Саясатты сағызша созатын таксист емеспін - Қуаныш ӘЛЕН

3291
Adyrna.kz Telegram

Біз білетін көлік жүргізушілерінің барлығы жалпақ тілмен айтқанда "таксисттер"- жүздері қартаң келген, елуді еңсерген жандар. Расымен қай кезде болмасын "таксиге" мінген бойда көретін "таксисттеріміз" арасында біраз өмір көргендер көп. Оны түр тұрпатынан, жүзінен, тіпті көлік айдауынан, сөзінен ажырату әсте қиын емес. Иә, бүгінгі тақырыбымыз "таксисттерге" арналмақ.

Бірақ кейіпкеріміз елуді еңсерген жанның бірі емес. Тақырыбымыз жас та болса жасап жүрген жұмысына үш жылдан асқан Әлен Қуаныш туралы болмақ. Ол 18 жасында құжатын алған бойда осы жұмысқа қызығушылықпен айналысып бастаған.

Кішкентайынан механика тіліне жақын болып өскен Қуаныш өз мамандығын да көлік саласымен байланыстырған. Қуаныш биыл 21 жаста. 18 жасқа толысымен көлік жүргізу куәлігін алған ол- ауыл мен қала арасына қатынап, кейін әдетке айналдырып кеткен. Қазіргі таңда ауылдың белді таксисттерінің бірі. Жастайынан машинаның майталманы болып алған жанмен "Адырна" ұлттық порталының тілшісі сұхбаттасып көрді:

- Қуаныш мырза, көп таксист көкелеріміз зейнет жасынан кейін үйде бос отырмайын деп осы жұмысты қолға алушы еді. Сіз 18 жасқа толысымен бастап кетіпсіз. Оған не себеп?

- Кішкентайымнан ойыншық көліктермен көп ойнаушы едім. Сосын арбаларды машина қылып сүйредім. Есейе келе велосипед теуіп жүрдім. Үлкендер үшін бұл жай ғана екі дөңгелекті жәй зат көрінгенімен мен үшін "асыл дүние" еді. Дөңгелегі жарылып қалса, өзім үріп, жөндеп алушы едім. Кейін 14 жасымнан бастап, әкемнің көлігін айдап үйрендім. Маған әкем үйретіп әуре болмады. Өзім оның қимылдарын қайталай отырып 1 апта ішінде лезде үйреніп алдым. Ауылда тұрғанның пайдалы тұсы сол ғой. Кермиық далада бөгет болар ештеңе жоқ. Көлікті тізгіндеп алып, ойды қырды аралап қызықтаушы едім. Осылайша көлікті де жөндеп үйреніп алдым. Жастайымнан жаныма жақын, жатсынбаған ісім болғандықтан сүйікті ісімді- шынайы жұмысыма неге айналдырмасқа деген ой туындады. Оның үстіне бітірген мамандығым да "механизатор" болғасын тіпті алыстағым келмеді. Осылайша 18 жасымда-ақ "таксист" болып шыға келдім. Оған да биыл 3 жыл толады екен.

- Сізге ауыл мен қала арасына қатынау қаншалықты тиімді? Айына қанша теңге табасыз?

- Бұл жұмыстың маған берер "рақаты" көп-ақ. Егер, ауыл мен қала арасына қатынау тиімді болмаса, бұл жұмысты әуелде тоқтатқан болар едім. Жалпы бір адамға 1500тг-ден аламын. Сонда айына кемі 180 000- теңгеден төмен түспейді. Кейде бір күнде екі рет адамдарды таситын кездер де болып тұрады. Әсіресе, жаз айлары тынымсыз қалаға ағылатын адамдырдың саны көп.
Бұрын студент кезімде қала ішінде "таксист" болушы едім. Қазір үйлендім. Сондықтан ауыл мен қала арасына адам тасу мен үшін ең қолайлы, тиімді жұмыстың көзі. Бір жақсысы мұнда саған ешкім басшылық етпейді. Қалаған уақытыңда қалауыңша жұмысты жасай аласың. Мен үшін қазіргі уақытта бұдан асқан бақыт жоқ.

- Жолда көп жүремін деп қалдыңыз. Ұзақ уақыт бойы тапжылмай рөлде отырудан шаршап кететін кезіңіз бола ма?

