РҮСТЕМ АШЕТАЕВ: Қазақтың басындағы қасіретке ең әуелі қазақтың өзі кінәлі

9204
Adyrna.kz Telegram
Бүгінгі ата-бабамыздың басынан өткізген қасіретін еске алу күні - ұлтымыздың тартқан тауқыметін еске алып, сұм империяға қарғыс айтқызғаннан өзге бұл күн қазаққа тағыда не бере алады?
Есімізден шығармаймыз. Айтамыз, жазамыз (бұдан былай одан кенде болмаспыз). Бірақ, "ұлтымыздың басына түскен осынша тауқыметіне кім кінәлі?" деген сұраққа жалғыз сұм империяны кінәләп қана құтыла береміз бе?
"Қазақтың басына түскен қасіретіне ең әуелі қазақтың өзі кінәлі!" деген ой туындамайды ма? Неліктен, біздер тек біреуді кінәлағанға құмармыз?
1920-1938-ші жылдардың қасіретіне ұшырамай тұрғанда, сол кезеңге дейінгі 30-50 жыл бұрын ұлтымыздың тозып кетпеуі үшін қазақ не әрекеттер жасады? Ұлттың тағдырын "құдайға аманат" етіп, малын бағып жатты ма? Әлде, әлемдік көштен қалған ұлттың жойылатынын сезіп, өркениеттен қалмауға ұмтылды ма? Ұмтылса нәтижесі қаншалықты болды? Ұмтылыстың нәтижесінің аздығына не себеп болды? Сол "себептер" қазір де біздің қоғамда бар ма? Сол тарих қайталанбасы үшін зұлмат жылдарға дейінгі 50 жылдың да тарихын түгендеп тұрып түсіндіріп, жоғарыдағы сұрақтардың жауабына терең бойлай отырып ұғындырып беретін тарихи-танымдық кітаптардың жазылмай жатқанына не себеп? Әлде, тарихшыларымызға ең оңайы архивтерден 1920-40-шы жылдарды "түгендеп қайта берген" оңайырақ па? Дұрысы, ашығын жазсам соққының бір ұшы қазаққа тиіп кетіп, сабылған Абайдың керіне қалып кетермін деген жалтақтық па? Бұл зұлмат жылдардың тарихын қысқа қайырып жаза бергеннен кім ұтады? КСРО-ның озбырлығын жазғанда "апарып-алып келіп" жатырмыз. Одан кенде емеспіз. Бірақ, қашанғы біздер негізгі себептен айналып өтіп, бүгін анау жаман, ертең мынау жаман деп өзгелерді кінәләп жүре бермекпіз? Өзгелерді жамандағаннан өзіміз түзеліп кетсек қанекей!
Өзімізді өзіміз қашан түзей аламыз?! Тек қана осы зұлмат жылдардың келуіне қазақтың өзінің кінәсін ашып көрсетіп, содан сабақ алғанда ғана шынайы түзелуге бет бұра бастаймыз.
Оған дейін, Ресей жаман, Қытай жаман, АҚШ жаман т.с.с. деп өз қателігімізден шеккен тауқыметтерге өзгелерді кінәлап келдік! Одан өзгелер ұтпаса, біз ұтпаймыз.
Өйткені, сен қашан өзіңнің әлсіз тұсыңды өзің көрсетіп, сол олқылығыңды жоюға, күресуге ұмтылмайынша, өзгелердің мұртын да қисайта алмайсың.
"Абай жолы" романын үш рет оқып, үш ретінде де соңына дейін бітіре алмадым. Өйткені, үшінші томын бітіргенде, қазақ ұлтының ең осал тұсының бәрін көз алдыңнан өткізесің. Ал, сол кездегі қазақтардың астына көлік мінгізіп, қолдарына телефон ұстатып қайта жазып шықсаң, дәл қазіргі қазақ қоғамын көресің.
Бар айыбыңды көресің. Бәлкім бой түзейсің. Бәлкім...
Біздің қоғам сол баяғы Абай заманынан өзгерген дәнеңесі де жоқ. Демек, Абайдың кезіндегі бейқам қазақтың 50 жылдан кейінгі тарихын болашақта қайталауымыз бек мүмкін.
Сондықтан, бұдан былай сол жылдардың салдарын ғана көрсете бермей, 1850-ші жылдардан бері кезеңдердегі себептерін де көрсетіп жазуды ұсынамын.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер