«Ит, мысық төлдейтін уақытта» қабылданбайтын заң. Қырғызша талап қазақша жүрмей ме?

6131
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров барлық мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуді, меңгеруді міндеттейтін конституциялық заңға қол қойды. Ал ресми Астана Бішкектен үлгі алып, 1989 жылы қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарай ма?

Қырғызстанда президент қол қойған жаңа заңға сәйкес, қырғыз тілі бұдан былай "мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, кәсіпорындардың, мекемелердің және барлық меншік нысанындағы ұйымдардың қызметінде" қолданылуы тиіс. Бірлескен, шетелдік ұйымдардың атаулары енді мемлекеттік тілге транслитерациямен рәсімделуі тиіс.

Телерадиокомпаниялар, оның ішінде жекеменшік компаниялардың мемлекеттік тілдегі бағдарламалары кемінде 60 пайыз болуы тиіс.

Депутаттарды, Ұлттық банк қызметкерлерін, әскери қызметшілерді, судьяларды, прокурорларды, адвокаттарды, нотариустарды, барлық меншік нысанындағы оқу орындарының қызметкерлерін және медициналық персоналды қоса алғанда, барлық мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді меңгеруге және оны қызметтік міндеттерін атқару кезінде пайдалануға тиіс.

Сонымен қатар, заң баптарының бірінде орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылатындығы жазылған.

«ЛАТЫН ӘЛІПБИІМЕН ҚАТАР ЖҮРУІ КЕРЕК»

Қазақстан Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Қырғызстан заңынан үлкен жаңалық көрмегенін айтады. Өйткені орыс тілі ресми тіл күйінде қалған. Ал Қазақстан билігі мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білуін қырғыздар секілді міндеттеуі мүмкін бе?

«Құдай қаласа бізде де мұндай заң қабылданады. Қазір соның алғышарттары жасалып жатыр. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің тіл білуін тест арқылы тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Заң дегеніміз – ит пен мысықтың төлдейтін кезі секілді аз уақытта қабылданбайды ғой. Ол піседі, оның бағыттары мен қажеттілігі зерделеніп, зерттелеуі бар. Кейбір заңдар 5 ай немесе 9 айда қабылданады. Менің ойымша, қазіргі өмірдің өзі көптеген нәрсені өз орнына қойып жатыр. Мысалы, қазақ тіліндегі мектепке баратын оқушылардың үлес салмағы 70 пайыздан асты. Тіл мәселесі бизнесті жүргізу мен ономастика туралы заңда басты назарға алынған», - дейді депутат.

Айдос Сарым заңды заң үшін емес, өмірдің қажеттілігі үшін қабылдау керек деген сенімде.

«Мысалы, президент ономастикаға қатысты заңды қабылдау туралы тапсырма берді және ол мемлекеттік тіл туралы заңға еніп отыр. Сондай-ақ әлеуметтік желіні қазақыландыру бойынша «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» заң қабылданды», - деді депутат.

Айдос Сарымның айтуынша, мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар жүруі керек. Алайда соңғы кездері кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі мүлде талқыланбайтын болды.

Депутаттың дегеніне сенсек, латын әліпбиін қабылдау тоқтаған жоқ. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда Тіл білімі институты қазақ тілінің әдеби корпусын жасақтап жатыр.

«Менің ойымша, мемлекеттік тіл туралы заң латын әліпбиімен қатар жүру керек. Латын әліпбиі пісіп жетілгенде соны қабылдайтын, оған леп беретін деңгейде заң қабылдану керек. Сондықтан «Көршілеріміз заң қабылдады екен» деп, ойбайлап, бізде дәл сондай қабылдауымыз керек пе? Мысалы, бізде Жастар саясаты деген маған ұнамайтын заң бар.  Ішінде алып бара жатқан ештеңе жоқ. Бірақ әйтеуір кезінде осы заң қабылданған болатын», - дейді Айдос Сарым.

Депутаттың пайымынша, қазір мемлекеттік тілдің мәселесі дұрыс шешіліп келе жатыр.

«Енді оны қазір мемлекеттік тіл туралы заң қабылдадық деп айту үшін ғана қабылдасақ, тағы да мәселе туындайды. Сондықтан да заңды өмірдің шындығына жақындатып қабылдаған жөн. Жалпы бізге латын әліпбиімен қатар мемлекеттік тілдің реформасы да жүруі керек»,- деді ол.

«НАЗАРБАЕВ КЕЗІНІҢ ЖАТТАНДЫ ПІКІРІ»

Ал қазақ тілін үйрететін «Ситуативный Казахский» деген кітап жазған Қанат Тасыбеков Мәжіліс депутатының пікірімен келіспейді. Нақтырақ айтсақ, ол заң бойынша қазақ тілін білуді міндеттеу керек деген ұстанымда.

«Әрине мемлекеттік тіл туралы заңды байыппен, ақылмен қабылдаған жөн. Алайда бұл заңды жедел түрде қабылдайтын уақыт әлдеқашан келген сияқты. Неден тартыншақтаймыз? Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Мысалы, мен туған 1959 жылы 28 пайыз ғана қазақ болғанбыз, ал қазір 70 пайыздан астық. Қазір біздің момын болып, мемлекеттік тіл туралы заңды жаңа заманға сай қабылдай алмай отырғанымызды мойындауымыз керек. Мысалы, кейбір депутаттар «Тілге қатысты заңды қабылдауға асықпауымыз керек» деп айтуы мүмкін. Бұл, әрине, Назарбаев кезінен бері айтылып келе жатқан жаттанды пікір», - дейді ол.

 

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕЙ САЯСИ ҚЫЗМЕТ АТҚАРУ»

Тіл мәселесін жиі көтеріп жүрген белсенді Жандос Өстемір Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау керек екенін айтады. Онда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген.

«Қателеспесем бізде Мемлекеттік тіл туралы заңның жобасын талқылап жатқанына бірнеше жыл болды. Әу баста заңның жобасын көргенмін, бірақ оның қазір қандай күйде екенін нақты білмеймін. Әйтсе де бізге мемлекеттік тіл туралы заң міндетті түрде керек. Өйткені бұрынғы Совет үкіметі құрамында болған елдердің ішінде тек Қазақ елінде ғана мемлекеттік тілді білмей, мемлекеттік қызмет істеуге болады»,- дейді ол.

Айтуынша, бұл – біле білген адамға өте үлкен проблема.

«Бізде көптеген басшылар мемлекеттік тілді білмей саяси қызметтерді атқарып жатыр. Сондай-ақ қазір айтылып жүрген «Қазтест» жүйесі маған мазақ секілді болып көрінеді. Аталған тестен адамдар өтуге міндетті, алайда оның қорытындысы қызметке тұруда шешуші рөл атқармайды», - дейді белсенді.

 

Серік Жолдасбай 

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер