Тұрысбек Мыятбеков: Сот жүйесіне сенімділік әділеттіліктен туындайды

5680
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

“Адырна” ұлттық порталы 2021 жылдан бастап облыстық соттардың төрағаларымен сұхбаттасуды дәстүрге айналдырды. Басты мақсат - заң мен құқық саласындағы оң өзгерістер мен даму процесінің жүзеге асып жатқанынан оқырманды хабардар ету. “Адырна” ұлттық порталының кезекті сұхбаты Түркістан облыстық сотының төрағасы Мыятбеков Тұрысбек Ерболғанұлымен  болды.

- Тұрысбек мырза, Түркістан облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады?

 - Өздеріңізге белгілі, мен киелі оңтүстік өңірге облыстық сот төрағасы қызметіне тағайындалғаныма қазір бес айдың жүзі болыпты. Сондықтан қазіргі таңда облыс соттарында қандай да бір биік белестерді бағындырдық деп айтуыма, әрине, ертерек шығар деп ойлаймын.  Дегенмен, осы қызметке келгелі облыстағы сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеміз.

Жалпы, соңғы жылдары қазақстандық сот жүйесі үздіксіз даму үстінде. Заман талабына сай, жылдан жылға азаматтар талаптарының өсуі және экономикалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізбей қоймайды. Осыдан туындаған келелі мәселелерді шешу мақсатында Жоғарғы Сот тарапынан көптеген шаралар қолға алынып, бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда қазақстандық сот жүйесіне халықтың сенімі арта бастағаны да осы атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп білемін.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев судьялардың VIII съезінде «Сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі» екенін атап өтіп, сот корпусы алдына «Адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету» міндетін қойған еді. Осы ретте, біздің алға қойып отырған басты мақсаттарымыз – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, жергілікті халықтың облыс соттарына деген сенімін арттырып, сот жүйесінің беделін көтеру, Түркістан облысы соттарының судьялары мен әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтарды жасауын және басқа да сот жүйесінің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауының алдын алу болып отыр.

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов «Сот жүйесіне деген сенімділіктен, жалпы мемлекетке деген сенімділік туындайды, сондықтан судьялар корпусына үлкен жауапкершілік артылады», - деген еді. Сенімділік – қолжетімді әділеттіліктен, судьяның беделі мен абыройынан, түсінікті және негізді сот актісінен туындайды.

Сондықтан мен Облыстық соттың төрағасы ретінде Түркістан облысының сот корпусынан күнделікті жұмыстарында, істерді қарау кезінде, негізсіз созбалаңға салмай, әділ шешім қабылдауға, жұмыс уақытында да, жұмыстан тыс уақытта да судьяның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін іс әрекетке бармауға, сот актілерін жазғанда түсінікті, заң талабына негіздеп, қатесіз жазуды талап етіп келемін. Осы мәселелердің барлығы ағымдағы жылдың ақпан айында өткен Түркістан облысы судьялар корпусының 2020 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңесте талқыланып, нақты тапсырмалар беріліп, бақылауда ұсталып келеді. Аталған міндеттерді әрбір судья жауаптылықпен орындаса, онда Түркістан облысы соттарының судьялары, Қазақстан Республикасының сот жүйесінің беделді мүшелері болатынына сенімдімін!

Өздеріңізге белгілі, Сот билігінің Ата заңымызбен белгіленген негізгі  мақсаты - сот төрелігін жүзеге асыру. Осы арқылы азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қалпына келтіру. Бірінші сатылы сот жіберген қателіктер жоғарғы сатылы сотпен түзетіліп жатса, оның өзі азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуының кепілі емес пе? Жуырда Түркістан облысы соттарының 2021 жылғы І тоқсандағы сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылаған болатынбыз. Алғашқы 3 айда апелляциялық алқада қаралған қылмыстық істер бойынша 16 тұлғаға қатысты 9 үкімнің күші жойылып, 23 тұлғаға қатысты 17 үкім  өзгертілген.

Азаматтық істер бойынша облыс соттарымен 2 787 шешім шығарылған, ал олардың 54-і (1,9%) апелляциялық алқада бұзылған немесе өзгертілген.

Әрине, сот шешімдері мен үкімдерінің өзгертілуі мен бұзылуы соттардың жұмыстарында әлі де кемшіліктер барын білдіреді. Қазіргі таңда, судьялардың кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған көптеген жұмыстар жүргізілуде, нәтижесінде сот актілерінің өзгеруі мен күші жойылуын барынша төмендетеміз деп ойлаймын.

- Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?

- Уақыт алға жылжып, қоғам ілгерілеген сайын заңдар да жаңғырып, жаңарып отыруы тиіс. Бұл – өмірдің талабы. Бүгінге дейін ашық қоғам, әділетті мемлекет қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар қолға алынды. Отандық заңдардың базасы жасалып, мемлекеттік құрылымдардың аяғынан тік тұруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Мемлекет қолдауымен қадамын нықтаған құрылымдардың арасында қазақстандық сот та бар. Отандық сотты халықаралық талаптарға жақындатып, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту мақсатында орындалған іс-шаралар бүгінде өзінің оң нәтижесін беріп те үлгерді.

Соңғы жылдары Президент және Жоғарғы Сот басшылығының бастамасымен азаматтарымыздың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда.

Бұл жаңашылдықтардың сот жүйесіне қатысты бөлігі негізінен бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру, сот шешімдерінің сапасын арттыру, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселелерін қамтып отыр.

Бүгінгі күнге дейін аталған бағыттарда бірқатар жұмыстар да атқарылды. Әсіресе, соңғы екі жылда қазақстандық сот жүйесінде орын алған өзгерістерді ерекше атап өтуге болады.

Ұлт Жоспары аясында Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асановтың бастамасымен қолға алынған «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасы шеңберінде «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобаларын жүзеге асыру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Сапалы судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған, тағы басқа да заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар заңдар дайындалып, күшіне енді.

Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, соттардың жайлылығы артты, республика соттарында қазіргі заманға сай жабдықталған, келушілерге қолайлы фронт-офистер ашылды.

Мемлекет Басшысының өз Жолдауында баса назар аударған сот шешімдерінің сапасын арттыруға жеке тоқтала кету керек. Жоғарғы Сот жергілікті соттар және заң қауымдастығымен бірлесіп аталған бағытта үлкен жұмыстар атқарды. Аталған жұмыстың нәтижесіде Жоғарғы Соттың «Сот үкімі туралы» және «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» жаңа нормативтік қаулысы қабылданды. Бұрын егер сот шешімдері жүйеленбеген, көптеген керек емес ақпараттардан тұрса және қарапайым азаматтарға түсініксіз және қол жетімді болмай «ауыр» заң тілінде жазылса, қазір сот актілерінің нысаны мен тілі күрт өзгерді. Сот актілері қысқа және үйлесімді, заң терминологиясының артық «кептелуінсіз» жазыла бастады, халықаралық соттардағыдай анық құрылымы мен бөлімдердің нөмірленуі бар, тараптардың әрбір дәйектеріне уәжделген жауаптардан тұрады. Ең бастысы, енді іс бойынша шешім жариялағаннан кейін судья процес қатысушыларына қабылданған шешімнің уәждерін түсінікті және қарапайым тілде түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап береді. Бұл жаңашылдықтар практикада өзінің тиімділігін дәлелдеп берді, сот актілерін жоғары тұрған сатыларда шағымдалған сот актілерінің саны анағұрлым азайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса жəне азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, əлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды», - деген еді.  Президент әділетті мемлекет құрудың, заң үстемдігін орнатудың негізгі тетігін құқық қорғаудың үш буынды моделімен байланыстырған болатын.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы» елдерінің тәжірибесі бойынша қылмыспен күрес саласын жаңғыртқан жөн. Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын», - деген тапсырмасы арқылы Мемлекет басшысы полиция, прокуратура, соттың құзыретін нақтылап, құқық қорғау саласын жаңғыртуға мүдделілік танытты.

Президент тапсырмасына сай еліміз 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғаудың үш буынды жүйесіне көшті.

Өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру арқылы қоғамдық мүдде мен адам құқықтарын қорғауда тепе-теңдікке қол жеткіземіз. Күдіктілер мен айыпталушылардың Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын сақтау маңызды, себебі аталған құқықтар мен бостандықтарды шектеуге жол беру мен бұзудың өзі қылмыс болып табылады. Бір қылмысты ашу үшін, екінші қылмысты жасауға жол беруге болмайды, мұндай тәсілмен біз қоғамды қылмыстан қорғай алмаймыз.

Екіншіден, жаңа модель нәтижелі тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қалыптастырады. Биліктің озбырлығына жол берілмейді. Әрбір өкілеттікке шектеу бар.

Үшіншіден тұрақтылыққа қол жеткіземіз. Әділеттілікті орнататын органдардың мақсаты тұрақты болады, яғни сапалы және уақтылы орнатылған әділеттілік.

Үш буынды модель кезіндегі қылмыстық процессті үш кезеңге бөлуге болады: қылмысты анықтау және дәлелдемелер жинау; жиналған дәлелдемелерге баға беру және айыптауды дайындау; істі мәні бойынша шешу, яғни кінәлілігін анықтап, жаза тағайындау.

Көрсетілген функцияларды бөлек-бөлек үш орган жүзеге асырады, яғни полиция, прокуратура және сот. Осы үш органның әрқайсысының өкілеттіліктері мен әсер ету деңгейлері нақты айқындалған.

Осы модель кезінде тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі жұмыс істейді. Әрбір кезеңде тиімді сүзгілер бар. Әділдікті орнатуда орын алатын қателіктер барынша азайтылады. Азаматтардың құқықтарын бұзу тоқтатылады, саналы азаматтарды қылмыстық процесске тартуға жол берілмейді.

Президент Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде  әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», - деген болатын.

Осы орайда, сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң –«Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін» ерекше атап өтсем болады.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін бұл заңға сәйкес, алдағы уақытта сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы болмақ.

Сонымен қатар, осы заң аясында судьяға әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға да құқық берілген.

Одан бөлек, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Жаңа Кодекс бойынша «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолдану мәселесі де қарастырылған.  Егер дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Бүгінгі таңда мемлекет пен азамат арасындағы даулар жалпы юрисдикциялық, сондай-ақ экономикалық және азаматтық соттарда қарастырылып келген болса, 1 шілдеден бастап олардың барлығы жаңадан құрылған әкімшілік соттардың қарауына өтеді. Бұл өзгерістердің мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береріне сенім мол.

 - Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түсіп, билік тарапынан үздік марапаттарға ие болған ардагер қызметкер, судья, адвокаттар бар ма? Кімдердің есімін ерекше құрметпен атап өтер едіңіз?

- Әрине. Ондай азаматтарымыз арамызда көп. Бірақ мен қазіргі кезде қызмет атқарып жүрген әріптестеріміз туралы айтпас бұрын, біздерге дейін оңтүстік өңірдің соттарында абыроймен қызмет атқарған аға буын өкілдерін атап өтсем деймін. Себебі ол кісілердің өмірі мен еңбек жолы жас судьялар мен мамандар үшін ғана емес, жалпы келешек ұрпақ үшін үлкен өнеге деп есептеймін.

Осы орайда, алдымен Ұлы Отан соғысына қатысып, туған жерге оралған соң облыстың соттарында судья болған ағаларымыз туралы айтсам, облысымызда 24  ардагер-судья бар екен. Олардың қатарында екі Кеңес Одағының Батырлары – 1949  - 1953 жылдары Шәуілдір аудандық халық сотының төрағасы қызметін атқарған Тоғанбай Қауымбаев пен 1951 - 1964 жылдары Қызылқұм аудандық сотында халық сотының судьясы қызметін атқарған Сейітқасым Әшіров бар.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотын басқарған әріптесім Нұрсерік Кәрімұлы Шәріповтың бастамасымен қазіргі Шымкент қалалық сотының ғимаратының алдында орнатылған Даңқ Тақтасында осы 24  ардагер-судьяның есімдері алтын әріптермен жазылып тұр.

Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін де облыста 20-30 жыл бойы сот саласында абыроймен қызмет атқарып, сот жүйесінің қалыптасуына үлесін қосқан, қазіргі кезде зейнеткер болса да облыстық сотпен байланысын үзбей, жас буынның қалыптасуына үлес қосып жүрген ағаларымыз да аз емес. Мысалы, облыстың Ардагер судьялар кеңесінің төрағасы Өмірбек Темір, облыстық соттың Қоғамдық кеңесінің төрағасы Балкен Темір ағаларымызбен жиі байланыстамыз. Одан өзге де ардагер судьяларымыз облыстық соттың жиындарына, мерекелік іс-шараларына шақырылып тұрады.

Ал, қазіргі кезде арамызда қызмет атқарып жүрген әріптестеріме келер болсам, арамызда жүрген әріптестерім кәсіби біліктілігі жоғары судьялар, олардың ара жігін ажыратып бөліп жаруым жөн емес шығар. Жалпы қазіргі таңда судьяларды іріктеу процессі өте күрделі, бірнеше кезеңдерден өтеді, сондықтан судьялар корпусында кездейсоқ адамдар жоқтың қасы.

