Қазақтың 73-ші бапкері

2277
Adyrna.kz Telegram

(Елеулі елу тоғыз)

Бүгін - қаламы қарымды спорт журналисі, жазу өнерінің шебері Қыдырбек Рысбектің туған күні. Бозбала кезімізде Алматыда табыстық. Біз оқу іздеп, оттай жанған Оңтүстіктен келдік. Ол қыр арқасын соқа жыртқан, орысы мен орманы көп Солтүстік жақтан келді. Содан ба, санасы сергек, ойы орамды еді. Ұлт ұпайын түгелдейді де жүреді. Біз КазГУ-дің журфагына, ол КазПИ-дің тарфагына түсті. Бірақ журналистерге есесін жіберген жоқ. Еркін жазды, есіліп жазды, көсіліп жазды. "Бес ғасыр жырлайды" мен "Батырлар жырын" жата-жастана оқыған оның тілі керемет құнарлы еді. Сол тілді салды көркем көсемсөздің көкпарына... Арқадан Алатауға дейін көсіле шауып келген Құлагер сынды еді ол... Біздің тұсымызда баспасөздегілердің де, басқа сөздегілердің де алымдылығы мен шалымдылығы жағынан оған жететіні жоқ еді. Ол сөзін кестелей, сөйлемін дестелей білді. Ұлттық өрнек салды. Əр сөзінің астары мен қатпарын жатып алып зерттейтін едік біз оның. Қатарластарымыз арасында алғашқы кітапты да Қыдыр шығарды.

Өрімдей жас кезінде дүние жүзіндегі құрлықтар құлақ түрген оқиғаларға арнаулы тілші аттандыра алатын "Ер-Дəулет" ақпарат агенттігін құрды. Төрт-бес жыл дəуірі жүрген "Ер-Дəулет" ресми агенттіктерден кем түскен жоқ. Кейіпкеріміз соңғы отыз жылда алты Олимпиаданың куəгері болды. Кəрі құрлықтардың шаңын қаққан талай дүбірлі додалардан шұғыл репортаж жолдады. Кейін спорт журналисінің қаламына қоса спорт шенеунігінің портфелін ұстады. Ірілі-ұсақты спорт мекемелерін басқарды. Ел аралап, шымыр денелі қазақ балаларын іздеп шарқ ұрды. Өз ісіне əбден берілді. Егілді. Жегілді. Сөгілді. Төгілді. Барған жерінің бəрінде жайқалып өскен құрақтай жасөспірімдер бой көрсетті. Соның бəрі шығармашылығына ептеп қолбайлау болғаны да рас.

Жоқ, қолын байлағанымен, жолын байлай қоймапты. Бұрын спорт əлеміне ат қосқан ұлт ұланына қатысты жылт еткен жаңалықты елге жедел жеткізіп, тұғырлы тарландарды теңдессіз теңеулер арқылы кейіптесе, енді қазақ спортының шежіресін жасаумен айналысты. Балуандарды да, боксшыларды да түгелдеп шықты.

Жақында төрт аяғын тең басқан тағы бір туындысын ұсынды. "Қазақтың 72 бапкері" деген ауқымды жинақ - шүмектеп емес, шелектеп төгілген тердің жемісі. Осыдан кейін талай спортшыны томағасын алып, топқа салған оны қай бапкерден кем дей аламыз?!

Туған күнің құтты болсын, айналаң аман, төңірегің түгел болсын, қазақтың 73-ші бапкері!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер