Қымыз мерекесі – ұлт мерекесі

3244
Adyrna.kz Telegram

Жалпы, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық дәстүрлі мерекелерінің бірі - «Қымыз» мерекесі. Бұл мейрам да «Наурыз» мейрамы сияқты көнеден келе жатқан мейрам. Дәлел ретінде келтірсек, Еуропа, Қытай, Парсы елдері тарихшылары мен саяхатшыларының, Геродоттың жазба деректерінде, Скифтерде «Ең жақсы сусын - қымыз, ал үлкен мереке - «Қымыз» мерекесі» - деп жазылған деректер бойынша. Кейінгі ортағасырлық ғалымдардың еңбектерінде де көптеп кездеседі. Әсіресе, Армян, Ресей тарихшыларының еңбектерінде «Көшпелілердің үлкен мерекесі - «Қымыз мерекесі» - деп айтылады. Бірақ, өкінішке орай, бұл мереке Кеңес одағы кезінде ұмыттырылып, буржуазиялық мереке делініп, аталынбай қалған.

Осы мерекені «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық музейінің жұмыстарын жандандыру мақсатында музейліктер сол кездегі басшысы Бақтияр Қожахметовтың бастамасымен, Ұлытау ауданы әкімдігі және «Ұлы тағзым» қоғамдық қорымен бірлесіп, көнеден сол дәстүрді сақтап келе жатқан Терісаққан ауылынан «Терісаққан көктемі» этнофестивалі» деген атаумен бастап кеткен болатын.

Бұл ауылдың ерекшелігі - ғасырлар бойы «Бие байлау» рәсімін сақтап қана қоймай, ауыл тұрғындары бір кісідей ұйымшылдықпен 1 мамыр күні өткізіп келеді. 1 мамыр күні Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесінің жалғасы ретінде, «Бие байлау» немесе «Айғыр қосу» - мерекесі дәстүрлі түрде өтіп келеді. Иә, Терісаққан ауылының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған соң, ауыл жұртшылығы малдарға, оның ішінде жылқы малына ерекше көңіл бөледі.

Ауыл бар-жоғы шағын ғана 50-60 түтіннен құралса да, жыл сайын 1мамыр күні 23-24 үйір жылқыдан бір күнде, бір кісідей бие байланып, айғыр қосылады. Сонымен қатар, бұл дәстүр ауданның солтүстік суық аймағында орналасып, қатал қысты басынан өткерген Терісаққан ауылы үшін, көптен күткен көктемнің алғашқы дәстүрлі мерекесіне айналған.

Шынында да осы уақытта әр үйдің маңында қазыққа желі қағылып, май жағылып, құлындары байланып, айғырлар жіберіліп, алғашқы биелер сауылады. Сол жерде кереге тұтылып немесе көк майса шөпке дастархан жайылып, ет, қуырдақ, бауырсақ, май, балқаймақ, құрт, ірімшік және т.б. ұлттық тағамдар қойылып, келген қонақтарға ұсынылады. Келген кісілер дәмнен ауыз тимес бұрын, үй иесіне: «Байлар көбейсін!», «Ақ мол болсын!» - деген жақсы ырымды сөздер айтып, дастарханға жайғасады. Осының бәрі қазақ ұлтының ырым-жоралғысының ұмытылмай, сақталып келе жатқанын көрсететін қуанышты жағдай емес пе...

Фестивальге арнайы сұранып, әр мемлекеттен және еліміздің басқа өңірлерінен қызығып келушілер саны жылдан жылға артып келеді. Мерекелік іс-шараның басы «Бие байлау» рәсімін тамашалаумен басталып, шебер-сыныптары, ұлттық ойындар (найза лақтыру, садақ ату, асық ату, лекеш, атжарыс), жылқы жығу, асау үйрету өнерлерімен жалғасып, кешкілік ауыл көркемөнерпаздарының концерттік қойылымымен аяқталады.

Мерекені тамашалаған әрбір адамның жүрегінде өзінің ұлтына деген патриоттық сезімі ұялайды. Себебі, қазақтың ұлттық: киіз басу, ши тоқу, бау тоқу, арқан есу, сонымен қатар, күбі ыстау өнерлері ауыл шеберлерінің қолымен жасалып көрсетіледі.

Бұл мерекені көктем таянғанда ауылдың ата-әжелері, балалары мен келіндері арқан есіп, қысқы соғымның шұрайлы қазы-қарта, жал-жаясын, қарынға салынған сары майын, құрт-ірімшігін сақтап, үлкен дайындықпен асыға күтеді. Сондай-ақ көршілес ауылдардан қонақтар келіп, киіз үйлерін тігіп, мерекенің жақсы өтуіне бір кісідей қолдауларын көрсетті.

2012 жылдан 2016 жылға дейін осы Терісаққан ауылынан бастау алған фестиваль, басында кішігірім аудан көлемінде аталып өткен еді. Бірақ, сол кездің өзінде әлеуметтік желілерден тараған насихаттың арқасында облыстық, республикалық БАҚ журналистері келіп, телеарналардан көрсетіліп, жаңалықтарға тарап кетті. Келуші туристтер саны жыл сайын көбейіп, кейін АҚШ, Франция, Ресей, Украина, Польша, Бахрейн әмірлігі және т.б. мемлекеттерінен келе бастады. Тіпті 2014 жылдан бастап, Терісаққанға ЮНЕСКО өкілдері архитектор Елена Хорош, археолог Эмма Усманова, тарихшы ғалым Ахмет Тоқтабайлар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, «Қазақфильм» киностудиясымен кино түсірілген болатын.

Сонымен қатар, осы дәстүрлі мерекеге байланысты 2018 жылы «Ұлытау» қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау: халықаралық тәжірибе және келешек» атты халықаралық семинар өтіп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің және Қазақстанның ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра комитетінің сарапшылары, сонымен қатар, республика бойынша мәдениет саласының қызметкерлері қатысқан. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ұлытау» қорық-музейінің дайындауымен «Қасиетті Ұлытау: Терісаққан төскейі» атты кітап жарық көрді.

Бұл фестиваль кейін Ұлытау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығында және басқа да ауылдарда  «Көкмайса» атауымен жалғасын тауып, келуші туристер жыл сайын қызықтап келеді.

Елена Христофоровна Хороштың бұл жұмысты түбегейлі ғылыми зерттеуінің нәтижесінде 2018 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраның қазақстандағы  тізіміне мамыр айында енгізілсе, желтоқсан айында Африка мемлекетінде Маврикий республикасында өткен ЮНЕСКО-ның ХІІІ сессиясында осы фестивальді Бақтияр Сапарбекұлы Қожахметов барып қатысып, «Жылқышылардың көктемгі дәстүрлі жоралғылары» номинациясымен қорғалып, дүниежүзілік тізімге енді. Сол жылы осы номинацияны дайындап үлгеріп, Ұлытауға өзінің артынан ізін қалдырып кеткен Елена Христофоровнаның еңбегін ерекше атап өту керек.

Осы аталған іс-шараны Бақтияр Қожахметов кейінгі кездері, яғни 2021 жылдан бастап, республика көлемінде аталып өтуі үшін, еліміздің көптеген (Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды) облыстарын, тіпті халықаралық деңгейде өтуі үшін Түркия, Ресей мемлекеттерін (Омбы, Саратов, Астрахань қалалары, Қалмақ, Алтай, Қабарда-Балқар, Саха республикалары) аралап, насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 2022 жылы Ақмола облысының Қорғалжың, Атбасар, Степногорск, Ерейментау, Павлодар облысының Шарбақты аудандарында аталып өтті. Осы аталған аудандарда биылғы жылы маусым айында да өткізу жоспарланып отыр. Сондай ақ, тағы бір керемет жаңалық, жақында ғана осы жылы 21 мамырда Түркия республикасының  Анкара қаласында Түрксой, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Анкарадағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен «Қымыз фестивалі» аталып өтті. Іс-шараға ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Астана қаласынан «Ұлы тағзым» қоғамдық ұйымы директорының орынбасары Нұрлан Омаров, Дүниежүзі қазақтарын дамыту қорының төрағасы Ерлан Байын, қазақ диаспорасы мен зиялы қауым өкілдері, қазақ-түрік студенттері, Анкараның жергілікті халқы мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысыпты.

Іс-шарада көрермендерге Қазақ халқының ұлттық сусыны - қымыздың әзірлену жолдарымен таныстырыпты. Желі тартылып, құлындарды байлап, бие сауып, саумалды күбіге құйғанды, сондай ақ,  қымыздың әзірлену жолдарын көрсетіпті. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар әзірленіп, қазақтың әні мен күйі орындалыпты.

Ұлытаудан бастау алған осы дәстүрлі мерекенің республикамыздың түпкір-түпкірінде, тіпті шет мемлекеттерде аталып өтуі керемет жаңалық емес пе. Келешекте, «Қымыз мерекесі» республикалық ұлттық дәстүрлі мерекеге айналса, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабамыз бастап берген салт-дәстүрімізді, қалдырып кеткен ұлттық құндылықтарымызды жандандырып, сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру - біздің парызымыз!

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және

 табиғи музей-қорығының

Бас қор сақтаушысы Б.Ш.Шайгозова

Пікірлер