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

 - Айтарлықтай кедергі келтіре қойған жоқ. Дегенмен, өткен жылғы елдегі төтенше жағдайдың жариялануы, одан кейінгі карантиндік шектеулер қай салаға болсын оңай соқпады. Енгізілген шектеулер қоғамдағы қалыпты өмір ырғағын өзгертіп жіберді. Тіпті экономика мен әлеуметтік ахуалға да тигізген залалы көп болды. Алайда, осындай сын сәтте мемлекеттің экономикалық дамуды емес, оның ең басты құндылығы – азаматтардың амандығын басты орынға қоюы өте орынды шешім деп білемін.

Қауіпті індет дендей бастаған сәтте Жоғарғы Сот та жұмыс тәртібін оңтайландырып, қаралып жатқан істердің уақытында, әрі сапалы қаралуына бар мүмкіндікті жасады. Нәтижесінде республика соттары көп қиындықсыз онлайн режимде жұмыс жасауға көшті. Содан бері соттарға түскен істердің барлығы дерлік, соның ішінде Түркістан облысының соттарында да, «TureConf», «WhatsApp», «Zoom» сияқты мобильді қосымшалардың көмегімен әлемнің кез-келген интернет байланысы бар нүктесінен қатыса алады.

Мысалы 2020 жылы Түркістан облысының соттарыман 2 303 қылмыстық, 7 683 азаматтық және 12 659 әкімшілік істер қаралған. Ал ағымдағы жылдың алғашқы 3 айында 511 қылмыстық, 4 840 азаматтық және 2 667 әкімшілік іс қаралды. Осы істер бойынша 71 205 сот отырысы онлайн режимде өткізілді.

Менің ойымша мұндай жұмыс форматы судьялар мен сот мамандарының ғана емес, процеске қатысушы азаматтардың да денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп жатыр.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?

- Мемлекет басшысы «Еститін мемлекет» саясатын жариялағандықтан, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты өткен жылды «Сапалы байланыс» жылы деп жариялап, соттардың алдына «Қоғам мен соттардың диалогын жақсарту» талабын қойғаны бәрімізге белгілі. Осыған орай, 2021-жылдағы жасалатын жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі ретінде, жергілікті халықтың Түркістан облысының соттарына деген сенімін арттырып, сот жүйесінің беделін көтеру.  Ал сенімді тек қана халықпен байланыс орнатқанда ғана арттыра аламыз.

Түркістан облысының соттарында азаматтармен кері байланыс толықтай орнатылған деп айта аламын.

Себебі бізде еліміздің сот жүйесіндегі реформалар мен заңнамаларға енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру және насихаттау, облыс соттары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тұрақты түрде түрлі шаралар іске асырылып отырады. Ол үшін бізде арнайы жоспарлар құрылып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнатылып, жүйелі түрде жұмыстар іске асырылуда.

Карантиндік шаралар енгізілгенге дейін облыс соттарында өткізілетін іс-шаралар көп жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылып келді. Сонымен қатар, журналистер сот ғимаратына еркін келіп, кез келген ашық сот отырысына қатысып, шынайы және нақты хабар тарату үшін қажетті ақпаратын алып отырды. Мұндай кезде Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі тарапынан БАҚ өкілдеріне қажетті ақпарат алуға жәрдем жасалып және олардың сот ғимаратында жұмыс істеуі кезінде көмек көрсетіліп келді.

Өкінішке орай, қазіргі санитарлық шектеулерге байланысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен байланыс мүмкіндігінше қашықтықтан жүргізілуде. Соған қарамастан ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде облыс судьялары мен мамандарының газет-журналдарда 103 мақаласы жарық көріп, теле-радиоарналарда 42 материалы, әр түрлі интернет-ресурстарда 241 материалы жарияланған. Түркістан облыстық сотының ресми сайтында қазақ және орыс тілдерінде 48 баспасөз релизі орналастырылған.

Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың шағымдары мен өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарау мақсатында әр сәрсенбі күні азаматтарды жеке қабылдаймын. Оған қоса, қазіргі таңда Түркістан облысының барлық аудандық және оған теңестірілген соттарының «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларымен қатар, сот төрағалары мен БАҚ-пен байланысқа жауапты үйлестіруші-судьялары да жеке парақшаларын ашқан. Олар өздері қызмет атқарып отырған соттарда өткізілген іс-шаралар мен көпшіліктің қызығушылығын тудырған істер бойынша жарияланған сот актісіне түсіндірулер, азаматтардан түскен сұрақтарға тиісті жауаптарын беріп отырады, қажеттілік болған жағдайда соттың ресми парақшасы арқылы тікелей эфирде брифинг өткізу мүмкіндігі де бар.

