Белгісіз бір заманда, ШҮКІРШІЛІК деп аталатын үлкен шаһар болыпты. Ол шаһардың «шүкіршілік» - деп аталуы, халқы момын, айтқанға көнетін, бейбітшілікті ту еткен ерекше жандар болған көрінеді. Шүкіршілік шаһары халқының басына қандай күн туса да, «біз осындай кең шаһарға ие болып отырған ерекше жандармыз, бұл әлемде біз сияқты мықты адамдар жоқ, болғанда емес», – деп өздерін жұбатып, ауыртпалықтың бәріне көне береді екен.
Енді, осындай жұрттың басшысы болып, шаһардың темір балқыту жұмыстарының бас ұстасы болған, Байсұлтан атты азамат сайланады. Бұл Байсұлтанның билеу жүйесінің басқалардікінен ерекшелігі, оның 49 ақылшысы, 98 жандайшабы болыпты. Содан, өзге шаһарларға Байсұлтанның есімін мәшһүр ету мақсатын көздеген ақылшылар: "Біздің шаһарымыз ең беделді шаһар болуы тиіс. Соның жолында, не істейміз?" – деген сұрақтың жауабын іздепті.
Сонда, Байсұлтанның 98 жандайшабы: «Шаһар тұрғындарының бүкіл төрт-түлік малының, сүт, май және т.б. азық-түлігінің 80%-ын біз алып отырайық-та, көрші шаһарларға тегін таратайық. Мұндай істі ешбір шаһар басшысы жасап көрмеген. Бүкіл әлем бізге тәнті болады,- деп ұсыныс білдіреді. Бұл ұсынысты Байсұлтанның 49 ақылшысы: «Мынау деген керемет табылған ақыл екен», - деп, мақұлдап, Байсұлтанның алдына барып: «Сіздің атағыңызды шығару үшін, әлемде сіздей теңдессіз жан болмас үшін, шаһар тұрғындарының 80% сүт-майын, азық-түлігін қайырымдылық ретінде өзге шаһарларға тарату керек»,- дейді. Байсұлтан болса, бір ойланып алып: «Айтып отырғандырың өте дұрыс, бұл ұсыныстарыңызды қолдаймын!»,- деп мақұлдайды.
Шаһардың тағы бір бөлігінде халыққа сөзі өтетін, «шүкіршілік» сөзінің халықтың санасына терең тамыр жаюына себепші болып, татулықтың сақталуына басты күш жұмсап отырған, имамдар өкілдері болыпты. Бұл имамдар халықтың 80% азық-түлігін алу үшін: «Шүкіршілік қылыңдар, сендердің малдарың бар, 80% тамақтарың болмаса да, бұның өзіне шүкіршілік! Өзге шаһар тұрғындарының алдында сендер абыройлы болып жүресіңдер! Аш болып жүрсеңдер де, ел алдында абыройлы болып жүргендерің мың есе артық емес пе? Басшысының әміріне қарсы шығу кешірілмейтін күнә»,-деп, уағыздарын айтып, шаһардың барлық халқын өз дегендеріне көндіреді.
Сөйтіп, халықтың 80% азық-түлігін алған 49 ақылшысы Байсұлтанға: «Өзіңіздей адам әлемде бұрын-соңды болған жоқ. Сіздей басшының ғұмыры ұзақ болуы керек. Сондықтан да, бұл жиналған азық-түліктің 50%-ы өзіңіздің әулетіңізде болсын. Өзге шаһар тұрғындарына 30%-ы жетеді. Жиналған азық-түліктің 80%-ын неменеге жұмсап жатасыз? 30%-дың өзін ешбір шаһардың басшылары тегіннен-тегін берген емес. Ал, сіз болсаңыз беріп отырсыз. Сондықтан да, сондай жақсылық ұзағынан болуы үшін 50%-ын өзіңіз алыңыз, әулетіңізге беріңіз!»,- дейді. Байсұлтан: «Иә, дұрыс, дұрыс. Жағдайым жақсы болуы керек қой»,- деп сөзін қостап келіседі.
Содан кейін, 98 жандайшаптары: «Ей, 30% азық-түлікті кім беріп жатыр? Қай шаһар беріп жатыр тегіннен-тегін? 20% жетпейді ме?»,- деп тіл қатады. «Дұрыс, дұрыс, жетеді»,- дейді 49 ақылшысы. Сөйтіп, өзара ортақ шешімге келіп, басшының 49 ақылшылары 98 жандайшапқа: «Халықтың тек 20% азық-түлігін басқа шаһарларға таратыңдар!»,- деп тапсырады. Ал, 98 жандайшаптары: «Қай шаһар, қай жер тегіннен-тегін, бостан-бос сүт-май, азық-түлік беріп жатыр? Ешбір жерде беріп жатқан жоқ. Біздің олардан қай жеріміз артық? Одан да, күнімізді көріп, өзіміз алсақ, жөн болмайды ма? Бостан-бос таратып, одан не пайда көреміз?»,- деп, 10%-ын өздері алып, қалған «10%-ын халыққа тегін тарат!»,- деп имамдар өкілдеріне береді.
Имамдар өкілдері: «Бұл 10% азық-түлікті Алла Тағала біздің несібемізге беріп тұр, егер халықтың несібесі болса, бізге 80% мүліктің кем дегенде 50%-ы келуі керек еді, бірақ келмеді. Балық басынан шіриді дегеніміз осы!»,- деп, 10%-ды өз еншісіне алады.
Осылайша, жылдар өтеді. Шаһар басшысы - Байсұлтанның атын әлемге танылту үшін, ақылшылар мен жандайшаптар: «Тағы не істейміз?»,- деп, ойланып, мынадай ұсыныс айтады: «Біздің басшымыздың аты барлық әлемге мәшһүр болуы үшін, мына төрт-түлік мал бар емес пе, жылқы, сиыр қой, түйе деген... Енді, біз қойды-қой, түйені-түйе, сиырды-сиыр - деп атамастан бұрын алдарына бай сөзін қосып «бай-түйе, бай-жылқы, бай-сиыр, бай-қой»,- деп атауымыз керек. Сол кезде байлық шақырамыз, ырыс-береке келеді»,- дейді. Бұл ұсынысты ақылшылары Байсұлтанға жеткізіп, мақұлдатып, келісімін алады.
Осылайша, күн артынан күн, айлар, жылдар өтеді. Шаһардың тұрғындары кедейлене түседі. Жейтін азықтары бола бермейді. Бірақ, шүкіршілік қылады. Шүкіршілік деген шаһар тұрғындарының құдіретті сөзі, киелі ұғымы, жаратушысының діні іспетті болады.
Байсұлтанның ақылшылары әбден байып, халқы «шүкіршілік» - деп кедейленіп, жандайшаптар болса тойынып, халқын тіпті «адам» - деп көзге ілмей, қарынның қамы үшін, әулеттері байлықта өмір сүруі үшін, Байсұлтанға барып: «Біз, өзіміздің шаһарымыздың жерлерін көрші шаһарларға берейік»,- дейді. Солар, біздің жерімізді алсын. Басқа елді-мекендердің ешбірі, өз жерлерін берген емес. Сіз болсаңыз, сондай мейірімділікпен, көрегенділікпен, өзіңіздің жеріңізді өзге жұртқа берсеңіз, есіміңіз тарихта алтын әріппен қалып, халық жүрегінде мәңгілік сақталатын болады»,- деп ұсыныс білдіреді. Бұндай сөздерді естіп, майсарап кеткен Байсұлтан бірден келісе кетіп, «халықтың жерін өзге шаһарларға таратыңдар!»,- деп бұйырады.
Бұны естіген Шүкіршілік шаһарының тұрғындары болса, ашуға бой алдырып, имамдарды тыңдамай, «Бұлай, көрген күніміз құрсын! Аш-жалаңаш жүріп, енді жерімізден айырылатын болдық!»,- деп барша халық көтеріліп, Байсұлтанды басшылықтан тайдыруға бекінеді.
