Электрокар қарсы жолға шыққан. Той кортежі апатынан 4 адам қаза тапты

58
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XIMmMiys3hhID70WFUNYR8tUKji0Deyu22hZrF0x.jpg

Тәжікстанның Хатлон облысындағы Даңғара – Сарбанд автожолында үйлену тойының кортежі қатысқан ауыр жол-көлік оқиғасы орын алды. Қайғылы апат 27 желтоқсан күні тіркелген, деп хабарлайды “Адырна”.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кортеж Восе ауданынан Жалолиддин Балхи ауданына қалыңдықты алып кету үшін жолға шыққан. Жол үстінде колоннадағы электромобиль қарсы бағытта келе жатқан Lexus көлігімен соқтығысқан.

Сарбанд орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Давронбек Мусоевтің «Азия-Плюс» басылымына берген ақпаратына сүйенсек, жол апаты салдарынан күйеу жігіттің төрт жақын туысы оқиға орнында қаза тапқан.

Қаза болғандардың қатарында 17 жастағы Субхони Сафари, 42 жастағы Нур Шамсиддинов, 15 жастағы Хафиза Шамсиддинова және электромобиль жүргізушісі бар. Марқұмдардың барлығы Восе ауданының тұрғындары екені хабарланды.

Сонымен қатар Lexus көлігіндегі төрт жолаушы түрлі дәрежедегі ауыр жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Қазіргі таңда аталған жол-көлік оқиғасының нақты себептері анықталуда. Құзырлы органдар тергеу жұмыстарын бастап, жол апатына қатысты барлық мән-жайды тексеріп жатыр.

Пікірлер