Алтынбек Мадемаров: Соттың беделі - мемлекеттің беделі

4093
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Сот жүйесіндегі және реформалардағы өзгерістерден халық та хабардар болып отыруға міндетті. Бұл қоғамдағы құқықтық сауаттылықтың дамуына, жетілуіне мүмкіндік береді. Осы мақсатпен «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Тараз қалалық сотының төрағасы Мадемаров Алтынбек мырзамен өтті.

- Алтынбек мырза, Қазақстандағы Сот жүйесі уақыт талабына сай қандай өзгерістерді бастан өткерді? Реформалардағы өзгерістердің мақсаты қандай?

- Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялардың VII съезінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары республика сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін, айқын бағыт беріп, нақты бағдар ұсынды. Жаңашыл бастамалардың нәтижесінде сот билігінің толыққанды құқықтық негізі қаланды. Сот құрылымында бұрын бес сатылы жүйе болса, енді үш сатылы жүйеге: бірінші апелляциялық және кассациялық деңгейдегі жүйе бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ сот корпусына және сот актілеріне талап артты. Инвестициялық сот ісін жүргізу қолға алынды. Сот төрелігі академиясы қайта құрылып, судьялар біліктілігін арттыру қамтамасыз етілді. Келушілерге сот қолжетімді бола түсті, процестер қашықтан жүргізілуде, электронды сот қарқынды дамуда.

Екі жарым жылдан бері Жоғарғы соттың «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгертті. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төмен­нен бас­тау алды: жобалық менедж­мент­тің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сон­дай-ақ сот процесіне қаты­су­шы­­лар­­дың барлығы адвокаттар, про­курор­­лар, медиаторлар, заңгерлік қауым­дас­­тықтың өкілдері белсене атсалыс­ты. Атап айтсақ, кәсіби сот корпусын қалып­тастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сотты әкімшілендіру келушілерге жаңа техно­ло­гиялар арқылы қызмет көрсете бас­­тады: 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қа­жетті қызметті «бір терезе» қағидаты ар­қылы жедел әрі сапалы алатын болды.

- ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бұдан былай сотқа келіп түскен істі судьяларға Сот Төрағасы емес, IT-жүйе өзі  автоматты түрде бөліп беретінін айтқан. Айтылған дүние жүзеге асып жатыр ма? Сот жүйесі бұл өзгерістерге дайын ба?

- Бірыңғай сот практикасы қолданы­луда, судьялар жұмысы оңтайланды­рылды, артық сот процедуралары жо­йыл­ды. Сот актілерінің жаңа форматы енгізіліп, тараптардың сауалдарына жауа­птар қарапайым әрі түсінікті етіп бері­леді. Соттардың IT-қызмет процесі одан әрі жетілдіріліп, жаңғыртылуы нә­ти­же­сінде сапасы, жеделдігі, кең кө­лем­ді қамтуы арта түсті.

Әлеуметтік желі арқылы соттар мен қоғам арасында диалог орнады: судьялар мен баспасөз хатшылары барлық байланыс арналары арқылы тығыз байланыс орнатып, жұртшылықтың толғақты мәселелері мен сауалдарына тәуліктің қай мезгіліне қарамастан жедел жауап беретін үрдіс нақты жолға қойылды.

Жалпы, соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін мықты құрал болуы - басты міндет. Халықтың сотқа деген сенімі бірнеше есе артуы қажет. Соттың беделі - мем­лекеттің беделі.

Жоғарғы соттың «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы 2018 жылы бас­талды. Содан бері 86 053 іс қаралды, татуласу рәсімдері 24 159 іс бойынша жүргізілді. Бастапқыда пилоттық жобаға республикадағы 97 сот қатысты, ел бо­йынша 118 татуластырушы-судья дау­дың бітіммен аяқталуына атсалысты.

Бүгінде еліміздің 17 өңірінде 47 татуласу орталығы ашылып, 413 билер кеңесі құрылған. Соның арқасында даулардың 28 пайызы сотқа дейін татуласумен аяқталған. Бұған қоса, «Отбасылық сот» жобасы 2019 жылы бас­­талса, «Түнгі сот» жобасы 2018 жылғы маусым­нан 2019 жылғы желтоқсанға дейін жүр­гізілді. Нәтижесінде 2019 жылғы 30 жел­­тоқсанда ӘҚБтК-ке тиісті түзетулер енгізілді.

- Пандемия кезінде соттардың істерді қашықтықта қарауының қандай артықшылығы мен кемшілігі болды?

Аталған жұмыстар әлемді жайлаған пандемияға қарамастан жүргізіліп жатыр. Көп елде соттар жұмысын тоқ­татып жатқанда, еліміз эпидемия бастал­ған кезден тиісті шараларды батыл қа­былдады.

Соттарда цифрландырудың дамыту деңгейі пандемия кезеңінде сот төре­лігін онлайн режімде жедел жүр­гізуге мүмкіндік берді. Виртуалдық сот про­цесіне қашықтан қатысуға мүмкін­дік жасалды.

- Сот отырыстары қандай жағдайда ашық немесе жабық түрде өтеді?

- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 19-бабына сай, азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Сот актілері жария түрде хабарланады. Жабық сот отырысында мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтері бар шешімді жариялауды қоса алғанда, істерді қарау және шешу заңға сәйкес жүзеге асырылады. Егер бала асырап алу құпиясын, жеке өмірге қолсұғылмаушылықты, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауды қамтамасыз ету қажет болса не ашық талқылауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болса, сондай-ақ осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайда іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша жабық сот отырысында азаматтық іс қаралуы және шешілуі мүмкін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер