы-біздің соңғы жылдардағы басты жетістіктеріміздің  бірі болғаны  анық.  Онымен бірге цифрландыру бағыты жа жаңа белесті бағындырды. Сандық жүйе барлық салаға енді. Көптеген қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ  смартфон арқылы ала беретін дәрежеге жеттік.  Атап айтқанда, кез-келген салыққа қатысты операцияларды  жасауға болады. Оған қоса  медициналық және қаржылық, білім беру қызмет түрлерін де алуға мүмкіндік бар. Қазақстандықтар қажетті анықтама мен сертификат түрлерін  электрондық порталмен алуды меңгерді. 

Қазір "eGov" көрсететін қызметтің көмегімен көптеген деректерді, мысалы, мекенжай анықтамасын немесе Телеграм-бот арқылы наркологиялық тәуелділіктің жоқ екендігі  туралы анықтаманы  бір минут ішінде алуға болады. Мемлекеттік цифрлық қызметтердің даму деңгейі бойынша (e-Government Development Index) БҰҰ рейтингінде Қазақстанның 29 –орынға табан тіреген. Біз өткен жылы Ресейді жеті , Беларусьті он бір, ал Украинаны  қырық пунктке басып оздық.

Цифрландыру халықтың бәріне бірдей ғаламтор қолжетімді болғанда ғана нәтижесін береді. Қазақстан  әлемде ең арзан әрі  қолжетімді  мобильді  интернет көрсеткіші  бойынша алтыншы орында. Яғни жетекші ондыққа кіреді. Өткен жылы пандемияға қарамастан, «Қазақтелеком» 828 ауылдық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ететін 14,5 мың шақырымнан астам талшықты -оптикалық желіні тартып,  ТОБЖ жобасын сәтті аяқтады. Тұтастай алғанда, індет күтпеген жерден цифрландыруды жеделдетуге, оның қарқынды жүруіне айтарлықтай үлкен үлес қосты, деп айтуға болады.  Халық амалсыздан онлайн форматтың мүмкіндіктерін игеріп, цифрлық сауаттылығын арттырды.

Кейбір бақылаушылардың өзі Қазақстанда көрсетілетін мемлекеттік цифрлық қызметтердің жылдамдығы мен ыңғайлылығына таңқалған. Олардың қатарында  АҚШ азаматтары да бар. Сондай-ақ, Түркістанға келген  Ресей туристері ақшаның орнына «Каспийің» бар ма, соған аудара беріңіз», дегенде қолма-қол ақша айырбасының жоқтығына таңданыс білдірген.

Каспий туралы айтар болсақ: қаржы компаниясы  бүгінде банк қызметтерінен басқа, бөлшек қаржы қызметтерін, электрондық төлемдерді және электрондық сауда алаңдарын ұйымдастыруды үйлестіретін алатын алпауыт қаржы ұйымына айнала бастады. Тіпті компания Украина нарығында өз экспансиясын бастады

Міне цифрландыру саласында осындай оң өзгерістер орнай бастаған кезде  Қазақстан үкіметі мен Жинақбанкі компаниялар тобы ( РесейЖинақБанкі) арасында біздің eGov электронды үкіметін Жинақбанкінің тұжырымдамасына көшіру туралы меморандумға қол қойылғандығы туралы жаңалық көпшілікті абдыратып тастады.  Бұл шешімді  жұртшылық қуана қабылдады, деп айта алмаймыз. Халық оны көпке дейін түсіне алмай дал болды.

Мұндай сандық ауысуды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдамайды. Әсіресе ата-аналар  Kundelik.kz жүйесі Ресейдің Dnevnik.ru  жобасының негізінде жасалғанын жақсы біледі. Сондықтан, бұл жайында жағымсыз пікірлер өте көп. Осыған орай дәл осындай жобалардың қайталанбауын қалайды.

Егер біз осындай жағымсыз мысалдардан алшақтап, Ресейдің технологиялық жүйелері дамып жатыр десек те,  Ресей Федерациясының ең бастысы геосаяси жағы алаңдатады. Себебі олар үшін  әлемдегі технологиясы дамыған елдердегі компаниялардың есіктері жабық екені ащы болса да шындық. Қазақстанның барлық банктерінде  Ресей тарапынан қаржылық операциялардан шектеулер болатындығы туралы хабарламалар ілініп тұр. Себебі бұл ел Венесуэла мен Солтүстік Корея сияқты  халықаралық санкцияға ұшыраған.

Бұл санкциялар Ресеймен инновациялық технологияларды алмасуға тыйым салады.  Яғни, оның  даму барысы  АҚШ сияқты көшбасшылардың технологиялық өнімдерімен сәйкес келмейтінін білдіреді. Бұл кемшіліктің орнын толтыру қиын. Осы орайда әлемдегі ең ірі Қытайдың Huawei телекоммуникациялық компаниясының басынан кешкенін еске түсіру жеткілікті. Ол  2020 жылы Samsung –ты басып озғанымен АҚШ экспортында қара тізімге енді. Android экожүйесі  бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік бермеді, сонымен қатар Kirin чиптерінің болмауына байланысты бүкіл өндірістік желілерді тоқтатуға мәжбүрледі. Нәтижесінде компания бір жылдың ішінде технологиялық олимптан бір сәтте  тұңғиыққа бірақ құлады. Алпауыт Қытайдың өзі қанша күш жұмылдырғанымен оған көмектесе алмады. Бұдан кейін АҚШ санкцияларының қаншалықты зиян келтіргені туралы айтпаса да түсінікті.

