Елдің жарқын болашағы мақсаты айқын, санасы сергек, білімді бәрінен жоғары қоятын жастардың қолында. Қазіргі күні талаптың тұлпарына мініп, білім биігіне ұмтылған жастарға қолдау жыл сайын артуда. Облыс орталықтарында жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармалар құрылды. Осы ретте Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы - Біржан Нұржанұлымен сұхбат құрып, жастармен жүйелі жұмысты жолға қойған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашақ жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіттік.
- Біржан Нұржанұлы, сіздің Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы болып тағайындалғаныңызға сегіз айдан асты. Жалпы күтпеген карантин облыстық жастар басқармасының жұмысын қалай өзгертті? Сұхбатымызды осыдан бастасақ...
- Шындығында да әлемді жайлаған індет өмірдің барлық саласына өзгеріс әкелді. Алайда, өзгеріске тез бейімделу қазіргі уақыттың басты талабы дер едім. Сол себепті, іс-шараларды жоспарлағанда қазіргі жағдайға орайластырып, екшеп, даярлап жүзеге асырудамыз. Біраз іс-шаралар онлайн форматқа ауыстырылды, біршама іс-шаралар карантин талаптарын сақтау арқылы жүзеге асырылуда.
- Басқарма қазір қай бағытқа басымдық беріп отыр?
- Кез-келген саладағы тиімділік пен бірізділікті, ұзақ мерзімді даму мен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ағымдағы сұрақтармен қатар орнықты жүйе, институттар құрумен тыңғылықты айналысу қажет. Бәлкім, бұндай ұстаным ұзағырақ мерзімді қажет етіп, "тез жеңістерге" әкелмес, бірақ, берері мол, пайдасы жоғарырақ. Сондықтан да, қызметке келгелі осы бағытта қадам басудамыз.
Іс-шараларды өткізудің үйреншікті форматынан бас тартып, жастарға жүйелі түрде пайда беретін бағыттарға басымдық берудеміз. Мысалы, облыста зияткерлік клубтар құрылып, өз қызметін жүзеге асыруда. Жобаға облыстың ІТ-технологиялар мен робототехника, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ірі жоғары оқу орындары тартылған. Сонымен қатар, волонтерлік қозғалыс пен пікір-сайыс қозғалыстарына да баса назар аударудамыз.
Негізінен жастар саясаты саласына терең анализ жасап, саланы автоматтандыру және жаңа технологияларды қолдану бағытында жұмыс жасалуда.
- Қарағанды облысында білімді, дарынды жастар көп. Оларды қолдау, қаржылай көмек беру жағы қалай, көңіліңіз тола ма? Жастармен тұрақты байланыс бар ма?
- Шынымен де бізде алғыр жастар көп. Оларға қарап көңілің тояды. Еліміздің көшін алға тартатын осы дарынды өскелең жастар. Осындай маңдайалды жастарды қолдау мақсатында біз жоғары оқу орындары жанынан Зияткерлік клубтарын ашып, жұмысын жүргізудеміз. Сондай-ақ, пікір-сайыс қозғалысына да басымдық берілуде.
Жастар бастамаларын қолдау үшін облыс басқармасы және ЖРО мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар саясатының барлық салаларын қамтитын арнайы жобаларды ұйымдастырады. Мысалы, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен трендтерді түсіндіру бойынша шалғай ауылдық аймақтарға «Жастар-жастарға» ақпараттық-түсіндіру керуендері, волонтерлік қызметті, әскери-патриоттық тәрбиені, қалалар мен аудандардың ЖРО қызметкерлерін, студенттік жастарды және т.б. қолдау бойынша іс-шаралар бар.
- Облыстың әр аудан, қаласында «Жастар ресурстық орталығы» мен түрлі ұйымдар жұмыс істейді. Олар нақты немен айналысады?
- Жастар ресурстық орталықтары жергілікті жерлердегі мемлекеттік жастар саясатының негізгі жолсеріктері болып табылады және жастарды табысты әлеуметтендіруге, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына интеграциялауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады.
Ағымдағы жылы қалалар мен аудандардың ЖРО іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге қаржыландырудың жалпы көлемі 310 млн. теңгені құрады.
Бүгінгі күні облыс бойынша 19 ЖРО жұмыс атқарады. Оның ішінде 1 облыстық деңгейде, қалғандары қалалар мен аудандарда ішкі саясат бөлімдері жанындағы коммуналдық мемлекеттік мекемелер түрінде жұмыс атқарады. 2020 жылы қалалар мен аудандардың ЖРО 624 057 мыңнан астам жастарды қамти отырып, 3096 мыңнан астам іс-шара өткізді.
Айта кету керек, еріктілер жылы аясында ЖРО пандемия кезінде халыққа көмек көрсету бойынша үлкен жұмыс жүргізді. Бір сөзбен айтқанда, Жастар ресурстық орталығы - жастарға қандай да бір көмек керек болған жағдайда алғашқы табан тірейтін бірден бір мекеме.
