ОЛЖАС ӘБІЛ: Біздің байлар мен батыстың байларының арасы жер мен көктей

7738
Adyrna.kz Telegram
Бізде батыс қоғамын "азған - тозған", "олар кері кеткен" деп санайтын адамдар өте көп екен. Бірақ ақырындап бажайлап отырып,  батыс қоғамында бала асырап алудың көп екен байқадым. Олар тіпті шетелден келіп, біздің ауру - сырқау балаларымызды алып кетеді. Мәпелеп өсіріп, адам қатарына қосып жатыр.
Ал олардың ана Анжелина Джоли сияқты танымал жұлдыздары әр нәсілден бала алып, оларды асырап, бағып-қағып өз халқына күшті өнеге көрсетіп отыр. Енді осы батыстың, адамзаттың дамуына үлес қосып керемет жетістікке жеткен дарынды тұлғалары, атақты байлары, кино-музыка жұлдыздары, спортшылары міндетті түрде бір-бір қайырымдылық қорларына мүше болып, өздерінің тапқан табыстарын қайырымдылық шараларына миллиондап шашады екен. Билл Гейтс, Стив Джобс, Илон Маск....
Билл Гейтс тіпті өзінің бар тапқан-таянғанын қайырымдылық қорына аудармақ болып бекінген адам. Меніңше, бұлар бұл фәни жалғанның шын мән мағынасын түсінген жандар. "Африка мүгедек балаларын қолдау ұйымы", "Мұқтаж жандарды қорғау ұйымы",
"СПИД ауруына қарсы қор".... Тағысын тағы...
Бұндай нәрсе оларда қалыпты жағдай.
Егер сіз батыста қандай да бір жетістікке жеткен танымал адам болсаңыз, сондай жұлдыз, бай-қуатты адам бола тұра, қайырымдылық қорларына мүше болмасаңыз, ол о жақта ұятты жағдай. Ал енді біздің адамдар балалар үйінен бала алмақ түгел, оның маңына жоламайтын болу керек. Біздегі шетелге бала беруге қарсы болып, "біз баласын жылатпаған, сыртқа қаңғыртпаған халықпыз" деп сұңқұлдап жүрген кісілерден өздерінің жетімдер үйінен неше бала асырап алғанын сұрасаңыз, олар оған жауап бере алмайды.
Мен тіпті былай айтайын. Біздің қоғамда қазір не көп, алғашқы некеден жолы болмай баласымен ажырасып, балаларымен екінші қайта бағын сынап жүрген қыз-келіншектеріміз өте көп. Олар да бұл жалғанда бақытты болуға құқылы. Олар да біреудің мәпелеп өсірген қызы, ана, жар.  Өкінішке қарай, біздің адамдар жетімдер үйінен бала асырамақ түгелі, сол өздері ұнатқан, бұрын тұрмыстан шыққан келіншектердің соңынан ерген қарадомалақ қаракөздерді де "прицеп" ретінде қарастырып, оларды қош көрмейді. Ол жасырын нәрсе емес. "Өзіңнен тумай ұл болмас" деп шәниеді.
"Есік көргенді емес, бесік көргенді ал" деп тағы тақылдайды. Ал енді ана біздің ұрлықпен байып алған бай-шонжарларымыз өз тапқан-таянғанына әлемнің вилла, яхталарын сатып алудан басқа білері жоқ. Тайраңдап яхталарында билеп жүр. Тоқалдан тоқал алып, шетелге асырып жатыр. Бұ кезде, өз қандастары, яғни шын мұқтаж жандар, балаларын шұбыртып әкімшілік ғимараттарын шабуылдап жағдай сұрап жүр. Оларға ана біздің шынжырбалақ шұбар төс бай - шонжарлардың, көрші мемлекеттің тілінде "зачем рожать столько" деп немесе "сами работать не хотят, лентяи, халяву любят" деп бұл өмірде қысқа жібі күрмеуге келмей өз өмірінде сәтсіздікке ұшырап, шақша басы шарадай болған өз халқына жиіркене қарап отырғанына мен жүз пайыз сенімдімін.
Мен тіпті мынаны айтайын: бізде құрбан айт болғанда арнайы жерлер ашылып қой атаулы қырылып сойылады екен. Сонда ол сойылған қойлардың етін әркім өз үйіне алып кетеді-міс. Ешкім ешкімге түк ұстатпайды екен. Сол маңда мөлиіп тұратын мұқтаж жандармен ет бөлісетін адамдар бізде ілуде біреу екен. Білетіндер солай дейді. Осындай нақты мысалдармен біздің батыс қоғамынан соншалықты кенжелеп артта қалып, соншалықты жетілмегендігімізді дәлелдеп шығуға болады.
Мен қайта бұның бер жағын ғана қозғап отырмын. Сондықтан, бар жағынан сол батыстың шаңына да ілесе алмай жүріп "батыс андай, батыс мындай" деген біздің сөз - оттаған сөз.
Пікірлер