- Бұрын әр баланың санасында "мен ғарышкер болам" деген қиял болушы еді ғой. Сол арман менің де балаң жүрегімде болған еді. Қазір көлікке мініп, тұлпарыммен жүйткіген кезде аспанда қалықтап ұшқандай сезімге бөленем. Сондықтан көлікте тапжылмай отыру жалықтырады деп айта алмаймын. Әйткенмен, күні бойын көлікте отырғаннан шаршайтыным рас. Бірақ үйдегі тәтті қызымның жүзін көріп, бір иіскегеннен мауқым басылып, шаршағаным лезде басылады. Одан қалса жолда адамдармен тілдесіп, жол қысқартатыным тағы бар.

- Иә, сол жайында айтып өтіңізші. Мінген жолаушылармен қандай тақырыпта әңгімелесесіздер? Қандай да бір қызық жайлар өткен бе еді?

- Мен ауылдағы ең жас "таксист" болғандықтан мінген жолаушылармен онша әңгімелеспейтінмін. Қазір уақыт өте келе қалай әңгімеге тартып алатынымды білмей де қалдым. Бұл осы жұмысымның арқасы деп білемін. Себебі, адам тілін тауып, бірден әңгімеге айналдыру да оңай жұмыс деп ойламаймын. Саған бір қызық жайды айтып берейін. Қала ішінде қатынап, жұмыс жасап жүрген кезім. Қазір таксисттерге де адам табу оңай ғой.

Түрлі телефонның тілімен адамдар өздері хабарлама қалдырады. Сөйтіп, несін созайын бір жас жігіт хабарлама берді. Өзім де сол айналада жүрген едім, ала кетейін деген оймен қабылдадым. Сөйтіп, ол кісі бір мейрамханадан мінді. Ол кезде әйеліммен әлі отбасын құрмадық. Қыз бен жігіт боп жүрген кезіміз.

Маған өз отбасының суретін көрсетіп, таныстырған болатын. Бірақ әлі оның туыстарымен жүзбе-жүз кездеспеген едік. Әйеліммен ол адамның не қатысы бар дейсің ғой? Сөйтіп жүзіне қарап қалсам, бағанағы ер адам қызымның туған жездесі болып шыға келмесі бар ма? Мен сол жерде қызарып, ұялып барам. Мен оны танимын.

Ол мені әлі танымайды бір жақсысы. Сосын нақты сол кісі екендігіне көз жеткізу үшін жұмысын сұрап, әңгіме арасында отбасын, жөнін сұрағам. Дәл өзі болып шықты. Межелеген жерге жеткеннен кейін, келіскен ақшаны беріп жатыр. Мен сол жерде не аларымды білмей, не алмасымды біраз дегбіріп қалдым. Алмасам тағы түсінбей қалар деп, амалсыз жол ақысын алдым. Міне, сондай қызықтар көп болған еді.

Кейін танысқанда ол менің, мен оның бетіне қарап біраз күліп алғанымыз бар. Негізі қызық жайлар өте көп. Қайсы бірі есімде қалды дейсің? Кейде қалаға жетуге сәл қалғанда "ойбай үйде затымды ұмыттым, кері қайттық" ,- дейтін апалар болады. Жоқ, десең ауылда сенен асқан жаман адам жоқ болып шыға келеді. Сосын амалсыз кері баратын кездер де орын алып тұрады. Дәл сол уақытта ашуға булыққаныммен қазір еске алсам, еріксіз күлгім келеді.

Сосын, мен саясатты сағызша созып айтатын "таксисттердің" қатарынан болғым келмейді. Әңгіменің басқа да көркем түрлері көп қой. Сондықтан мейілінше жолаушылармен көңілді сөйлесіп, әңгімеге тартамын. Бәрібір көлігіме әйел адамдардан гөрі ер адамдардың мінгенін қалап тұрамын. Себебі, апайлар жағы көбіне ұйықтайды. Ер адаммен болса, қай жағынан болмасын әңгіменің ауаны жақсы болады.

- Өте әсерлі әңгіме болды. Жас та болса біраз өмірді, біраз қызықты бастан өткеріпсіз. Жолыңыз қашан да ашық болсын! Астыңыздағы тұлпарыңыз жүйтки берсін, жолаушыларыңыз көп болғай!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер