Тарих қатпарына көз жүгіртсек, қазақ халқы небір зұлмат заманды басынан кешірді. Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстар, ашаршылық, репрессия жығылған жұртқа жұдырық болды. Жылдар бойы жүргізілген отарлау саясаты ұлттық санамызға соққы жасап, ата-баба дәстүрінен алшақтатуға тырысты. Бірақ еліміз қандай сынға кезіксе де ұлттық мұратты биік тұтты. Ол елдің еркіндігі, рухымыздың тәуелсіздігі еді.
Қайсарлықты ту еткен халқымыз үшін талай жыл арманға айналған тәуелсіздік таңы арайлап атты. Егемендік оңай келмеді. Төгілген қан мен тердің өтеуіне берілген Тәңір сыйы - маңдайымызға басылған бақ. Ұшса қыранның қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жерді мекендеп, шекарамызды бекітіп, аты әлемге әйгілі ел ретінде еңсе тіктеуіміз береке-бірлігіміздің арқасы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы:
«Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», – деген сөзі тәуелсіздікке жету қиын да, оны сақтап қалу одан да ауыр екенін айқындайды.
Мәні терең мақалада айтылған тағылымды әрқайсымыз жете түсініп, ертеңгі күнге бағдар етуіміз керек. Күні кеше күллі түркі жұртының астанасы ретінде жарияланған Түркістан қаласы терең тарихтың куәгері іспеттес. Сонау сақ, ғұндардан бастау алған баба жолы бүгінге жалғасып, Мәңгілік Елдің ертеңіне жол ашты. Барлығымыз сол келешек үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жанған мезеттегі әр жыл, әр күн, әр ай, әр сағат теңдессіз, қадір-қасиетіміз іспеттес. Отыз жылдың ішінде орын алған барлық айтулы оқиға тарих парағына алтын әріппен жазылды. Келер ұрпақ үшін тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғынуға, оны терең түсінуге, салт-дәстүрін санасына сіңіріп өсуіне сол тарих жол ашпақ. Олай болса, бүгінгі күнімізге ертеңгі тарих ретінде қарап, келешекке абыроймен ұсынайық.
Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,
Алматы облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының басшысы