Твардовскиймен суретке түскен снайпер

3556
Adyrna.kz Telegram

            Қазақ сұрмергенге бір-ақ ауыз сөзбен «құралайды көзге атқан» деп баға береді. Аңшылық аясындағы бұл тіркесті жаугершілік заманда «қақ жүректің тұсы деп, өлген жерің осы деп...» оралымына орайластырып, қаһармандық қисынына икемдеген. Анау қаңқасы кепкен қалмақты қозғап қайтеміз, неміс фашистерімен арпалыста да «жанды нысана» көздеген аталарымыз ешкімге есесін жібермепті, есебін түгендепті. Екінші дүниежүзілік  соғыстың ең үздік снайперлерінің тізімінен есімі мен ерлігін өз жұртымыз біле бермейтін қазақтардың мол ұшырасуы – соның айғағы. Осындай сайыпқырандарымыздың бірі – оптикалы винтовкасымен 143 дұшпанның (одан да көп болуы тиіс), оның ішінде 12 снайпердің көзін жойған, орыс зерттеушілері  «ердің ері», «даңқты мерген», «ғажайып қазақ снайпері» деп әспеттеген  Жұман Есіркепов еді.

Елеңдеген ел құлағы Совинформбюроның 1944 жылғы 7 маусымдағы, соғыстың 1082-ші күнгі шұғыл ақпарынан мынаны естіді:

«Витебск қаласының солтүстік-батыс жағында гитлершілердің үш тобы біздің әскери бекінісімізге шабуыл жасады. Қиян-кескі ұрыстың нәтижесінде жау кейін шегінді. Шайқас алаңында 60 жау өлігі қалды.

Н. бөлімінің мергендері старшина Алексей Русаков пен аға сержант  Джуман Эсиркеев (дұрысы – Жұман Есіркепов)  бір күннің ішінде 8 немісті өлтірді. Қызылармияшы мерген Шумбасов алты күн ішінде қарсыластың 13 солдатының көзін жойды».

Бұл – тоғыз ай бойына  Витебск қаласы қолдан-қолға өтіп тұрған текетірес тұс болатын. Күннен-күнге күйі кетіңкіреп, күші кемігенімен, соғыс тағдырының шешілер сәтін суыт сезінген немістер осы арада айнала қорғаныс шебін құрып жатып алды. Көктегіні күңірентіп, жердегіні жайпауға әзір күллі әскери әлеуетін, қуатты қаруын  үсті-үстіне аяусыз үйіп-төкті. Сап түзеген сарбазының өзі 2 миллионға жетіп жығылды. Ал жау армиясының тегеурінді «Орталық» тобын  түбегейлі талқандап, Белоруссиядан түгелімен түріп тастауды жоспарлаған «Багратион» операциясын жүзеге асыруға жұмылдырылған кеңес жауынгерлері үшін де сын сағаты туды. Өмір мен өлім арасындағы айырыққа айналған Батыс  Двинаның сағасы – атақты Лучеса өзенінің арнасымен су емес, қан аққандай болды. Оның жағасында гитлершілердің сағын сындырып, бетін қайтарып барып, өздері қыршыннан қиылған, белгілісі, белгісізі бар – қырық мыңнан астам арыстай азаматымыздың сүйегі қалды.

Майдандық газет Ж.Есіркеповтің ерлігі туралы

Әуелде 31-ші, кейін  43-ші армияның құрамына кірген Суворов орденді,  Қызыл Тулы Витебск  251-ші атқыштар дивизиясының 927-ші атқыштар полкының 22 жасар снайпері,  БК(б)П мүшесі Жұман Есіркепов  бұл қанды қасаптан аман шықты.  Аман шығып қана қоймай, жауынгерлік атағы мен абыройы аспандады. Әу баста қай жерден қате кеткенін білмедік, оның фамилиясы орысша құжаттар мен тарихи деректерде  Эсеркеев, Есерькеев, Исеркеев, тіпті каллиграфиялық «и» мен «с» әріптерін мағынасыз қоса оқып жібергендіктен, Жиркеев деп те жазылып кетіпті. Сондықтан 1944 жылдың 15 маусымы күні белгілі майдангер-фототілші Александр Фридлянский оны  3-ші Белоруссия майданында жолықтырған жерінде суретке түсіріп, сипаттамасында «Тамаша қазақ мергені Жұман Эсиркеевтің өз винтовкасының нысанасына үңілген сәті. Оның есебінде жүзден астам гитлершіл бар. Өзінің жауынгерлік жанқиярлығы үшін ол Қызыл Ту және 3-дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған», -  деп жазуы – сол әлдекімдер жіберген грамматикалық салақтықтың салқыны сезілгенімен, мақтан тұтарлық мәлімет.

