Қойшы келіншек: Адал еңбек еткен адам ғана мақсатына жетеді

2921
Adyrna.kz Telegram

Құрылыс — облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл. Мұнда 200-ге жуық түтін бар. Елді мекен халқының дені мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғындардың көп бөлігі малын кезекпен бағады. Әр күн сайын таңертең малын өріске айдап, кешке күтіп алады. Төлесін Жанпейісова үш жылдан бері жалданып мал бағады. Мал бағуға мүмкіндігі немесе адамы жоқ тұрғындар қойшы келіншекке еңбегін төлеп, қой-ешкілерін бақтырады. Жаздың ыстығында, күздің суығында маңдай терімен адал нан тауып, балаларын өсіріп отырған қойшы келіншекпен тілдескен едік. Әлқисса...  

— Төлесін, сіз облыс орталығынан шалғай жатқан ауылда тұрады екенсіз. Бүгінгі ауылыңыздың жағдайын, тұрмыс-тіршілігін айтып берсеңіз.

— Мен облыс орталығынан 400, ал аудан орталығынан 45 шақырым қашықтықтан орналасқан Құрылыс ауылында тұрамын. Ауылымызда тұрғындар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Мұнда орта мектеп, клуб, кітапхана, медициналық амбулатория және балабақша бар. Жуырда ауылымызға газ келіп, енді бейнетіміз азаятын болды деп қуанып жатырмыз. Әзірге газ ауылдың шетіне келіп тұр, үйлерге енді тартылмақ. Қазір ауылдағы тұрғындардың барлығы үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, газ құбырларын кіргізуге әзірленіп жатыр. Бұл  — біздің көптен күткен қуанышымыз. Бұған дейін әр жаз-күз айларында қысқа отын дайындап, тезек-қи жинайтынбыз. Үйде пеш жағып, күн жылынғанша күл тасыдық. Міне, енді осы бейнеттен арылатын болдық. Ауылымызда ауызсу, жарық, ұялы байланыс, интернет — бәрі бар. Ауызсу ауылымызға осыдан он шақты жыл бұрын тартылды. Жалпы ауылдың жағдайы жақсы, халықтың тұрмысы да жаман емес.  Былтырдан бастап ауылымызда жаңадан үй салып жатқандардың саны артты. Әрине, осындай жақсы бастамалар көңіл қуантады. Ең бастысы, ауылымызда өмір сүру үшін барлық жағдай бар. Тек ерінбей еңбек етсең болғаны.

— Сіз бірнеше жылдан бері жалданып қой-ешкі бағады екенсіз. Бұл кәсіптің қандай қиындығы бар? Айына қанша табыс табасыз?  

— Өкінішке қарай, қазір ауылда мал бағып, таяқ ұстаудан тартынатындар көбейді. Малдың бейнетінен қашатын жастар бар. Асылында, ауылда мал бағып, еңбек еткен адам ғана жақсы өмір сүреді. Қазақта «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген нақыл сөз бар. Сол сияқты мен де  қой-ешкі бағуды үш жылдан бері кәсіпке айналдырдым.

Жалпы мен бала кезімнен малдың ішінде өскен жанмын. Олай дейтінім, менің ата-анам —  өмір бойы мал баққан жандар. Әкем 43 жасында өмірден өтті. Соған дейін әкем мал бағып, еңбек етті. Анам қазір зейнет демалысында, дегенмен әлі де үй шаруасына араласады. Ал үлкен апам Гүлмира көп жыл ауыл жұртының малын бақты. Кезекке шығып, сиыр, қой-ешкі бағып, отбасын асырады. Қандай қиындық болса да мойымай, балаларын өсіріп, қазір көрген бейнетінің зейнетін көріп отыр. Балалары үйленіп, немере сүйіп, бүгінгі күні отбасы, ошақ қасында.

Қой-ешкі кезегі, негізінен, әр түтінге айына үш рет келеді. Бүгінгі күні ауылымызда кезек бағу үш ауданға бөлінеді. Мен сол үш ауданның біреуінің малын бағамын. Шамамен 300-ге жуық ұсақ мал бар. Көбіне үйде мал бағатын баласы немесе мүмкіндігі жоқ адамдар жалдап кезек бақтырады. Шілде айынан бастап бір күнгі «жұмысымның» ақысын 4 мың теңгеге көтердім. Себебі осындай аптап ыстықта мал бағу өте қиын.

