Өрт сөндірушілер тек өрттерге ғана жауап бермейді — ТЖ министрлігі

2912
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне арнайы сауалдарын жолдап, оған тиісті жауаптарды алды. Назарларыңызға министрлік берген жауаптарды қаз-қалпында ұсыныс отырмыз.

Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың төтенше жағдай кезіндегі қызметі қаншалықты қауіпті? Осы уақытқа дейін өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өміріне күрделі қауіп төнген кезі тіркелді ме?

— Азаматтық қорғау органдарының құтқарушылары авариялық-құтқару жұмыстарының барлық спектрін, оның ішінде аса күрделі және қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүзеге асырады. Бұл:

- табиғи және техногендік ортадағы авариялық-құтқару және жұмыстар;

- химиялық, радиациялық зақымдану аймақтарында, биік таулы жерлерде және жетуі қиын аудандарда, арнайы жабдықтарды қолданумен, тікұшақ техникасынан десант түсіруді және т. б. қолданумен байланысты күрделі объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстары;
- су астындағы сүңгуірлік-іздестіру жұмыстары;
- өлі денелермен немесе денелердің фрагменттерімен жұмыс атқарады.

Өрт сөндірушілер тек өрттерге ғана жауап бермейді, сонымен қатар ғимараттар мен құрылыстардың құлауымен, жол-көлік оқиғаларымен, қар көшкінімен, өнеркәсіптік апаттармен, су тасқынымен, жер сілкінісімен, сондай-ақ қауіпті химикаттар мен материалдардың ағып кетуімен байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдарға көмек көрсетеді. Өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысы әлемдегі ең қауіпті және күрделі мамандықтардың бірі болып табылады. Олардың негізгі міндеті - адам өмірі мен мүлкін құтқару, сондай-ақ өртті жою. Олар өз жұмысында түрлі экстремалды жағдайларға тап болады, ондай кезде жақсы физикалық дайындық, жоғары стресске төзімділік, сондай-ақ әртүрлі арнайы құрылғылар мен авариялық-құтқару жабдықтарын пайдалану дағдылары қажет. Көбінесе төтенше жағдайлар кезінде адамдарға алғашқы көмек қажет. Сондықтан өрт сөндірушілер белгілі бір медициналық дағдыларға ие, ол үшін олар парамедиктерді даярлау курстарынан өтеді. Төтенше жағдайларға қарсы күресте және адамдардың өмірін құтқаруда өрт сөндіруші-құтқарушылардың жарақат алып, қайтыс болу қаупі бар. Жалпы, соңғы 30 жыл ішінде өзінің қызметтік борышын өтеу кезінде азаматтық қорғау органдарының 54 қызметкері қаза болды.

Осылайша, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында қызмет атқару кезінде ағымдағы жылдың ақпан айында Павлодар облысының Ақсу қаласында жанып жатқан жеке үйді сөндіру кезінде 1 қызметкердің қаза болуы және 4 жарақаттану жағдайы тіркелді. Сәуір айында Жамбыл облысының Шу ауданында сүңгуір қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында 24 жастағы қызды іздеу жұмыстары жүргізілді. Ауа райының қолайсыздығынан және желдің күшеюінен құтқарушының қайығы аударылып, іздеу жұмыстарын жүргізу орнында Жамбыл облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы жоғалды.

— Соңғы жылдардағы ең ірі немесе қауіпті құтқару жұмыстары жөнінде айта кетсеңіз.

— Жыл сайын біздің елімізде үлкен өрттер орын алады. Олар халық арасында арасында үлкен резонанс тудырады. Соңғы екі жылда осындай бірқатар жағдайларды мысалға келтіруге болады.

2019 жылдың наурыз айында Маңғыстау облысының «Қаламқас» кен орнының ұңғымасында грифон түріндегі газ-су қоспасының шығарылуынан апат болды кейін оның жануы орын алды. Өртті жою үш күн ішінде жүзеге асырылды. Ол үшін негізгі өрт сөндіру және басқа да инженерлік техника тартылды.

2019 жылғы маусымда Түркістан облысы Арыс қаласында Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында снарядтардың жарылуына әкеп соққан өрт болды. Жою үшін Түркістан облысы мен Шымкент қаласының өртке қарсы қызметінің гарнизондары тартылып, көптеген өрт ошақтарын сөндірді, сондай-ақ халықты эвакуациялауға қатысты.

