«Таза қанды тазы жоқтың қасы»

1180
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rV93OG2YttvnEowTgrdE6bmCs0kDrf2sNXyzdMv1.jpg

Қашқанын қапқанша тықсыратын қазақ даласында таза қанды тазы аз. Қазақтың жеті қазынасына кіретін төл итіміздің дүрегейленіп,дүрек болып жойылып кетердей қаупі туындап тұр деп дабыл қағып жүргендер бар. 

Сонымен қатар, тазы әлемдік ұйымдарда толыққанды мойындалмаған. Тіпті Қазақстанда ресми тіркелген үш мыңға жуық тазының тек 10 % ғана шын мәнінде тазы деген көзқарастарда айтылады. Осы ретте тазыны бақандай 30 жыл зерттеп жүрген Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Зоология институтының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Константин Плахов пікір білдірді:

“Біз «таза қанды» дегенде, ең алдымен мынаны меңзейміз: техникалық тұрғыдан шартты түрде таза қанды деп, 4 ата-тегіне дейін ешбір үзіліссіз белгілі болған иттер саналады. Ал толық таза қанды дегеніміз – кемінде 7 ата-тегіне дейінгі әрбір буыны толығымен белгілі болып, барлығы тазыдан тұруы қажет. Өкінішке қарай, қазіргі кезде бізде өзін тазы деп атайтын, бірақ шын мәнінде ондайға жатпайтын иттер өте көп. Қазақ бекерден-бекер «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» демеген. Бұл – халықтың тазы деп атау үшін тек қана иесінің сөзі жеткіліксіз екенін, иттің тазыға тән белгілері болуы шарт екенін түсінгенін білдіреді. Қазір басқа тұқымдардың көптеп әкелінуіне байланысты кей адамдар сыртқы бейнесі ұқсас салюкиді тазыға қосып жібереді, ал кейбіреулер қысқа жүнді тазыларды грейхаунд пен хортиға будандастырады. Мұндай әрекеттер, әрине, тұқымға пайда әкелмейді. Бұл – қазіргі жағдайдағы ең басты мәселелердің бірі".

Жүйрік ат, көңіл ашар, қыран тазы дегендей, әзелден көшпелі қазақ халқының салпы құлақ тазысы – салт-дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтқанындай, ол – ұлттық брендіміз. Қазіргі таңда қазақ тазысын жаһандық сахнада ресми мойындату үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жайында Президентіміз өз сөзінде атап өткен: «Бірнеше жыл бұрын қазақы тазы Қазақстаннан тыс жерде көпшілікке беймәлім еді. Алайда мемлекет бұл тұқымды халықаралық деңгейде мойындату үшін жүйелі жұмыстар жүргізді.

2022 жылдан бастап Қазақстан халықаралық кинология федерациясының (FCI) толыққанды мүшесі атанып, қазақы тазыны ресми тіркеу үдерісі басталды» Иә, тазы тақырыбы бүгінде еліміз үшін келелі мәселелердің бірі. Тазы ғана емес, қазақы төбеттердің де жайыбір төбе. Халықаралық ұйымдар біздің тазы тұқымын мойындауы үшін оның сыртқы бейнесі мен тұқымдық белгілерінде бірізділік болуы қажет. Қазір бұл бағытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі Парижде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, ЮНЕСКО үй жануарларының тұқымын тікелей тізімге енгізбегенімен, оларға қатысты әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді мәдени мұра ретінде қарастыруға мүмкіндік бар.

Фото:Абзал Манарбекұлының жеке қорынан

Десек те, кейбір мамандардың айтуы бойынша, Қазақстанға тұқымды мойындатуға өтініш беруге әлі де ерте.

 «Асыққан етектен жығылады» дегендей, бұл іске байыппен қадам басып, ой елегінен өткізген жөн деседі. Бұл жөнінде Константин Плахов: “Мен бастапқыдан Қазақстанның тез арада тұқымды мойындатуға өтініш беруіне қарсы болдым. Бүгінгі күні бізде тазы да, төбет те біртекті емес. Түрлілік тек әр өңірде ғана емес, әр жер ішінде де кездеседі.Егер біз тұқым туралы айтсақ, оның басты талаптарының бірі – бірізділік, яғни сыртқы бейнесінде де, мінез-құлқында да, сондай-ақ жұмыс сапаларында да үйлесімділік болуы керек. Өкінішке қарай, бізде ондай тұрақтылық жоқ", -дейді.

Расында, сайып келгенде, қазақ даласында саф қанды тазылар өте сирек кездеседі. Өз кезегінде шежіресі үзілмеген тазылардың қалың жұртшылық арасында бағасы арзан емес. Тазы баптау – қазақтың тұрмысымен қатар жасап келе жатқан ата кәсіп. Бүгінде бұл салада ерен еңбек етіп жүрген азаматтар айтарлықтай көп емес. Солардың бірі — Абзал Манарбекұлы, ол таза қанды тазы асыраумен айналысады. Оның айтуынша, бір итті бір жыл қамтамасыз етіп, жағдайын жасау үшін 500–700 мың теңге шамасында қаражат қажет. Алайда мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек жоқ. 

“Мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатын болсаң, мемлекет тарапынан субсидия бар. Шетелден арнайы сүт бағытындағы ірі қараларды алып келсеңіз де, белгілі бір субсидиялар қарастырылған. Қысқасы, ауыл шаруашылығы төңірегінде қолдау өте көп. Десек те, мен тазы бағытында қаншама еңбек етіп жүрсем де, тазыға байланысты ешқандай субсидия жайлы естігенім жоқ. Біреулер тазыны асырауға байланысты субсидия береді деп қуанып жатады. Нақтырақ сұрағанда, бос әңгіме болып шығады. Өйткені тазыға байланысты субсидия болар болса, мен білетін едім. Субсидия бізге қажет. Берер болса, алар адамдардың шебінің алдында тұрар едім. Десе де, үкіметтің тазы мәселесіне араласқаны, мемлекет басшысының қазақ тазысына назар аударуы — қуантарлық жайт. Тоқ етерін айтсам, тазы бұған дейін ешкімге керек болмаған", дейді Абзал Манарбекұлы.

Фото:Абзал Манарбекұлының жеке қорынан

Абзал Манарбекұлының жиырма шақты тазысы бар. Итбегіміздің пайымдауынша, тазыны күшік кезінен бастап күту, қажетті құжаттарды дайындау, арнайы екпелерді салдыру және басқа да машақаттары жеткілікті. Екі таза қанды тазыны шағылыстыру кезінде ұрғашысы мен еркегінің арнайы кинологтар одағы табыстаған құжаты болуы шарт.

Күшік туған соң белгілі сараптамалардан өткеннен кейін туу туралы куәлік беріледі. Бір жыл бойы бақылаудан өтіп, сынақтан және шынығудан өткеннен кейін ғана оған паспорт рәсімделеді, — деп мән-жайды айқара ашып түсіндірді. Оның айтуынша, ең қымбат тазысын 2,5 миллион теңгеге сатса да, бұл сала қомақты кіріс әкелмесе де, ол бұл саланы атадан қалған сорап жол деп, ең алдымен жүректің қалауымен айналысады. Қазақ итбегілікпен бағзы заманнан бері айналысып келеді. Қазақтың маңдайына біткен бұл ит тұқымы қожайын түгіл, тамам ауылды аштықтан сақтап қалған деседі. Алаш жұртшылығы тазыны көзінің қарашығындай қастерлеген. Бұл жайында қазақ мәдениеті мен тарихын тереңнен зерттеп жүрген атақты блогер Нұрқожа Ерсайын былай дейді:

“Бір тазының бағасы кейде 50 жылқыға дейін жеткен дейді және тазылар басқа иттер секілді сыртта жүрмей үйде тұратын болған. Ол қазақтың тазыны ардақтауының бірде бір мысалы".

