Едіге Бегенов: Басты міндетіміз – қарапайым адамдардың құқығын қорғау

4129
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Маңғыстау облысы, Түпқараған аудандық сотының төраға міндетін атқарушысы Бегенов Едіге Берекетұлымен болды.  

- Қазіргі кезде сот жүйесінде, жалпы заңдарға қандай өзгерістер еніп жатыр? Биыл ҚР-ның әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіледі дегенді естіп едік.

- Иә, 1 шілдеден бастап ҚР-ның әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енеді. Бұл кодекстің негізінде азаматтар басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатыса алады. Айта кететін жайт, бұл - жаңа институт емес. Бізге дейін бұл жүйе әлемнің көптеген елдерінде, Еуропа мемлекеттерінде қолданылып келді. Жалпы әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің миссиясы – қарапайым адамдар мен бизнесті мемлекеттік құрылымның әрекетсіздігі мен құқығын артық пайдаланудан қорғау болып табылады. Яғни, біздің басты міндетіміз – қарапайым адамдардың құқығын қорғау.

Қазіргі кезде әкімшілік әділет құрылымында біршама өзгерістер болайын деп жатыр. Атап айтатын болсақ, бұған дейінгі «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заң күштерін жоймақ. Бұлардың орнына «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодекс қолданысқа енеді. Адамдарға қолайлы болу мақсатында шағымды төменгі тұрған орган арқылы жоғарғы тұрған органға берудің жеңіл тәртібі бар. Ашып айтсақ, әкімшілік орган шағым түскеннен кейін 3 күнде қателіктерін жөндеп, аталмыш істі жоғарғы тұрған органға жолдамай-ақ әкімшілік рәсімге қатысушы үшін қолайлы акт қабылдай алады. Бұл арқылы көпшіліктің бұзылған құқығы жылдам қалпына келеді. Сонымен қатар олар уақытын да үнемдей алады.

- Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс туралы толық ақпарат бере кетсеңіз. Заңның бағыты, мақсаты қандай?

- Президент 2020 жылдың 29 маусымында «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» туралы заңға қол қойған болатын. Соттың әкімшілік процеске қатысушылардың арыздарымен, олар ұсынған дәлелдермен, өзге де материалдарымен шектеліп қалмайтындығы заңда көрсетілген. Нақтылай айтар болсақ, соттың мән-жайды жан-жақты зерттеуге құқығы болады.Сонымен қатар осы заң бойынша судьяға жаңа өкілеттіктер беріледі. Атап айтсақ, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Алдыңғы заңда мұндай құқық судьяға берілген жоқ. Бұл – жаңа заңның тағы бір ерекшелігі.

Бұлардан басқа да бұл заңда жаңашылдықтар бар. Соның бірі - соттың қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алуы. Яғни, сот өз бастамасымен немесе әкімшілік процеске қатысушылардың өтінішімен қосымша материалдар жинауға құқылы. Сонымен қатар әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Айта кететін жайт, заңның басты ерекшелігі жауапты тек мемлекеттік орган болады.

Әрбір істі қарайтын белгілі бір мерзімдік шек болады. Сәйкесінше сол мерзім бұл кодексте де көрсетілген. Алайда мұнда «ақылға қонымды мерзім» деген жаңа түсінік бар. Ол қандай мерзім деген сұрақ туындауы заңды. Айта кету керек, бұл кодекс бойынша істі қарау мерзімі 3 айдан аспауы керек. Осы 3 ай «ақылға қонымды мерзім» болып есептеледі. Ал егер іс қиын әрі күрделі болатын болса, онда істі қарайтын сот өзінің ұйғарымымен бұл мерзімді ұзарта алады. Ол бұл мерзімді тағы 3 айға дейін созуға құқылы. Есте сақтау керек, барлық істер бұлай созылмайды.

- Кодекс қабылданғаннан соң қандай өзгерістер болады?

- Алғашқысы - азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту. Екіншісі - жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу.

Бұл кодекс екі бөліктен тұрады. Оның біріншісі - әкімшілік рәсімдер, ал екіншісі сот үрдісін қадағалап, жүргізу. Елімізде адамдар кей жағдайда жария-құқықтық даулардың кезінде билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіріп жатады. Сондай кезеңдерде олардың көбі теңсіздікке тап болады. Ал жаңа заң сол қиындықтарды шешуге көмектесіп, алдын алады.

- Бұл заңның мақсаты қарапайым адамдар мен бизнесті қорғау дедіңіз. Кодекс жалпы бизнеске не ұсына алады?