Майдан шебінде Жұманмен екі рет кездескен Фридлянский оның өзі түсірген суреттерін әуелі «Литературная газетаның» 1963 жылғы 22 ақпандағы, содан соң «Советская торговля» газетінің 1988 жылғы 23 ақпандағы сандарында жариялаған. Батырдың туған інісі Абдулланың баласы, яғни немере інісі Мырзан Мәскеуге аттанып, ыждаһаттылығының арқасында фотосурет иесін тауып алады. Фридлянский оған білгенін баяндап береді. Өз сөзінде: «Ақын Александр Твардовскиймен және жауынгер Алексей Русаковпен түскен суретін олар әлдене жайлы қызу әңгімелесіп тұрған кезде білдірмей обьективке тартып алғанмын», - дейді. Және де газет бетінде: «Ол (Жұман – А.Ш.) сондай-ақ 2-дәрежелі Даңқ орденімен наградталған болатын, бірақ ол уақытта әлі алып үлгермеген еді», - деп жазады.

Ж.Есіркепов пен А.Русаков

Әлбетте, Александр Твардовский – әйгілі «Василий Теркин» поэмасының авторы, ал Алексей Русаков – Совинформбюро хабарламасында Жұманмен қатар аталатын мерген жігіт (біздің мәліметіміз бойынша, ол неміс снайперімен жекпе-жекте басынан алған ауыр жарақаттан «өлдіге» саналған, бірақ тірі қалып, соғыстан соң Днепродзержинск қаласында тұрған).

Фотограф Фридлянский мен «Красноармейская правда» майдандық газетінің тілшісі Твардовский диктор Юрий Левитанның даусы арқылы аттары көпшілікке мәшһүр болған қос сұрмерген – Есіркепов мен Русаковты іле-шала арнайы іздеп барып,  сұхбаттасуы күмән тудырмайды.

Бір қызығы, Жұманның Твардовскиймен және Русаковпен түскен суреті көрнекті ақынның кезекті бір кітабында, сондай-ақ кеңес заманындағы қазақ мектебінің 7-сыныбына арналған орыс әдебиеті оқулығында басылған. Бірақ бұл жайтқа ауыл-аймақтағы ет жақын туған-туыстары болмаса, басқа ешкім соншалықты мән бере қоймапты...

Жұман Есіркеповтың мүлтіксіз мергендігін басқа  деректер де растайды.

1985 жылы Мәскеудегі «ДОСААФ» баспасынан Н.Журавлевтің «После боя вернусь» деген кітабы жарық көріп, онда орыстың саңлақ снайпер қызы, 2-ші және 3-ші дәрежелі Даңқ орденінің иегері  Роза Шанинаның өмірі туралы баяндалады.

Соғыста снайперлердің өз ара жекпе-жегі – қалыпты нәрсе. Бір өзі он екі жау сұрмергенінің көзін жойған Роза Витебск майданындағы тағы бір қысылтаяң жерде әккі дұшпанымен өз ара аңдысқа түседі. Командалық бақылау пунктіндегі жауынгерлер фашистердің нысанасына іліге береді. Қарсыласына қарсы айла-амал іздестірген Розаның басы қатады. Әрі қарай кітаптың өзін сөйлетелік:

«Взвод жетекшісі алаңдаулы Розаға қарата мынадай ұсыныс жасады:

- Штабқа барайық. Көрген нәрсеңізді сол жерде бір салмақтарсыз да, не істейтіндігіңіз жөнінде жоспар құрарсыз. Бір таныс снайперім маған өз әріптестерінің дербес стратегиясы болу керектігін айтқан еді.

- Бұл стратегіңіз кім? – деп жымиды Роза.

- Сіз оны білуге тиіссіз, өйткені ол бүкіл майданға танымал. Ол мергеннің аты-жөні – Жұман Исеркеев.