Фото:Коллаж

Қазақы иттің санатына кіретін тазы тұқымының қашаннан бастап бірізділігінің жойылуы хақында Нұрқожа Ерсайын қысқаша былай жауап берді: “Бертінгі заманға дейін тазылар азайғанымен генефонды дұрыс болған. Оны жоғалту жақында басталды. Басқа тұқымдармен басқа тұқымдарды шағылыстыра бастағаннан кейін. Бұрын тазы көбінесе ақсүйектердің қолында болатын. Олар тазыны басқа тұқымдармен араластырмайтын".

Кез келген тұқымды бастапқы қалпында сақтап қалу — ежелден келе жатқан сабақтастықты ада қылып алмау, тазымыздың тұқымын тұздай жойылып кетуден сақтайды. Ал бүгінгі күні тазылардың таза қандылыққа тексеретін арнайы зертханалар бар. Тазының таза қандылыққа тексеру процесі кемі 1 апта не одан көп уақытты алуы мүмкін. Тазы мен төбет асырап жүрген азаматтар мен орталықтар тестілеуден өтуге жүгінеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Генетика және физиология институтының мамандарының айтуынша, итті зерттеу үшін қымбат құралдар мен заттар қажет. 2022 жылғы мәліметке сүйенсек, 48 иттің тұқымын анықтауға арналған арнайы жинағының бағасы кем дегенде 4,5 миллион теңге болған. Қазір бұл баға бұдан да жоғары болуы мүмкін. Бүгінге дейін 39 тазы иесінің иттері зерттеуден өткен. Осылайша тазыларды арнайы іріктеу арқылы таза қанды тазы деп тізімге тіркейді. Жобалап алғанда Қазақстанда 3000 дай тазы тіркелген. 

Әйтседе, Константин Плахов бұнымен келісер емес оның айтуынша:

“Кинологтар одағын тазыны мойындату үшін, менің түсінуімше, қожайындары «тазы» деп атаған барлық иттерді тазы деп жазыпты. Сөйтіп, шамамен 3000 ит шыққан, қателеспесем. Ал шын мәнінде, соның 10 пайызы ғана, әрі кетсе 15 пайызы ғана нағыз тазы".

Тазыны сақтау үшін істеліп жатқан жұмыстардың қарқыны қазіргідей қаз қалпында тұрар болса тазының болашағы не болмақ деген сауалға Константин Плахов былайша жауап берді: “Мұнда екі түрлі үдеріс бар. Бір жағынан, біз тазы мен төбеттің ұлттық орталығын құруды ұсынғанда, бұл мемлекеттік бақылауда болады деп үміттендік. Егер мемлекеттік бақылауды орнатуға қол жеткізілсе, онда мен бұған дейін айтқан генетикалық тестілеуді енгізсек, таза қанды тазыға жатпайтын иттердің көбеюіне жол бермесек, мамандарды дұрыс даярлауға және иелеріне ұлттық тұқымға ұқыпты қараудың мәнін түсіндірер болсақ, осындай жағдайда ғана тұқым сақталады. Алайда қазіргі жағдайда мәселе басқаша. Алғашқы проблема – басқа тұқымдармен будандастыру болса, екіншісі – «стихиялық көбею» деп аталатын құбылыс, яғни әркім өз қалауынша әрекет етеді. Ал көбеюді бүкіл республика көлемінде бірыңғай жоспар мен бірыңғай схема бойынша жүргізудің орнына осылай жалғаса берсе, онда біз тұқымды жоғалтып аламыз".

Өткен заманның өзінде қазақ толарсақтан саз кешіп, “байтал түгіл бас қайғы” кездерде тазыдан біршама алшақтап қалды. Құлазаған көңілді көтерген, ошақ түгіл ауылды азықпен қамтамасыз еткен тазымыздан біржола айрылып қалсақ, сүйегімізге зор таңба. Еліміздің жаңа бастауларының пайда болуы және оның қарқынының күшеюі жеті қазынаның арасынан орын алған құмай тазымыздың сақталып қалуына бірден-бір сеп. Шартарапқа тазының шынайы құндылығын түсіндіріп, бұл тұқымды қайта шарықтату – біздің қолда. 

Марат Батырхан

Пікірлер