Атап айтатын болсақ:

- тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалар) құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз ету.

- әкімшілік әділет органында шағымды қарау нәтижесіне шағымдану. Бұл сот органдарының процесті жүргізудің түбегейді жаңа әдісі.

- соттың белсенді рөлі – әкімшілік процестің азаматтық процестен маңызды айырмашылығының бірі. Сот дәлелдерді жинау бойынша бастаманы көтереді, барлық қажетті құжаттарды арыз берушіден емес, мемлекеттік органдардан талап ету мүмкіндігіне ие болады.

- дәлелдеу жүктемесі әкімшілік актіні қабылдайтын әкімшілік органға салынады.

- Бұл кодекс бойынша қандай санаттағы істер қаралады?

- Адамның бостандығын қорғауға бағытталған бұл кодекс бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты істер қаралады. Яғни, белгілі бір іске мемлекеттік органдар немесе тұлғалар жауапты болған жағдайда, ол істер әкімшілік соттар тарапынан қаралатын болады. Бұл жердегі ерекшелік - талап қоюшы ретінде мемлекеттік орган емес, жеке кәсіпкер және жеке тұлға ғана болады. Яғни, жеке тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің құқығы әкімшілік соттарда қорғалады.

Сонымен қатар мұнда талап, арыздар қаралатын болады. Бұл дау айту туралы талап арыз, мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғаны мәжбүрлеу, әрекет жасауды, сонымен қатар оның іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы төрт бағытта өрбиді.

- Сотқа мемлекеттік органның өкілін емес, басшысын қатысуға міндеттей аламыз ба? Егер сұраныс орындалмаса не болады?

- Әкімшілік кодексте көзделген әртүрлі жауапкершіліктер бар. Соның бірі ақшалай айыппұл салу. Егер сотқа мемлекеттік органның басшысы келмеген жағдайда осы жаза қолданылуы мүмкін. Негізінде сотқа қатысу қажет болған жағдайда олар қатысуға міндетті. Бұдан басқа да әкімшілік жауапкершіліктер көзделген.

- Бұл процессте судьяның рөлі қандай болады? Белсенділік арта ма?

- Негізінде басқа заңдарда бұл туралы айтылмаған. Ал әкімшілік кодексте «судьяның белсенді рөлі» деген жеке бап бар. Бұл бап судьяны өз тарапынан дәлелдемелер жинауға, өз тарапынан басқа адамды шақыртуға міндеттейді деп айтсақ болады. Яғни, қандай да бір дәлелдеме қажет болса, судья «сен мына дәлелдемені алып келдің, мынаны алып келмедің, мен осындай шешім қабылдадым» деп айтпайды. Егер судья мына дәлелдеме жеткілікті немесе жеткіліксіз деп ойлайтын болса, ол жерде өзінің белсенді рөлі болады. Демек ол кез келген дәлелдемелерді сұратып алуға құқылы. Судьяның белсенді рөлі бұл кодексте нақты анықталған. Бұны жаңа кодекстің тағы бір ерекшелігі деп айтсақ болады.

- Бұдан басқа сот жүйесінде қандай жаңалықтар орын алып жатыр?

- Айта кету керек, биыл жаңа соттар құру туралы өкім жарияланды. Ол жерде не қаралады, олардың ерекшелігі қандай болады деген сауалдардың тууы заңды. Бұл соттарда экономикалық және азаматтық соттарда, жалпы юрисдикциялық соттарда қаралған әкімшілік даулар қаралады.

Егер азамат мемлекеттік органның шешімімен келіспейтін болса, олар осы сотқа жүгіне алады. Сәйкесінше мемлекеттік орган бұл кезде сот барысында өз шешімінің, яғни әрекетінің заңдылығын дәлелдей алуы керек. Ал соттың мемлекеттік органдар келтірген дәлелдемелерден бөлек қосымша ақпараттар сұратып, тағы да дәлелдер жинауға құқығы бар. Демек, бұған дейін судья өзінің алдындағы дәлелдер мен іске қатысты материалдарға ғана сүйенген болса, енді әділ шешім үшін жеке зерттеу жүргізіп, бұрынғыдан белсенді бола алады. Жаңадан құрылған әкімшілік сот шешімдерінің жүзеге асырылуын қатаң бақылайды. Мысалы, жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген. Жауапкер сот шешімін орындамаса, ол заңды тұлға болсын, оның өкілі болсын, 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді. Аталмыш заңның арқасында мемлекеттік органдардың жауапкершілігінің артатынын байқаған шығарсыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер