Әлихан Бөкейханның Смахан деген інісі өз естелігінде Әлиханның өмірге сүндеттеліп келгенін жазған.
Әлиханның бала кезінен-ақ ел десе елжіреп тұратынын, ұйқысы қанбай көзі домбыққан қойшыны көрсе: «Сіз бүгін тыпыр етпей ұйықтап алыңыз», – деп, қойды өзі жайып кететінін, сөйтіп күнұзаққа біреудің қойын жайысып, енді біреудің отынын терісіп жүретін сондай бір елгезек бала болғандығын айтады. Өзі сондай адамдар болады. Ең қызығы, Әлиханды көрген кезде қазандағы қара суды сапырып, түрлі тәсілдер жасап елді алдарқатып жүретін бақсылар қара терге түсіп, тым-тырақай қаша жөнеледі екен. «Бақсы-ау, не болды?» – дегендерге, «Ойпыр-ай, шамасы Әлихан келе жатыр-ау, жыным безіп кетті», – деп жауап қататын көрінеді. Смаханның естелігіндегі осы сөздер көңілімді қатты толқытты.
– Яғни, Әлихан Бөкейханов тумысынан сондай болмысқа ие болған ғой?
– Әлихан секілді адамдар рухани халден туады. Қазақтың «Елдің көңілі жүкті болмай, ер тумайды» деген сөзі бар. Құрсақ көтергенде әйел адамдардың әлдебір тағамға жеріктігі ұстайтыны бар емес пе, сол секілді адам да, қоғам да тұлғаға жерік болу керек. Абай Құнанбайдың шерінен, шерінің толғағынан жаратылған пенде ғой деп ойлаймын. Әлекеңдер қазақтың кеткен есесінен, арман-мұратынан жаратылған.
Мен мәтінді сөз емес, болмыс пен тағдыр деп қабылдайтын адаммын. Смаханның естелігін оқып отырып «Әлихандармен бірге кие де кеткен екен-ау» деген ойға қалдым...
Ықылас ОЛЖАЙҰЛЫНЫҢ
фейсбук парақшасынан