- Жастар ұйымдары сөз болғанда еріктілер қозғалысы еріксіз еске түседі. Қоғамдағы ерікті жастардың қызметін қалай бағалайсыз?
- Кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, кемел келешегінің жарқын кепілі – жастар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылды «Жастар жылы», 2020 жылды «Волонтерлер жылы» деп жариялағанда, еліміздің жас қауымына, жас буынына үлкен үміт пен сенім артса керек. Бұл сенімді жастар толығымен ақтады. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия уақытында қоғамдағы ерікті жастардың қызметі айрықша болды.
Дәрігерлер, мұғалімдер, заң қызметкерлері мен қатар ерікті жастар да қауіпті індет ошақтарында бастарын бәйгеге тігіп, қыруар шаруа атқарды. Көп балалы аналар, қарттар мен мүгедек жандар және де тағы да басқа көмекке мұқтаж жандарға арналған қайырымдылық акциялар ұйымдастырып, азық-түлік себеттері мен дәрі-дәрмектер таратуға ат салысты. Және де осы үрдіс әлі де жалғасын табуда. Еңбегіне ақы сұрамайтын, қайырымды, жігерлі жастардың қызметін жоғары бағалаймын.
- Жастарды толғандыратын 3 түйткіл: білім, баспана, жұмыс. Басқарма тарапынан аталған мәселелердің шешілуіне нақты қандай шаралар қолға алынуда?
- Біздің облыстың әрбір бесінші тұрғыны – жас адам. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қарағанды облысында 14-28 жас аралығындағы 261 153 (19,%) жас азамат тұрады. Қала жастары – 196 194 адам (75,1%), ауыл жастары – 64 959 адам (24,9%). Облыс бойынша 9 жоғары оқу орны мен 69 колледжде 80 мыңға тарта жас білім алуда.
Оқу орнына түсудегі ең басты мәселе ол – бәсекеге қабілеттілік. Ізденімпаз, білімқұмар адам әрқашан көштің басында тұрады. Қазір білім алуға барлық жағдайлар жасалған деп білемін. Тіпті облысымыздан, республикамыздан тыс жерлерде білім алып, біліктілігін жетілдіріп жүрген жастар жетерлік. Мемлекет тарапынан гранттар бөлініп, түрлі бағдарламалардың жүзеге асырылуы жастардың жан-жақты білім алуына, еңбек нарығынан өз орнын табуға мол мүмкіндік береді.
Мысалы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап - 700 адам жіберу жоспарлануда;
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 497 адам жіберілді, бизнес-жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған бағдарламаға қатысушыларға 113 микрокредит, 231 грант берілді. Жастар мемлекет тарапынан жасалатын осындай мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс.
Ал енді баспана мәселесіне келетін болсақ, басқармамен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысына мониторинг жүргізіледі. Бірнеше жылдан бері облыста осы санаттағы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің Кешенді жоспары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 226 пәтер беру жоспарланған. 2020-2022 жылдар аралығында облыстың өңірлерінде аталмыш санаттағы жастарға барлығы 618 пәтер бөлінетін болады. (2020 жылы-166 пәтер, 2021 жылы - 226 пәтер, 2022 жылы-226 пәтер).
Өзіңіз атап өткендей жастар арасындағы жұмыссыздық түйткілді мәселе. 2021 жылғы 1 тамыз жағдайы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 083 адам жүгінген, оның ішінде жастар қатарынан 9 591 өтініш білдіргендер және жұмысқа орналасқандар 41% (барлығы 21 317 адам жұмысқа орналастырылды).
«Дипломмен-ауылға!» жобасы аясында 2020 жылы ауылға келген 626 жас маман көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды (2019 ж. - 455).
Ағымдағы жылдың 1 тамызына 167 маманға (117 - білім беру, 38 - денсаулық сақтау, 5 мәдениет, 2 спорт, 4 АӨК мамандарына) тұрғын үй сатып алуға 708,5 млн.теңгеде бюджеттік кредиттер берілді.
220 маман 64,8 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы алды (129 - білім беру, 58 - денсаулық сақтау, 3 - әлеуметтік қамсыздандыру, 8 – мәдениет, 6 - спорт, 11 – агроөнеркәсіптік кешен, 5 - мемлекеттік қызметші).
Бүгінгі таңда көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі артып, 84,7% - ды құрады. Бұл 29 жасқа дейінгі 309 маман (365 маманнан).