Биылғы қуаңшылықтың салдарынан ауыл маңында жайылым да жоқ, шөп сұйық, жер құнарсыз. Сондықтан малды жаю үшін ауылдан алысқа ұзауға тура келеді. Малды жаяу жүріп бағамын. Биыл ауылға жауын-шашын түспеген соң малдың жағдайы да нашар, ұсақ мал әлсіз. Жалпы биылғы жылы қуаңшылықтың кесірінен шаруа жақсы болмай тұр. Мал ішетін су жоқ, шөп те қымбаттап кетті. Бүгінгі күні ауылдағы шаруалар шөптің бір бумасын 7 мың теңгеге сатып жатыр.

Орташа алып қарасақ, ай сайын кемінде 10-15 кезек бағамын. Әр кезекке 4 мың теңгеден аламын. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Сөйтіп отбасымды асырап, балаларымды оқытып отырмын.

— Неше балаңыз бар? Олар сізге мал бағуға, үй шаруасына көмектесе ме?

— Үш ұлым бар. Үлкені 9-сыныпта оқиды. Ортаншы ұлым — 8-сыныпта. Ал кішкентай ұлым биыл 6-сыныпқа барады. Үшеуі де маған қолғабыс етеді. Жазғы демалыс кезінде үлкен екі ұлым қой бағады. Олар таңертең ерте тұрып, қой-ешкіні өріске айдап кетеді. Түс мезгілі жақындағанда өзім шығып, оларды үйге кері қайтарамын. Осылайша күн ұясына батуға аз қалғанша өзім малды жайып келемін. Жалпы балаларым тілалғыш, еңбекқор, сенімді. Шаршаған кезімде малды кейде өздері де бағып келеді. Алайда жауапкершілікті өз мойныма алған соң, өріске балаларды бір ауысымға ғана жіберемін.

Міне, жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Енді қыркүйектен бастап үш балам да оқуға кіріседі. Сондықтан қой кезекті енді жалғыз өзім бағамын. Күн суып, халық малды қораға ұстағанша, осы кәсібімді тоқтатпаймын. Ал қыс айларында ауылдағы әкімдікте от жағамын. Әрине, мал бағу, от жағу сияқты күнделікті бітпейтін тірліктен шаршайсың. Дегенмен балаларымның болашағы үшін аянбай еңбек етуім керек. Адал еңбек етіп, оларды жеткізуге тиіспін.

— Өрісте қой-ешкі туып немесе ауырып қалған кезде не істейсіз? Тұрғындар тарапынан осы күнге дейін жұмысыңызға көңілі толмай, шағым айтқандар болды ма?

— Өрісте ұсақ мал туса, төлін малдың иесіне әкеліп береміз. Ешкілер жылына бірнеше рет төлдейді ғой. Кей кездері төлдеген ешкілерді лағымен бірге алып жүріп, «үйіне» жеткізгенше күтім жасаған кездеріміз болды. Жаз айларында малдың төлдеп, қатарға қосылуы аса қиын емес. Күз айларында, әсіресе, күн суытқан кезеңде бұл тұрғыда біраз қиындықтар болатыны рас. Қатты жауын-шашыннан малдың ықтап кетуі, тұяғы жүруге жарамсыз немесе құйрығы құрттаған қойлардың жүрмей қалуы, тағы басқа жағдайлар болуы мүмкін. Дегенмен оның бәрін жеңіп шығуға болады. Бастысы, өз кәсібіңді адал, жауапкершілікпен атқара білу керек.

Менің үш жылдық тәжірибемде ауыл адамдары ешқандай шағым айтпады. Әрине, кейде балаларға ескерту жасап жататындар болады. Ондай жағдайда мен балаларыма өзгенің малын бағу үлкен жұмыс, жауапкершілік және еңбек екенін түсіндіремін. Жалпы мал бағу — үздіксіз жұмыс. Оның бейнеті де, зейнеті де бар. Менің білетінім, күндіз-түні еңбек етіп, адал нан тапсаң, мақсатыңа қол жеткізесің. Ал мақсатына қол жеткізген адам қашан да бақытты.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

 

            Әңгімелескен Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер