Өркениет жолы

2732
Adyrna.kz Telegram

Биылғы жылдың 26 қазанында Елбасы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Жарлығына қол қойды. Жаңа әліпби тарихқа ұлттық әліпби болып енеді. Бұл нүкте емес. Қыруар жұмыстың басы ғана. 
Әліпби нұсқасы бекітілгенге дейін жүргізілген жұмыстар негізінен латын қарпіне көшу қажеттілігін негіздейтін ақпараттық-түсіндіру сипатында болды. Ол үшін құрамында тіл мамандары, сарапшылық қауымдастық, мүдделі ұйым өкілдері қамтылған жұмысшы топ құрылды. Іс-шаралар жоспары бекітіліп, топтың жұмысшы кеңестері өткізілді. Ақтөбе қаласында, аудандарда қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында, мақсатты аудиторияларда түсіндіру шаралары өтті.

Тақырыптық ақпараттық стендтер, көрме, фотогалереялар, пікірталастар, басқосулар, кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, реформаны өткізу жөнінде маңызды сұрақтар мен оларға жауаптары қамтылған кітапшалар, буклеттер әзірленді. «Латын әліпбиі – заман талабы» атты слайд-шоу, роликтер әлеуметтік желілер арқылы ротация­ланды. Халықтың пікірін зерделеу мақсатында облыс тұрғындары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді.
Облыс тұрғындары арасында жүргізіл­ген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде облыс тұрғындарының 91,7%-ы латын графикасына көшу туралы хабардармыз деп жауап берді. Оның ішінде 53,6%-ы – БАҚ, 24,4% – интернет, 13,7% – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы таныс екенін айтты. Бұл жайт, біріншіден ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында негізінен ақпараттық ресурстардың әлеуетін пайда­ла­нудың тиімділігін, екіншіден, жүргізілген жұмыстар пәрменділігін көрсетеді.
Тұрғындардың 71,6 %-ы қабылданған шешімді әлемдік қауымдастыққа ену үрдісін жеделдету шарасы ретінде қолдаса, 11%-ы қолдайды, алайда реформаны асықпай жүзеге асыру қажет деп есептейді.
Әлеуметтік желіде биылғы жыл­дың қыркүйегінен бастап арнайы «AktobeLatyn» ақпараттық парақшасы, 1 маусымынан «#латынграфикасы» хэштегі құрылып, олардың контенті тақырыптық материалдармен толық­ты­рылып отырады. Осы кезең ішінде хэштег арқылы 15000-ға жуық адам реформаның барысы туралы ақпарат­тандырылды. Бұл – ақпарат таратудың жаңа қолжетімді технологияларын қолданудың тиімділігіне түсіндіру кезеңінің маңыздылығы – айғақ. Алғашқы кезеңде өзекті сипаттағы халықты толғандыратын бірқатар мәселелердің толықтай күн тәртібінен түсуі талқыланды. Атап айтқанда, осы кезге дейін қалып­тасқан мәдени, әдеби мұраның сақталуы, қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуі, орыс тілі мен орыс­тілді ортаның мүмкіндіктерін шектеуі, оқыту шаралары, жүйесі қалай болады деген сұрақтар бойынша толық­қанды жауаптар берілуде. Бүгінгі таңда пікірталастар негізінен латын әліп­биіне көшу немесе көшпеу емес, әліп­бидің қандай нұсқасын таңдаған тиімді және оны жетілдіру бағытында өрбіп отыр.
Бір жарым айға созылған әліпбидің алғашқы нұсқасын талқылау кезеңін­де басқарманың міндеті тіл мамандары, зиялы және сарапшылық қауым, оқытушы, тілші, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстарын жинақтап, әдістемелік-үйлестіру орталығына жеткізу. Ал әліпбидің екінші нұсқасы бекітілгеннен кейінгі жұмыс – оны халық арасында жариялау, таныстыру, ерекшелігін түсіндіру, сонымен бірге латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін енгізу бағытындағы алдағы міндеттерді жеткізу, жұмыстарды жос­парлау бағытында жүргізілді. Бекітіл­ген әліпби нұсқасын таныстыру мақса­тында 45 мекеме-кәсіпорында үш мыңнан астам адамды қамтыған кездесулер ұйымдастырылды. Бірқатар аудан орталық­тарында тақырыптық семинарлар өтті.
Ендігі кезекте жаңа әліпби нұсқасы­мен егжей-тегжейлі жұмыс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жетілдіруді талап ететін тұстар айқындалады. Жазу, айту ережелері жасалады, әр дыбыстың буын құрамында, сөз құрамында, сөйлем құрамында оқылым, естілім, жазылымда қолданылу тәртібі айқын­далады. Қысқаша айтқанда, ғылыми тұрғыда қазақ тілінің бас­ты ережелері бекітіледі. Бұл лингвист, тіл мамандарының, жалпы тіл ғы­лымына қатысты көпшіліктің міндеті. Содан кейін сол ережелерге негізделген оқу құралдары, әдістемелері әзірленеді. Қазақ тілін латын графикасында оқытатын кадр­лар іріктелініп, біліктілігін арттыру шараларымен қамтамасыз етіледі. Қазақ тілін оқытудың мемлекеттік стандарттары бекітіледі. Бұл кемінде үш-төрт жылды қамтиды. Сондықтан да толықтай латын графикасына көшу мерзімі 2025 жыл болып отыр.
