Балалар кітапханасындағы қайырымдылық

3246
Adyrna.kz Telegram

Ананың ыстық алақаны мен мейірлене айтқан «айналайын, құлыншағым» деген жылы сөзін естімеген күйі қаншама бала есейіп, өмірдегі өз орындарын тауып жатыр десеңші...

Жуырда балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жас жеткіншектерді көзбен көріп, көңілдеріне сәл де болса қуаныш дәнін себепсек деген ниетпен Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының ұжымымен бірге Наурызбай ауданы Ақжар ауылында орналасқан әлеуметтік бағыттағы «Ақ Үміт» балалар үйіне барған едік. Мұнда ұл-қызын қосқанда 40 бала бар екен. Кітапхана ұжымы балаларға өлең оқытып, ән салғызып, түрлі ойындар ойнатып жатты. Балалардың көңіл-күйлері көтеріліп, мәз болысып жатыр. Осы аралықта ересектеу келген Қайсар есімді азаматты сөзге тарттық.

dsc02079

–Балалардың үлкені мен. Жасым он алтыда. Алматы Мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінде мемлекеттік грантпен оқимын. Мұнда бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрамыз. Жазғы демалыс кезінде кейбір балаларды туыстары алып кетеді. Мен осында қалғандарға бас-көз болып жүремін – дейді ол. Қайсардың сөзіне, жүріс-тұрысына қарап, жақсы азамат болып қалыптасып келе жатқанына іштей қуанып қалдық.

Мұнда орыс ұлтының балары да бар екен. Бәрінің де тілдері жатық. Қазақша сайрап жүр. Бірге тұрып, бірге ойнаған соң, ортасына бейімделіп кететінін білсек те, мұндай балалардан қалай айналмайсың?! Қоштасар алдында барлық балаға сыйлық үлестірілді. Олар «тағы да келіңіздер!» деп, шулап қала берді.

dsc02091

Қазіргі кезде мемлекетіміз балалар үйінің жағдайын жақсартуға, олардың білімді, тәрбиелі болып қалыптасуына шама-шарқынша көңіл бөліп келеді. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде 140 балалар үйі бар екен. Оларда 7236 бала тәрбиеленіп жатыр. Біз бас сұққан балалар үйінің жай-күйі жақсы екені көрер көзге көрініп тұрды. Арнайы демеушілері бар көрінеді. «Ақ Үміт» басшылығы балаларды мереке күндері демалыс орындарына апарып тұратынын  айтты. Оған қоса, бізге есімдерін жарияламауды да өтінді. Қайырымдылық жасау үшін қыруар ақша емес, ықыласың болса жеткілікті болатынына көз жеткіздік.


Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ

 

 

Пікірлер