2020 жылғы еңбек маусымында «Жасыл ел» жасақтарында 1413 адам жұмысқа орналастырылды (2019 ж. - 1505). Ағымдағы жылы кемінде 1800 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. «ZhasProject» жобасы аясында 2020 жылы жалпы сомасы 155 млн.теңгеге 155 бизнес-жоба (527 қатысушы) грантын жеңіп алды.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау және дамыту үшін 2020 жылы облыс әкімінің 100 млн.теңге сомасына 100 грант бөлінді (2019 жылы - 10 млн. теңге жалпы сомасына 10 грант). 2021 жылы жалпы сомасы 100 млн.теңгеге 100 грант бөлінеді. Тұрақты негізде жас кәсіпкерлердің қызметіне мониторинг жүргізіледі.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде соңғы 3 жылда NEET-жастар үлесінің төмендегені байқалады (2018 ж. - 12,5%, 2019 ж. - 12,3%, 2020 ж. - 11,5%). 2021 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша NEET - жастардың үлесі 9,9%-ды құрайды, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1% - ға төмен (2020 жылдың 1-тоқсаны-12,0%).
- Жастар үшін ең өзекті мәелелердің бірі – баспанамен қамту екені даусыз. Былтырдан бері ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының пәрменімен ірі қалалардағы жұмысшы жастарға арнап жалдамалы пәтерлер беріле бастады. Облыста осы бағдарламаның баламылы нұсқасын іске қосу жоспарды бар ма?
- Қазіргі уақытта жастар ортасының ең өзекті мәселелерінің бірі тұрғын үйдің қолжетімділігі болып табылады. Жыл сайын баспана кезегінде тұрғандардың саны өсуде, олардың контингенті негізінен жас мамандар мен жас отбасылар.
2021 жыл қорытындысы бойынша облысымызда әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға 1099 пәтер жалдамалы тұрғын үй, үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 478 несиелік тұрғын үй пайдалауға беру жоспарланған.
Жуырда ғана өткен Облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңесте облыс әкімі Ж. Қасымбек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының мысалы негізінде Қарағанды облысының жұмысшы жастарын баспанамен қамту мәселесін шешу бойынша тапсырма берді. Аталмыш бағытта жұмыстар атқарылуда.
- Ел ертеңінің тірегі бүгінгі жастарымыз Тәуелсіздік жылдары өмірге келіп, білім мен тәрбие алды, азамат болып шыңдалды. Жалпы айтқанда, сіздің ойыңызша, Тәуелсіздік құндылықтарының жастарға тигізген игі ықпалы қандай? Егемендік қазақстандық жастарға не берді?
- Тәуелсіздік құндылықтары жастарға ой еркіндігі, рух еркіндігі, сөз еркіндігі сияқты зор мүмкіндіктер берді. Тәуелсіздік алғанға дейін Кеңес одағының шекарасы әлемге жабық болатын, ал Тәуелсіз елдің жастары үшін алыс-жақын шетелдерде қоғамның барлық саласына жолы ашық, жастардың таңдау мүмкіндігі мол. Бүгінгі таңда жастарымыз ғылым мен техниканы, IT-технологияларды жетік меңгерген. Сонымен қатар көптеген шетел тілдерін игерген. Осындай барлық таңдаулар мен мүмкіндіктерді жастарға берілген тәуелсіздіктің игіліктері деп білуіміз керек.
- Жастарда біз байқамай жүрген тағы қандай мәселелер бар? Оларды неден бастау керек?
- Қанша назарда дегенмен байқалмай қалатын бір мәселе - ол жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі деп айтар едім. Жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыру жолында облысымызда кейінгі жылдары ауыз толтырып айтуға болатын жұмыстар атқарылуда. Олар – жастар үйлері, коворкинг орталықтар, спорттық-сауықтыру кешендері, түрлі корттар мен спорттық алаңдар, Street Workout алаңдары және т.б. жастарға қажетті кешендер ашылуда. Бұл аталған дүниелер жастарға өте қажет екені анық. Сондықтан аталмыш бағыттағы жұмысты үнемі жетілдіре беру керек деп ойлаймын.
- Біржан Нұржанұлы, жастарға берер кеңесіңіз, ағалық сөзіңіз – жетістікке жету жолындағы 3 қағида қандай болмақ?
- Ең алдымен, жан дүниесі бай болмай озық ғылым мен үздік білімді игермей ешбір ел әлемдік өркениет көшіне ілесе алмайды. Меніңше, әрбір жастың жетістікке жету жолындағы 3 қағидасы мынандай:
- Мақсат. Қоғамның кез келген саналы мүшесінің болшаққа бастар жолы айқын мақсат арқылы ғана құралады.
- Ізденіс. Биік мақсатқа ұмтылған кез келген адам өмір бойы ізденіс үстінде болмақ.
- Еңбек. Сол тынымсыз ізденістің нәтижесі зор еңбек арқылы келеді.
Сол себепті, жастарымыздың мақсаты айқын, ізденісі тынымсыз, еңбегі жемісті болсын дегім келеді.
- Біржан Нұржанұлы, жастардың игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Зарина ӘШІРБЕК,
«Адырна» ұлттық порталы