Ресей ғарышқа Иранның үш спутнигін ұшырды

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/juYVC38tCmJ3zlAmjYUsMP4m7K4Tx9SoICNICY7f.webp

Ресей Иранға тиесілі үш жерсерікті ғарышқа ұшырды. Бұл туралы 28 желтоқсанда Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Союз» зымыран тасығышы Иранның «Косар», «Пая» және «Зафар-2» спутниктерін Қиыр Шығыстағы «Восточный» ғарыш айлағынан ұшырып, оларды Жердің төменгі орбитасына — шамамен 500 шақырым биіктікке шығарды.

Иран билігінің мәліметінше, аталған спутниктер қоршаған ортаны бақылау, ауыл шаруашылығына қажетті деректер жинау және табиғи апаттарды қадағалау мақсатында пайдаланылмақ. Тегеран бұған дейін де бірнеше жерсерікті ғарышқа ұшырған. Ел басшылығы ғарыш бағдарламасының бейбіт мақсатта жүзеге асырылып жатқанын және әскери мақсатта қолданылмайтынын бірнеше рет мәлімдеген.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи спутниктердің ұшырылуын «таза ғылыми миссия» деп атап, бұл елдің технологиялық дамуының бір бөлігі екенін айтты.

Алайда Иранның ғарыш бағдарламасы халықаралық қауымдастықта алаңдаушылық тудырып отыр. Израиль мен Батыс елдері, соның ішінде АҚШ, Тегеранның ғарыштық технологияларды әскери мақсатта қолдануы мүмкін деп қауіптенеді. Сыншылар ғылыми бағдарламаларға Ислам революциясы сақшылар корпусының қатысуын да атап өтеді.

Иран тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып, ғарыш саласындағы жобалар тек азаматтық және ғылыми бағытта жүзеге асырылатынын алға тартып келеді.

Пікірлер