Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын

5177
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздер туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран  Қазақстан Республикасының рәміздері болып табылады. Осы елдің әрбір азаматы рәміздерді құрметтеуге міндетті.

Рәміздер - ұлттық болмысымызды айқындаушы символ. Еліміздің егемендігінен хабар беріп, өзге елмен иық теңестіретін дамушы ел екендігімізге дәлел болатын бірден бір айшықты белгі. Тәуелсіздік таңы атқан бойда рәміздерді қабылдау бағы бұйырыпты. Түрлі салада қазақ атын әлемге танытар азаматтарымыз бәйгеден оза шапқанда, байрағымызды желбіретіп, әнұранды әуелете шырқатқанда, қазақтың патриоттық сезімі тұлпарша дүбірлегені де өз алдына бір  бақыт! Елдігіміздің беделі биік болу үшін де рәміздердің тұғыры берік болуы маңызды. Қазақы мәртеТбеміздің қаймағы болған ұлттық нышандарымыздың сипатына шолу жасайық.

Көк тәңірдің сыйы- көк Ту. Мемлекеттік Ту ашық көгілдір түсті. Қазақ ұғымында көк түс ашық аспан, бейбіт күннің белгісі. Тереңіне көз жүгіртсек,  сонау түркі заманында Қазақ пен Алаш тарихында көк түс аспан мен жерден, тәңірден хабар берген. Түркі жұртшылығы үшін бұл түс  қажымас қайратты, мықты рухты, абырой мен жеңімпаздықты, үстемділікті білдірген.

«Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз,

Көк аспандай әлі де күркірерміз.

Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса,

Қай дұшпанның алдында іркілерміз?»- дегендей, тарихта көк түс -  жүрекке рух пен сенім берген қасиетті ұғым. Қазіргі тудың көк түсті болуы тарих қойнауынан сыр шерткендей. Осы бір нышанның авторы- Шәкен Ниязбеков. Тудың дәл ортасында 32 дән айналған шуақты күн,  астында қалықтап ұшқан қыран орналасқан. Алтын күн - даму мен өсіп өркендеуді, ал сәулесі- молшылық пен берекені білдіреді. Қанатты қыран- билік пен айбындылық бейнесі, одан бөлек еркіндік сүйгіш құс ретінде егемендікті, халықтың жан-дүниесінің кеңдігін паш етеді. Сабының тұсында ұлттық ою-өрнегіміз нақышталған, тік бұрышты кездеме талай дүбірлі додаларда биікте желбірей берсін!

Елдіктің нышаны - Елтаңба. Ең  түп негізгі белгіден бастар болсақ, Елтаңбаның жүрегі - шаңырақ. Шаңырақ бірлікті бетке ұстаған берекелі отбасының бейнесі. Жан-жағынан уықтар шашыраған дөңгелек нысан халқымыз бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешсін деген тілекпен салынса керек. Көшпелі түркі жұртында киіз үйдің күмбезі біртұтастылықты, жылы ошақты суреттейді. Оның оң және сол тұсында екі сәйгүлік бейнеленген. Дала дүлділі, ер азаматтың желдей ескен жүйрігі - тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың, жеңіске деген ұмтылыстың белгісі. Уақыт пен кеңістікті біріктірер аңыздағы қанатты пырақтар таңғажайып жасампаз қиялды, жақсылыққа деген құштарлықты танытады. Елтаңбаның тәжі ретінде төбе тұста бес бұрышты жұлдыз, төменгі жағында  «Қазақстан» жазуы орналасқан. Елтаңба Мемлкеттік орындарда, ұлттық валютамыз теңгенің бетінде нобайланған. Рәміздің авторлары- Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлиханов.

Әлемге танытар Әнұран. Мемлекеттік Әнұран 2006 жылы 6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Парламент отырысында бекітілді. Алғаш рет осы жылы 11 қаңтарда Елбасының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Ел азаматтарын әлеуметтік тұрғыдан топтастырып, мәдени тұрғыдан теңестіру үшін үлкен мәнге ие дыбыстық рәміз. Әнінің авторы - Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Елдің  берік тұтқасы саналып, жаһанданушы ел болғанымыздың дәлелі Мемлекеттік рәміздеріміздің беделі қашанда биік болғай. Әнұранымыз еркін шырқалып, көгілдір Ту көкте желбіреп, елдіктен хабар берер Елтаңба тек төбеде ілінсін деп тілеймін.

Еңлік Жұмаш

Пікірлер