Байсұлтан халықтың өзін басшылық орнынан тайдырмақ екендігін естіп, үрейленіп, жандайшаптары мен ақылшыларынан көмек сұрайды. Сонда барлығы бірлесе отырып, Байсұлтанға: «Сіз басшылықтан кетіңіз, орныңызға басшы қылар бір қойшы бар, ол қойшы қой аузынан шөп алмайтын момын. Бір тиын байлығы жоқ. Осы шаһардың малын баққан кедей. Соны, өзіңіздің орныңызға шаһардың басшысы қылып қойыңыз! Бірақ, жасырын түрде өзіңіз басқаратын боласыз! Тек, осылай ғана халықты тыныштандыруға болады»,- деп, Байсұлтанға халықты қалай алдау керегін айтып, ойларын жүзеге асыруға кіріседі.
Содан, Байсұлтан ел алдына шығып: «Мен, осы уақытқа дейін халықтың жағдайын жасауға тырыстым, бірақ, қолымнан келмеді. Енді, мен орнымнан кетейін. Халқымның көңілі қымбат, шаһарымның тұрғындары мен үшін әрқашан да құрметті, сыйлы. Шаһарымыздың жағдайын жақсы түсінетін, қарапайым қойшы болып жүрген азамат біздің басшымыз болуы керек! Сіздердің жағдайларыңызды осы бір кедей жақсы түсінеді!»,- деп, сөзін сөйлеп, басшылық тізгінін қойшы кедейге береді.
Кедей шаһар басшысы болғаннан кейін, шаһардың барлық тұрғындарын жинап алып, бүкіл елге қарап: «Мен, шаһарамыздың көркейіп-өсуіне барынша атсалысатын боламын. Енді, осы шаһарымыздың бейбітшілігі үшін, көркеюі үшін қызмет қылып, шаһар тұрғындарының қалауымен басшылық орнынан кетіп бара жатқан Байсұлтан мырзаға алғысымды айтамын да, бүгіннен бастап, біздің шаһар «Бай-Шаһар» - деп аталатын болатындығын мәлімдеймін. Сонымен қатар, шаһарымыздың тасымен-тауы, енді, сол байымыздың жеке меншігіне өтіп, шаһарымыздың әрбір бұлағы, әрбір суы, көлі, барлығы 49 ақылшының жекесіне беріліп, шаһарымыздың әрбір талы, әрбір тоғайы, әрбір өсіп шыққан шөбі, 98 жандайшабының қарамағына тапсырылады. Солардың жеке меншігі болады»,- деп айта келіп, «Ал, жеріміз болса, шаһарымыздың тұрғындарының өзінде қалады»,- дейді.
Бұны естіген жұрттың бәрі: «Ооо, міне! Нағыз басшы! Осындай болуы керек! Жеріміз өзімізде қалады, жеріміз өзгелерге берілмейтін болады», - деп, мәз болып, қуанып жатқан кезде, бұрышта тұрған бір бес жасар бала жан даусын шығарып, айғай салып: «Біздің жейтін асымыз болмаса, басарға тасымыз болмаса, ішерге суымыз болмаса, шабатын шөбіміз болмаса, бұл жеріміздің болғанынан не пайда? Не қайыр? Біз, балалар қайтіп күнімізді көреміз? Қайтіп тіршілік етеміз?»,- деп, мөлтілдеп тұрып, жылайды.
Бұл баланың жылағанынан, жанды ауыртар сөзінен тұрғындардың барлықтары орындарынан қозғала алмай, тасқа қатқан мүсін сияқты болып қалады. Тек, имам ғана аузына Алланы алып, балаға қарай жақындай түседі. Баланың жүзіне қарап, мөлтілдеп ағып тұрған жасын сүртіп тұрады да: «Бастысы, жеріміз өзімізде қалады. Көрші шаһарларға берілмейді. Соған шүкіршілік»,- деп айтады...
Бекзат БОЛАТҰЛЫ, Зарина ӘШІРБЕК,
"Адырна" ұлттық порталы