Осы ретте назар аударатын жайлар бар. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында мекеме-кәсіпорын­дардың, кәсіпкерлік нысандардың маң­дайшаларын, көрнекі құралдарын латын қарпінде жазып, орналастыру жағдайларының орын алуы туралы ақпараттар жарияланып жүр. Әрбір тарап латын қарпінде жазуға өзін дайын, бейімделген деп есептеуінің негізі де болар, дегенмен, теріс тілдік үлгі қалыптастырып, түптеп келгенде сауатсыздыққа итермелейтін қадамдарға барып, жоғарыда көрсетілгендей белгілі бір тілдік тұжырымға келмей асығыстық көрсетудің жөні жоқ.
Жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың осы кезеңдегі міндеті халық арасында түсіндіру, сонымен бірге латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін енгізу бағытындағы жұмыстарды жоспарлау. Осы ретте латын қарпіне көшу жөніндегі облыстық жұмысшы тобының, басқарманың, басқарма жанындағы тілдерді оқыту орталығының әдістемелік, практикалық әлеуетін пайдалана отырып, Ақтөбе қаласы, аудандарда, еңбек ұжымдарында, кәсіпкерлік нысандарында, ұжым, мекеме, кәсіпорындарда түсіндіру шаралары өтуде. Қараша айында облыс әкімдігінде облыс әкімінің төрағалығымен латын графикасына көшу мәселесі қаралып, мүдделі мекемелердің атқарылған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды, тиісті тұжырымдар жасалды.
Статистикалық деректерге сәй­кес, облыста алты жастан асқан 669 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл – жаңа әліпбиде оқытумен қамты­латындардың жалпы саны. Егер 6-21 жас аралығындағы азаматтар, яғни ұлттық білім жүйесі арқылы қамтылатынын ескерсек, қалған 400 мыңдай адамның мақсатты ауди­ториясын оқыту қажет болады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін білікті оқытушы кадрлары қажет. Осыған байланысты қазақ тілі оқытушыларының білікті маман­дар пулын қалыптастыру, қа­зақ әліпбиін латын графикасында оқыту үйірмелерін ашу жөнінде ма­те­риал­дық-техникалық, кадрлық ұйым­дас­тырушылық шараларын алу мін­деттері тұр. Мысалы, облыс орталы­ғында С.Бәйішев атындағы кітап­­ханада оқыту бұрышы ашылды.
Басқарманың іс-әрекетіне келетін болсақ, алдағы жылы «Қош келдің, жаңа әліпби» жобасы аясында тұсаукесерлік сағаттарды өткізу жалғастырылады.
Жүргізілген зерттеулерде латын графикасына: «Қиындықсыз ауысу үшін қандай шаралардың жүзеге асқаны жөн болады?» деген сауалға халықтың басым бөлігі: «Тұрғындардың барлық санаттарына латын қарпін тегін оқыту курстарының қажет екенін» алға тартты. Сонымен бірге олардың басым бөлігі (62%) арнайы тілдерді оқыту немесе жұмыс орындарында (27%) ұйымдастырылған оқыту курстарында үйретуді қалайтынын жеткізді. Осыған байланысты «Тіл жаңғыруы – жаңа әліпби» латын графикасына негізделген қазақ тілінде сауат ашу парақшалары, көмекші көрнекі өнімдер әзірлеп шығару, Ақтөбе қаласында, аудандарда, еңбек ұжымдарында, кәсіпкерлік нысандарда, білім, мәдениет мекемелерінде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін сапалы оқыту мақсатында оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру шараларын қолға алу, қазақ әліпбиін интернет ресурстары арқылы қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру міндеті тұр. Сонымен бірге арнайы жоспарға сәйкес реформаның саяси маңыздылығын арттыру мақсатында «Тілтану және тілші» тақырыбында әлеуметтік акциялар, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» жобасы, «Менің тілім – ғажап тіл» патриоттық жобасы аясында ашық диктант ұйымдастыру, ақпараттық сүйемелдеу мақсатында «Латын әліпбиі – өркениет жолы» телехабарын, «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» лингвистика сағаты тележобасын, баспа өнімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақ тілінің жаңа әліпбиі: қызықты сабақтар» айдарын ашу, мақалалар, сабақтар циклін жариялау көзделіп отыр. Халықпен «кері байланысты» әрі қарай қамтамасыз ету мақсатында #латынграфикасы хэштегін, «AktobeLatyn» ақпараттық парақшасын өзектендіру, ахуалға қатысты әлеуметтік зерттеу жүргізу, атқарылып жатқан жұмыстарға мониторингтік талдау, сараптама жасау жалғасатын болады.


Гүлайым ТӨЛЕБАЕВА, 
Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Пікірлер