Қазір  біздің барлық мемлекеттік қызметтердің цифрлық трансформациясын халықаралық санкцияларға ұшыраған елдің жеке банкіне сеніп тапсыру  қаншалықты қауіпсіз? Бұл сұрақтың туындағаны заңды құбылыс. Сондай-ақ, Ресей мен АҚШ арасы шиеленіскен жағдайда бізге қалай әсер етеді? Осының бәрін Ресей Федерациясындағы саяси  үрдісті ескере отырып талдаған жөн.

Біздің азаматтық қоғамымыз біртіндеп енді дамып келе жатыр. Ол  шын мәнінде,  қоғамдық мүддені қорғайтын үкіметтен тек қолдау күтеді. Осы орайда  қазақстандықтар  Бағдат Мусиннің жұмсартып айтқан мәлімдемесін  түсіне алмай қалды.  Ол болса барлық сұрақтар Жинақбанкінің  бірыңғай цифрлық платформасына көшу жөніндегі мәміленің бірегейлігі мен пайдалылығын түсінбеуден туындады, деумен шектелді. Сондай-ақ, хейт толқынын қазақстандық IT-компаниялар көтерді деген тұжырымдар да кездесіп жатыр. Өйткені қазақстандық шенеуніктер шетелдіктердің емес, отандық компаниялардың мүдделерін қорғап, жұмысын ілгерілетуі тиіс.

Сонымен қатар, ақпараттық технологиялар саласындағы бірқатар сарапшылар Жинақбанктің PlatformV орнына ARTA SYNERGY және OR3 сияқты отандық әзірлемелерді пайдалануға болатынын бірнеше рет атап өтті. Бұл мәміледегі бағаны түсіруге септігін тигізер еді. Яғни,  ел бюджетінен төленетін шартты бағадағы 500 миллион долларды  (мүмкін одан да көп) тағы да азайтып, жағдайды жақсартпақ.

Неге біртұтас цифрлық тұжырымдамаға көшу сияқты дәуірлік реформаны Қазақстан жұртшылығынан құпия түрде өткізу туралы шешім қабылданды? Жауап алынбаған тағы бір басты сұрақ осы. Оның кімнің көмегімен жүзеге асырылатыны  маңызды емес. Байқаушылар атап өткендей, 2021 жылдың көктемінде жергілікті сарапшылар ашық заңды тұлғалар порталында Жинақбанкпен  мәміле жасау туралы үкімет қаулысының жобасын байқаған. Бірақ ол бірден өшірілген.  Сол кезде министр Б.Мусин бұл техникалық қызметкерлердің қателігі екенін хабарлаған болатын. Алайда көріп отырғанымыздай, сол "қателік" қыркүйекте  Жинақ корпорациясы мен Қазақстан Үкіметі арасындағы «Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне ауыстыру, Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы»  меморандумды қабылдауға алып келді.

Бұл туралы жоғарыдағылар көпшілікке ақпарат бергісі келмеді. Жұртшылық аталған мәселемен өздері бетпе-бет келді.  Бұл ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірнеше рет айтқан "халық үніне құлақ асатын мемлекет" бағытына қайшы келеді. Өйткені мұндай мемлекет «мылқау» болмайды, ол әрдайым өз шешімдері мен әрекеттерін азаматтарға түсіндіріп отыруы  тиіс. Біз қайтадан мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс мәселесіне тап болып жатырмыз. Себебі, бұған дейін де үкімет пен халық арасында түсінбеушіліктер болған. Мәселен,  бірнеше рет жергілікті тұрғындар Қытай кәсіпорындарын көшіруді талап еткен. Сондықтан, үкіметтің белгілі бір нәтижеге  қол жеткізу үшін жаңа технологиялық платформаға өтудің пайдасы мен кемшілігін сауатты түсіндіріп беретін ақпараттық науқан ұйымдастырғаны дұрыс  болар еді. Осыдан нақты шешімді қабылдауда ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізер еді, деген ой туындайды. Мұндай әрекеттер алгоритмі өз азаматтарының сеніміне ие болған мемлекетке де, өз мүдделері назардан тыс қалмайтынына тағы бір рет көз жеткізген қоғамға да пайдалы емес пе?

Тағы да айта кетерлігі «цифрлық тәуелсіздік» геосаяси ойындардағы мәмілеге айналды деген ойдан аулақпыз. Егер біз 23 қыркүйекте Бішкекте өткен ЕАЭО орталық банктерінің валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңесі отырысының қорытындыларын ескеретін болсақ, онда Қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттық органның жобасы талқыланды. Бірақ бұл Ресей тарапының пікірі екенін ұмытпайық. Ал, оны құру туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартында көрсетіліп қойған.

Сондықтан, бізге «цифрландырудың» болашағын қазірден бастап уайымдауға тура келеді.

Фархад ҚАСЕНОВ,

A + Analytics

 

Пікірлер