Көптеген елде сол мемлекетті құруда басты рөл ойнаған тұлғалар болады.
Кез келген көрнекті тұлға сияқты әдетте олар туралы қоғамда қарама-қайшы пікір болғанымен тарихи тұрғыдан мемлекетті құрудағы рөлі мен қызметі аталып, белгілі бір деңгейде дәріптеледі, тіпті кейбір елдер идеологиялық себептермен тәу ететін дәрежеге жеткізеді. Көбіне мұндай тұлға ретінде жалғыз адам аталып, мемлекет құруға еңбегі сіңген басқа қайраткерлер оның көлеңкесінде қалып қояды. Тек кейбір мемлекеттерде ғана бірнеше тұлға мемлекетті құрушы қайраткер ретінде ұлықталады.
АҚШ-тың тәуелсіздігін алып, мемлекеттілігін қалыптастырған тұлғаларды “The Founding Fathers” – қазақшаға тікелей аударғанда «негіздеуші әкелер» деп атайтыны белгілі. Тарихшылар арасында олардың қатарына кімдер кіретіні туралы дискуссия жалғасуда. Дегенмен кең тараған консенсусқа сәйкес жеті тұлға басты “негіздеуші әкелер” ретінде аталады. Азаттық әскерінің қолбасшысы Дж. Вашингтон, Тәуелсіздік декларациясының авторы Т. Джеферсон, АҚШ-тың халықаралық аренада мойындалуын қамтамасыз еткен Б. Франклин мен Дж. Адамс, мемлекеттегі саяси жүйенің концепциясын дәйектеген Федералистердің жазбалары авторлары А. Гамильтон (әрі қаржы жүйесін қалады), Дж. Джэй (әрі сот жүйесін құрды) және Дж. Мэдисон (Конституцияны әзірледі).
Қазақстан жағдайында осыған дейін мемлекет құрушы тұлға ретінде тек Н. Назарбаев аталды. Егер бүгін Түркістан газетіне берген сұхбатта айтқан ойын іске асырып, жаңа және сапалы Конституция қабылданатын болса, онда болашақта Қ. Тоқаев та мемлекеттің негізін қалаушы тұлға ретінде қабылданатын шығар.
Билік тармақтары бөлінген, мемлекеттік институттар арасында тежемелік пен тепе-теңдік сақталған, билік алмасу процесінің бейбіт жүру шарттары қамтамасыз етілген, әр жылдары орынсыз өзгерістер енгізуден қорғайтын тетіктері бар Конституция әзірленген жағдайда Ата заңның күші жүріп тұрған жылдары оның авторы да еске алынатыны анық.
Ұқсас жаңалықтар