- Сырттай қанықпыз, - деп қызығушылық танытты Роза. - Оның жауынгерлік есебінде 90 фашист бар. Өлтірген неміс снайперлерінің өзі онның ар жақ-бер жағы...

- Дәлірек айтқанда – 12, - деп нақтылады взвод командирі. – Бәлкім, қазір одан да асып түскен болар. Ердің ері ғой – Жұман!».

Ал Беларусь Республикасының Витебск қаласындағы №9 кәсіптік-техникалық училищеде өзі құрған «Поиск» атты әскери-патриоттық клубқа ширек ғасырдан астам уақыт бойына жетекшілік жасап келе жатқан Анатолий Алексеевич Бурдомен байланысқа шыққанымызда, ол кісі Жұман Есіркеповтің 1943 жылдың шамамен шілдесіне дейін 143 фашисті жер жастандырғандығын айтты. Училище жанынан ашылған, үкімет шешімімен «халықтық» деген атақ берілген әскери даңқ мұражайында Жұман қызмет еткен 251-ші атқыштар дивизиясына қатысты 8 мыңнан астам жәдігер жинақталыпты.

Сонда сақталған құнды құжаттарға және соғыстан тірі қайтқан қаруластарының естеліктеріне сүйене отырып, есіл ер қазасының жай-жапсары жөнінде Анатолий Алексеевич жан-жүрегі тебірене әңгімелеп берді.

Біз Жұманның 1941 жылдың 15 қазанында ата қонысы – Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданының Молотов колхозында (бүгінгі Жігерген ауылының маңында) жүрген жерінен әскерге аттанғанын, оны соғысқа жергілікті әскери комиссариатта анасы Шынтай шығарып салғанын білуші едік.  1944 жылғы 3-ші Белоруссия  және 1-ші Прибалтика майданынан бұрын, 1943 жылдың наурызында Батыс майданда Ржев-Вяземск операциясы кезінде Сычевка қаласы үшін болған қантөгісте ержүректігімен көзге түскені де белгілі-тұғын. 1944 жылдың 28 қазанында оққа ұшып, Литваның Лецково (Левково) деревнясында жерленгені жөнінде де мағлұмат тапқанбыз. Енді Бурдоның баянының арқасында қайғылы оқиғаның қалай орын алғандығын көз алдымызға елестеттік.

Ж.Есіркеповтің жауды нысанаға алған сәті

Жұман өзінен төрт жас үлкен взвод командирі, кіші лейтенант Георгий  Ушковпен емен-жарқын дос еді. Қапылыста болса да әуелете ән шырқағанды, көңіліне жыр тоқығанды ұнататын қазақ жігіті әзербайжандық  орыс  Жора Алексейбаласының албырт мінезімен қоса, ақындығына ұйыған. Соғысқа дейін Бакудың тіл және әдебиет институтын тәмамдаған Георгий өз қаруластарымен бірге Калинин және Смоленск облыстарының, Белоруссия мен Прибалтиканың орманын кезіп, оқпанын кешіп жүргенде бір сәт қолынан қаламын тастаған емес. Ара-тұра дивизиялық «За Родину» газетінің редакциясына бас сұғып, өзі ашқан «Жас мергенге кеңестер» айдарының аясында мақалаларын  ұсынатын. Ал оның оқушы дәптерінің бетіне жазған «Лучеса» атты мына өлеңін бүкіл майдандастары жатқа оқитын:

Тебя давно на карте я искал,

Полоска голубая среди леса –

Простая белорусская река

С красивым, строгим именем – Лучеса.

Мы на рассвете встали пред тобой.

Ты нас ждала, как может ждать невеста.

И мы вели здесь долгий, смертный бой,

Чтобы ты была свободною, Лучеса.

И в память тех, кто в росную траву

Упал, свой долг отдавши честно,

Я будущую дочку назову

Твои прекрасным именем, Лучеса.

Өкінішке қарай, перзент сүю бақытын  Георгийдің  маңдайына жазбапты. Ол мылтығын кезеп тұрған ажалдың суық демін сезінгендей, өлерінен бір күн бұрын ақырғы өлең жолдарын қағаз бетіне қондырады:

Вечер пулеметами прострочен,

Бьется дождь в палатку невпопад.

Что-то мне не спится этой ночью

Под осенний желтый листопад...

Ертеңіне, полк барлаушыларының бірнеше сәтсіз әрекетінен кейін, жау тылынан «тіл» әкелуге Ушков взводының снайперлері жортуылға шығады. Тұтқындайтын жау табылып, істің сәтін салғандай көрінген. Бірақ қайтар жолда әлгі «олжа» неміс күтпеген жерден бұғаудан ышқына босанып, жан ұшыра айғай салады. Мұны естіген фашистер жан-жақтан дүрліге лап қояды. Қанды қақтығыста Георгий Ушков қаза табады, орыс тарихшылары жазғандай, «даңқты снайпер Джуман Эсеркеев те сол арада мерт болады».

Сөйтіп, «жеңсек – бір төбенің басындамыз, жеңілсек – бір шұңқырдың ішіндеміз» деп анттасқан екі дос қапияда жан тапсырып, сүйектері Балтық топырағындағы бір қорымға қойылады...

Кейінірек, Георгийдің туған әпкесі Нонна төрт ұлды болып, олардың  кенжесіне інісінің құрметіне Георгий деп ат қойса, үлкен ұлының тұңғыш қызына Лучеса есімін береді.

Витебеск мұражайында Георгий Ушков пен Жұман Есіркеповтің аналарына полктастарының жіберген көңілқос хаттары да сақтаулы.

1944 жылдың 10 қарашасында Қазақстанға жолданған, бұл күні түте-түтесі шығып, жазуы әбден көмескіленіп, көп жері өшуге қараған аза қағаздан қазақшаға аударғанда төмендегі сөздерді оқуға болады:

«Қымбатты Есіркепова! Ұлы қазақ халқының даңқты әйелі! Сіздің ұлыңыз Жұман Есіркепов біздің нағыз мақтанышымыз болатын. Ол өзінің бойындағы жалыны мен жігерін басқыншыларға қарсы күресте аянбай жұмсады. Снайперлік винтовкасымен талай фашисті жер жастандырды. 1944 жылы Жұман кезекті барлауға аттанғанда жауынгерлермен бірге жау тосқауылына кез келді. Есіркепов бірінші болып дұшпанның окопына түсіп, таразы басы тең емес шайқаста қаһармандықпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін сіздің ұлыңыз 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Жұманның нұрлы бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады».

Бұл хатқа дивизияның штаб бастығы – гвардия полковнигі Владимир Наумовия Ратнер, рота командирі Файкин, сондай-ақ Зыкин мен Теберьков секілді майдандастары қол қойған.

Жұман Есіркепов наградталған 1-дәрежелі Отан соғысы ордені ол майданға аттанған әскери комиссариатқа келесі, яғни 1945 жылдың сәуірінде, Жеңіске аз ғана уақыт қалғанда келіп жеткен.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт аудандық «Қазығұрт тынысы» газетінің бас редакторы, жанашыр азамат Жорабек Сүйеубековтің жөн-жобасы арқылы біз Есіркеповтер әулетімен қарым-қатынас орнаттық.  Жұманның өзімен кіндіктес бір аға, бір інісі болған екен. Ағасы Қыдырбай 1939 жылдың сәуірінде әскер қатарына алынып, 1942 жылдың 24 қазанынан былай қарай хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы хатында «467-шы далалық пошта стансасы, 996-шы әскери бөлім» деген адрес көрсетіліпті. Әзірше мұның 221-ші  атқыштар дивизиясы бөлімшелерінің бірі болуы мүмкін екендігін ғана анықтай алдық. Ал соғыс көрмеген інісі Абдулладан тараған ұрпақ өз ордасында орнығып отыр.

Солардың бірі – фотограф Фридлянскийді Мәскеуге іздеп баратын Абдуллаев Мырзан батыр ағасының дерек-дәйегін іздестіруден әсте шаршаған емес. Сол кісінің бастауымен, атқа мінген азаматтардың қостауымен ерін жоқтаған елдің ниеті қабыл болып, жергілікті онжылдық мектепке Жұман Есіркеповтің аты беріліпті.

Сөз соңында айтарымыз, орыс және белорус ағайындар тарапынан баяғыда бағасын алған, Ұлы Отан соғысындағы сайыпқыран снайперлердің алғашқы сапына кіретін қаһарманымыз – Жұман Есіркеповтың рухы өз Отанында жоғары құрметтің қай-қайсысына да лайық.

 

Амантай ШӘРІП

 

 

Пікірлер