Тәуелсіздікке 30 жыл

5975
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Тәуелсіздік  - тарихы ащы тамырдан таралған тәтті жеңіс. Бабалар аңсары, ұрпақтың зор бағына айналған елдіктің ерекше ен-таңбасы. Дәуірдің дүлейлі дауылына дес бермей тауда тері, далада қаны сіңген батырлардың батасымен жеткен қастерлі ұғым. 1991 жыл тудырған ұлы мүмкіндік. Ғарыштық жылдамдықпен ғажайып ғұмырға жетелеген егемендік - еліміздің аяғын алшаң бастырып, озғандарға жетуге басылған нық қадам. Тәуелсіздік - Қазақстанды саясат сахнасында жеке отау құрып, еркін ел билеуге бағыттаған бағалы бағдаршам.

Үш он жылдықта ел іргесінің негізі қаланып, ұрпақтар сабақтастығындағы мақсат-міндет айқындалды. Өшкеніміз жанып, көнергеніміз жаңғырды. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, бейбітшілік салтанат құрды. Салтымыз ардақталып, дәстүріміз жаңа деңгейде дәріптелді.  Ұлы даланы мекен еткендерге ғана тән мәдениет оты маздап, нарықтық экономикаға негізделген кәсіпкерлік аяққа тұрды.  Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухының өтеуі есебінде айбынды Ата Заң бекіді, мазмұнды реформалар қабылданды.

Қазақ елі тарихында отыз жылда айрықша айшықталған айтулы оқиғаларға қысқаша  хронологиялық шолу жасайық! 1992 жыл ұлттық рәміздеріміз бекіп, қалың жұртшылыққа таныстырылғанымен ел есінде. Дәл осы мерзімде Қазақстан әлемдік аренада айтарлықтар орны бар БҰҰ-ның белді мүшесі атанды. 1993 жыл еркін сауда-саттыққа жол ашып, экономикалық өсу қарқынын жеделдеткен ұлттық валюта айналымға енсе, 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан алғашқы мемлекет атанды. 1995 жылы сан сауалға бір жауап қататын Конституция қабылданып, халықты шат-шадыман күйге бөледі. 1996 жыл туған еліміздің тарих парақшасы Қазақстанның ат салысуымен құрылған беделі биік ШЫҰ негізі қаланғанымен ашылды. Тәуелсіздіктің тағдырлы тармағы 1997 жыл ел күтпеген жағымды жаңалықпен жалғасты. Сындарлы шешімдер шығатын бас қаланы ару Алматыдан Сарыарқаға көшіру туралы жарлық жарияланды. 1998 жылы ел ордасы Ақмола жаңа атау алып, оған Астана деп айдар тағылды. Шынтуайтында, қадірлі халқымыз үшін тәуелсіздіктің әр мезеті, әр жылы алтынға айырбастамас қымбат қазына екені даусыз. Ел құлағын елеңдеткен азаматтар үшін тағдырлы шешім 2006 жылы орын алды. Қазақтың қос алыбы ақын Ж.Нәжімеденов пен композитор Ш.Қалдыаяқовтың жарқын туындысы «Менің Қазақстаным» әні әнұран ретінде таңдалды. 2011 жылы төрткүл дүниенің назары біздің елге ауды. Қазақстан тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының жалауын желбіретті. 2017 жыл жаңаруға бастаған  EXPO – 2017 көрмесі көпшілікке есігін айқара ашты. Ал 2019 жыл тосын оқиғалармен өрілді. Елбасы өкілеттігін тоқтатып, ел тізгіні Қ.Ж. Тоқаевқа табысталды. 2021 жыл өткенді ой елегінен өткізіп, келешектің қамын қайта қарайтын ұлы кезең! Өйткені бұл жыл егемендіктің ордалы отыз жылы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатын көздесе, бүгінде бұл меже артығымен орындалды. Еліміздің заманауи жаңғыру жолында жасайтын толағай табыстары болашақта да талайды таңдандырады деген үміт басым, сенім мол!

ДАНА Жобалаева

                                                                Тұран университеті 3-курс

Пікірлер