Одан бөлек, облыстағы барлық соттардың ресми сайттары сотқа жүгінушілер үшін қажетті ақпарттармен толықтырылып отырады, кеңсе меңгерушілерінің WhatsApp нөмірлерінің тізімі Facebook-тегі облыстық соттың парақшасында жарияланған, жуырда ғана республикамыздың барлық соттарының Telegram-bot каналдары іске қосылды. Сондықтан қазіргі таңда кез-келген азамат сот жұмысына қатысты шағымдарын жеткізіп, немесе өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тез арада жауаптарын алуға мүмкіндіктері бар.

 

- Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?

 - Есіңізде болар, Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылы қабылданып, күшіне енді. Бұл еліміздегі медиация институтын реттейтін бірден-бір құжат және онда барлық заңды тетіктер айқындалып, туындауы ықтимал деген даулы мәселелерді ушықтырмай, сотқа дейін жеткізбей-ақ дауласқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіру механизмдері бекітілген. Дей тұрғанмен, біз бұл институтты "бабалар мұрасы" деп атауға толық құқығымыз бар. Себебі кешегі билер соты дәл осы медиация принциптеріне негізделген. Сол замандағы билер бүгінгі күннің кәсіпқой медиаторлары іспеттес өзара дауласып, жанжалдасып қалған руларды, ауылдарды, әулеттерді бір-бірімен татуластырып, әділ шешімін шығарып, ортақ мәмілеге келтіріп отырған.

2018 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Асанов қазақстандықтарға үндеу тастады. Ондағы мақсат – қаржыға, қандай да бір мүлікке қатысты даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешуге шақыру. Яғни, медиаторлардың көмегіне жүгінуге шақырды. Мұның бірнеше артықшылықтары бар.

Біріншіден, дауды уақыт созбай, қысқа аралықта шешуге болады. Екіншіден, сотқа дейін жетпейді. Демек, жеке өмірдің құпиясы сақталады. қағазбастылықтан арылады. Даулы мәселе шешімін таппай, сотқа дейін жетіп жатса, сот алдында әрбір аргумент, әрбір пікір құжатпен дәлелденуі керек.

Біз қазір Қазақстанда медиация және бітімгерлік орталықтарының саны артып, татуластыру рәсімдерінің қолданылу аясы жыл озған сайын кеңейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Бастапқыда медиаторлар көбінесе отбасылық-тұрмыстық дауларды шешіп келген болса, қазір азаматтық, тіпті, қылмыстық құқықтың кейбір салаларында қолданыла бастады.

Біздің есебіміз бойынша 2020 жылы Түркістан облысының соттарында 236 қылмыстық және 1499 азаматтық істер бойынша татуласу рәсімдері қолданылған. Ал 2021 жылғы 3 айда 37 қылмыстық, 459 азаматтық іс тараптардың татуласуымен аяқталған.

- Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?

- Заңнамаларға енгізілген өзгерістерді, әртүрлі әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін тағайындалатын жаза мөлшері туралы түсіндіру жұмыстарын облыс соттары тұрақты түрде іске асырып отырамыз. Ол үшін бізде арнайы жоспарлар құрылып, соған сәйкес жүйелі түрде дөңгелек үстелдер, семинарлар, халықпен кездесулер өткізіліп, телеарналар мен радиоларға сұхбаттар беріледі, жергілікті мерзімдік басылымдарда мақалалар жарияланып, облыстық соттың ресми сайты мен Facebook-тегі парақшаларда сотта қаралған істердің нәтижесі туралы бойынша ақпараттар орналастырылып отырады.

Осы ақпараттармен танысқан азаматтар жасалған нақты бір құқықбұзушылық үшін заң бойынша қандай жаза мөлшері қарастырылатынын қиындықсыз біліп отыруға мүмкіндік алады деп ойлаймын

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?

- Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық – сот жүйесінің алға жылжуын тежейтін, бүкіл жетістіктерді жоққа шығарып, сотқа деген сенімсіздікті тудыратын, тіпті ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін қатерлі құбылыс. Сондықтан сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басым бағыттарының бірі.