Арыс қаласының аумағында азаматтық қорғау органдарының күшімен 88 өрт (қоғамдық тамақтану, сауда ғимараттары, тұрғын үйлер, шаруашылық құрылыстары және табиғи өрттер) жойылды.

Жалпыға бірдей эвакуация жарияланған сәттен бастап ТЖ аймағынан жұмылдырылған күштер ұйымдасқан түрде 3566 адамды шығарды, 39 мыңнан астам адам өз бетінше эвакуацияланды және басқа елді мекендерге кетті.

2020 жылғы 1-16 мамыр аралығында Өзбекстан Республикасының Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бұзылуы нәтижесінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданының шекарасында су тасқыны болды. 5 елді мекен (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердоуси, Өргебас, Достық ауылдары), Жеңіс ауылындағы көпір шайылып кеткен, сондай – ақ 4 автомобиль жолы (Республикалық – 1, облыстық – 2, аудандық-1). Жалпы ауданы 7 411 га жайылымдар мен егістік жерлер су астында қалды.

Түркістан облысы елді мекендерінің аумағын су басу салдарын жою, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін 1 617 адам, 321 бірлік техника, 13 жүзу құралдары, 207 су сору техникасы (мотопомпалар) тартылды. Су басқан елді мекендердің айналасына 22,3 км.астам уақытша бөгеттер салынды, 3 коллектор орнатылды, 87,4 мыңнан астам құм салынған қап төселді, 6 млн. текше метрден астам су сорылды.

2020 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласындағы дәмханалардың бірінде газ баллонының жарылысы орын алып, кейіннен нысанның құлауы мен өрттің шығуы орын алды. Жарылыс салдарынан ауруханаларға 34 адам жеткізілді, оның ішінде 23 адам ауруханаға жатқызылып, 1 адам қайтыс болды. ТЖД күшімен өртті сөндіру және құрылымдарды бөлшектеу жүзеге асырылды, оның барысында мекеме қызметкері үйінділердің астынан құтқарылып, ауруханаға жатқызылды.

2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласынан
2 шақырым жерде құрғақ шөп өртенді, кейіннен өрттің орман алқабына және одан әрі қаланың тұрғын аумағына жайылуы орын алды. Өрт салдарынан бір адам қаза тапты, 2 тұрғын зардап шекті, отпен 31 тұрғын үй мен 5 автокөлік, сондай-ақ шаруашылық құрылыстары жойылды. Өртті сөндіру 3 тәулік бойы жүзеге асырылды, шамамен 500 адам, 70 бірлік техника және 2 тікұшақ жұмылдырылды.

2021 жылғы ең ірі іздестіру жағдайы Төлеби ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тіркелді. 21 мамырда 7 турист жаяу тәртіппен Сары-Айғыр шатқалына бет алып, 24 мамырда қайтуға жоспарлаған. Алайда, олардың жоспары іске аспады. Іздестіру жұмыстары 25 мамырдан 22 маусымға дейін жүргізілді. Іздеу жұмыстары таулы аймақта жүргізілгендіктен күрделенді. Іздестіру жұмыстары басталғаннан бері топтар 2500 шақырымнан астам жолды жүріп өтті, ТЖМ әуе кемелерімен 16 000 шақырымнан астам жолды шарлады, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шамамен 260 км. Орташа алғанда, күнделікті іздестіру жұмыстарына 120-130 адам, 8 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты,4 кинологиялық есеп және 1 әуе кемесі жұмылдырылды.

- Осы уақытқа дейін ел аумағында орта есеппен қанша ТЖ тіркелді?

- ТЖ қызметтерінің жұмыс істеген жылдары (1995-2021 жылдар аралығында) төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 млн.441 мыңнан астам шығу жасалды. Олардың қызметі, кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 386 мыңнан астам адам құтқарылды, 351 мыңнан астам ТЖ аймағынан эвакуацияланды, 59 мыңнан астам зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді.

Жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ тіркеледі, оның ішінде 15 мың өрт орын алды. ТЖ аймағынан құтқарушылар 8 мың азаматты құтқарады, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды, 4,5 мың зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіледі.

2021 жылдың басынан бастап құтқару бөлімшелері өрттерге және авариялық-құтқару жұмыстарына 39 мыңнан астам рет шыққан, 6 мыңнан аса адам құтқарылды, ТЖ аймағынан 8 мыңнан аса адам эвакуацияланды, 1 мың зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер