Ассамблеяның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру

2932
Adyrna.kz Telegram

1995 жылы Еліміздің Тұңғыш Презденті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін этносаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастыру жолында еселі еңбек етіп келеді. 28 сәуірде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы онлайн форматта болып өткендігі баршаға мәлім. ҚХА қызметінің қорытындысын шығарып, оның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалыптастыру мен нығайтуға қосқан үлесін атап өтетіндіктен, оның тарихи маңызы зор.

Еліміздің басты қорғаушысы, күші саналатын қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау - еліміздің алдында тұрған басты міндет. Ассамблеяның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанды үш миллионға жуық адам тастап кетіп, ел халқы 14 миллионға дейін азайғанын, бүгінде Қазақстан халқы 19 миллионға жақындап қалғанын атап өткен Елбасы 2025 жылға қарай ел халқының саны 20 миллионға жетуі керек деген міндет қойғандығын, өз ойынша, бұл шектен асатындығымызды баса айтты.

Ассамблея сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті тіл мәселесіне тоқталып, халықты біріктіретін тағы бір құндылық тіл екеніне назар аудартып, еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Елбасы бірқатар жастың Ассамблеяның арқасында өмірге жаңа жолдама алғанын айтып, олардың мемлекеттік тілді үйренуіне дәл осы Ассамблея себеп болғанын жеткізді.

Қазақстан халқының бір шаңырақтың астындағы ынтымақтастығына әлем сүйсінеді. Барлық ұлт бір-бірімен тең дәрежеде білім алып, қарым-қатынас жасай алады, еңбек етеді. Адамдардың береке-бірлігі, ынтымағы, сыйласымдылығын бір-біріне жасаған қамқорлығынан, татулығынан байқауға болады.

Қай елде болмасын өмір сүріп жатқан әрбір этнос өкілдерінің рухани және мәдени өмірінде бейбітшілік пен келісім және жасампаз еңбек болуы қажет екендігі белгілі. Біздер де Қапшағай қаласындағы түрлі ұлт өкілдерімен бірге еліміздің даму жолында еңбек етіп, берекелі тұрмыс кешіп келіміз. Этнос өкілдері қаланың әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осының барлығына тек ынтымақ пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырғандығымыз сөзсіз.

Дәметкен НҮСІПБЕКОВА,

Қапшағай қалалық

Аналар кеңесінің төрайымы

 

Пікірлер