Мен 2021 жылы Түркістан облыстық сотының төраға қызметіне кіріскен күннен бастап, жұмысымның негізгі бағыттарының бірі ретінде «Түркістан облысының судьяларымен сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтар мен басқа да сот жүйесі беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді жасауын болдырмау, және оны алдын алу» мәселелерін қойған едім, нақты іс шаралар тізімі жасалып, орындалуы талап етіліп келеді.

Жоғарғы сот төрағасы 2020 жылдың жұмысын қорытындылау кезінде,   «Қазір заман басқа. Ештеңені жасыру мүмкін емес: бәрі де көрініп тұрады. Сыбайлас жемқорлық, заңсыз сот актілері, судьялардың әдепсіздігі үшін жауаптылық күшейтіледі» - деген еді. Мен Түркістан облысына төраға болып келгелі, әрдайым осы мәселені Облыстың судьяларының назарларына жеткізіп отырамын. Судьяларға сыбайлас жемқорлықтан, заңсыз сот актілерінен, судья атына кір келтіретін әдепсіз әрекеттен алшақ ұстау қажеттілігі қатаң ескертіліп, осы әрекетке бару болашақтарына балта шабумен тең екенін атйып келемін.

Онымен қоса, «Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі» Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті мен әрбір облыстағы Соттар әкімшісінде бар. Бұл бөлім қызметкерлері арнайы бекітілген іс-шаралар жоспары аясында қызметкерлер арасында тұрақты түрде семинарлар мен әңгімелесулер өткізіп отырады. Сондай-ақ, судьялар мен сот қызметкерлерінің тарапынан құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды алу және шұғыл шара қабылдау мақсатында «Сенім телефоны» мен «Call-орталық» іске қосылған. Облыстық сотта судьялардың әдеп нормаларын сақтауын бақылау мақсатында «Судья әдебі жөніндегі комиссия» жұмыс істейді.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?

- Өте орынды сұрақ. Расында да құқықтық мемлекеттің қалыптасу  процесі халықтың құқықтық мәдениетінің дамуымен тікелей байланысты және бұл дамыған азаматтық қоғамның құрылуына ықпал ететін фактор деуге болады.

Құқықтық мәдениетті арттырмай, азаматтарды заңды құрметтеуге тәрбиелемей экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді шешу мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан халықтың құқықтық сауаты мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыруы қажет. Ол үшін халықпен кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, семинарлар, брифингтер өткізіп, БАҚ-та заңнаманы түсіндіруге бағытталған материалдар жариялап отырудың оң нәтиже бертіні белгілі.

Осы ретте Түркістан облысының соттарында да бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Карантиндік шектеулер енгізілгенге дейін облыстық және аудандық соттардың судьялары өз аймақтарында халықпен кездесулер, ашық есік күндерін өткізіп,  мекемелер мен оқу орындарында дәрістер оқып отырды. Одан бөлек, БАҚ-қа сұхбаттар беріліп, офлайн режимде баспасөз конференциялары, брифингтер, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп тұрды. Өкінішке орай, қазіргі жағдайда соттардың жұмысы туралы ақпарат тарату және басқа да құқықтық түсіндіру жұмыстары көбіне БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіліп келеді.

 - 2020 жылы Түркістан қалалық соты мен Түркістан облыстық сот орындаушыларының аймақтық палатасы арасында түзілген Меморандумның мақсат-міндеті, мазмұны қандай? Меморандумға сәйкес сот жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

 - Аталған Меморандум атқарушылық іс жүргізу шеңберіндегі бітімгершілік рәсімдер мәселелерін қамтиды. Меморандумға сәйкес, сот жеке сот орындаушылардың әрекетіне келіп түскен шағымдар туралы аймақтық палатаны хабардар етеді. Өз кезегінде аймақтық палатаның комиссиясы шағымданушы мен сот орындаушының арасында түсіндіру жұмыстары мен бітімгершілік рәсімдерін жүргізеді.

Негізінде бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 168,169 және 170-баптарымен реттелген. Анығырақ айтқанда, жеке сот орындаушыларының қызметін әділет органдары мен жеке сот орындаушыларының палаталары бақылайды, жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша жеке сот орындаушыларының қызметіне тексеру жүргізуге, қажетті шаралар қабылдауға және жеке сот орындаушыны лицензиядан айыруға дейін жауапкершілікке тартуға құқылы, яғни, істердің осы санаты үшін заңда дауды реттеудің соттан тыс тәртібі белгіленген.

 

- Тұщымды пікіріңіз бен әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен: Айжан Әмитбекқызы,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер