Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый

4733
Adyrna.kz Telegram

Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттап кеткен тәуелсіздігін тәу етіп, ұрпаққа жеткізу – міндетіміз. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында республика көлемінде, ауыл, аудан, облыс бойынша көптеген іс-шара өткізілуде. Оған Үшарал орта мектебі ұжымы да өз үлесін қосуда. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 түп ағаш» деп мектеп ұжымы ағаш көшеттерін егіп, көгалдандыру жұмысын жалғастырды. Қашықтықтан оқушылар арасында тәрбие сағаттары, сурет көрмесі, шығарма байқауы ұйымдастырылуда.

Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктері, бағындырған белестері, Қазақстанды әлем танып мойындауы, міне, осы тарихи шежірені бүгінгі ұрпақ біліп, сезініп өсуі тиіс. Тәуелсіздікке тарту ретінде мектебіміздегі дарынды оқушылар өз жыр-толғауларын арнауда. Сондай оқушылардың бірі – 11-сынып оқушысы Гүлмарал Жаңабай. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған мына өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес:

Отыз жыл Тәуелсіздік төріндеміз, 
Әлі талай биіктерден көрінерміз.
Рухты елім, қазағым, мәңгі жасап, 
Ұрпақтардың жыры боп төгілерміз.

Қаншама тарих жатыр қойнауыңда, 
Ұлы Далам, жазиралы жайлауыңда. 
Сол тарихтың берілген жемісі ғой,
Бүгінгі тәуелсіздік тойлауың да.

Егемендік келмеді ғажаппенен,
Келді қиын-қыстаумен, азаппенен.
Өршіл рухты ата-бабам арқасында,
Танылды атауымыз «қазақ» деген.

Төгілді осы жолда қаншама қан,
Көрсетті батырлығын қаншама жан?!
Аңсауменен егеменді ел болуды, 
Өтті қанша түн мен қаншама таң?!

Өткен талай тарихтың сағасынан,  
Бой көтерген Есілдің жағасынан. 
Салынды бас қаламыз Сарыарқадай,
Кең-байтақ қазағымның даласынан.

Бұл күндері Нұр-Сұлтан астанамыз,
Әсем, сұлу көркіңе шаттанамыз.
Тату-тәтті, бейбіт тыныш, көркем сұлу,  
Бас қаламыз өзіңмен мақтанамыз. 

Тік ұстаған төрткүл дүние терезесін, 
Бүгін елім кең жаяды керегесін. 
Қуанышпен, шаттықпен, мақтанышпен, 
Тойлаудамыз тәуелсіздік мерекесін.

Өлең атты өлкеге өзіндік сапар шегіп жүрген Гүлмаралдың болашағынан зор үміт күтемін. Мектептегі «Жас қалам», «Жас қауырсын» үйірмелерінен шыңдалған шәкіртімнің жетістіктері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрді. Аудандық, облыстық Әбіш Кекілбаев оқуларының жеңімпазы, «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» атты жазба ақындар мүшәйрасында және «Өнерді ұлықтаған жастар» атты байқаудан Алғыс хат иеленді.

А.Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты «Алтын ғасыр» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған жарыста Мақтау қағазы мен арнайы медальмен марапатталды. «Елі сүйген, жерін сүйген Елбасы» республикалық шығармалар байқауының бірінші орын иегері. Гүлмарал Ерсінқызының шығармашылық жолына талмас талап тілей отырып, алар асулары әлі де көп болады деп сенемін.

Гүлнара ҚОЖАХАНОВА,

Үшарал орта мектебінің мұғалімі

Пікірлер