Сот отырыстарын онлайн өткізу тиімді ме?

2979
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты М.С. Нарикбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің оқытушылармен болды.

Қылмыстық сот төрелігі департаментінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Аширбекова Құралай Болатбековна

-Құралай ханым, сот жүйесіне, заңға байланысты ақпараттардың қолжетімділігі мен ашықтығы қандай деңгейде?

-2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 6-бабына сәйкес қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпараттар көзделген.

Сот төрелігі жариялылық қағидатына сәйкес азаматтарға қолжетімді. Ақпараттық-анықтамалық жүйелер арқылы сот төрелігінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Процеске қатысқан немесе кез-келген адам сот кабинетіне тіркеліп, соттың қабылдаған шешімдерімен таныса алады. Бұл сот билігіне қоғам тарапынан сенімділікті артады. ҚР Жоғарғы Сотының ресми сайтында халыққа қызмет бөлігінде құқықтық көмек, арыздардың үлгілері, жиі қойылатын сұрақтардың жауаптары орналасқан. Дегенмен қолданыстағы заңнамаға жиі өзгеріс пен толықтырулар енгізу салдарынан ақпаратты да жаңартып сәйкестендіруді ескеру қажет.

Сот актілерінің банкі қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізуі мүмкін. Белгілі бір істің санаты немесе нысанасы бойынша аумақтағы сот органының актілерімен таныса отырып, қалыптасқан сот практикасын анықтауға болады, сондай-ақ нақты даудың немесе құқық бұзушылықтың қаралуы бойынша шешу жолдарын болжамдап белгілеуге болады. Осылайша сот төрелігінің актілеріне қолжетімділік арқылы азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін дербес қорғау мүмкіндігі бар.

Азаматтар өз құқықтық мәдениеттілігін арттыру мақсатында «аdilet.zan.kz» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі арқылы қолданыстағы заңнамалармен таныса алады.

-Қазақстандағы бейінді ведомстволар адам құқығын қорғау тұрғысында қалай жұмыс істеп жатыр? Қиындықтар жоқ па?

-Мемлекеттік органдар ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануда, әлеуметтік желілер арқылы қоғамға тез әрі сенімді ақпаратты жариялауда. Сонымен қатар, Egov, I-komek, телеграмм-бот бағдарламалар тиісті мемлекеттік қызмет көрсетулерге уақытты үнемдеу және қашықтықтан қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен кері байланыс тиімді жүргізіледі. Электрондық портал арқылы түскен шағымдар дереу қаралып, тиісті қызметтер көрсетіледі.

-Сот кабинеті, электрондық сот сияқты ғаламтор жүйесі арқылы жүзеге асатын процесстердің артықшылығы неде? Қоғам бұл өзгерісті толықтай игере алды ма?

-Сот отырыстарының онлайн форматта өткізілуінің тиімді жақтары бар. Қазіргі сот процестері WatsApp мессенджері, Zoom бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Процеске қатысушылар сот ғимаратына бару, соттың күту залында сот мәжіліс залына шақыруды тосып отыруға уақыттарын жұмсамайды. Алайда, ғаламтор желісінің сапасы мен қолжетімділігін ескеру қажет. Сонымен қатар онлайн сот талқылауы барысында адвокат, заңгерлердің өз клиентімен кеңесуге мүмкіндіктері болмай жатады.

Сот және мемлекеттік органдардың ақпараттық технологияларды тиімді қолдану арқылы қоғамның тез және сенімді ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Заң ғылымдарының кандидаты, Құқық жоғары мектебінің доценті Кудиярова Улбала Ерзатовна

-Ұлбала ханым, сот процесіне жүгінбей, арадағы араздықты, даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме?

Шын мәнінде де, қазіргі таңда тараптар арасында туындаған дауларды сот процесіне жүгінбей-ақ, медиация жолымен шешуге болады. Бұған негіз болған Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 24.08.2009 жылғы № 858 Жарлығы, яғни құқықтық саясат тұжырымдамасын тілге тиек етсек болады. Бұнда азаматтық процестік заңнамасын жетілдіру бағытының бірі ретінде сот тәртібімен да, соттан тыс тәртіппен де жеке құқықтық даулар тараптар арасында туындаған кезде ымыраға қол жеткізудің тәсілі ретінде медиацияны бекіту болып табылды. Бұған қоса, медиацияны енгізудің негізгі мақсатының бірі ол сот жүйесін жеңілдету деп түсіну керек.

Жалпы медиация латын тілінен «mediare», яғни делдалдық ету дегенді білдіреді. Яғни тараптар арасында туындаған жанжалдарды соттың қатысуынсыз, медиатордың көмегімен дауды шешудің нысаны деп түсінсек болады. Бүгінгі күні 10 жылдам астам уақыт қолданыстағы «Медиация» туралы Қазақстан  Республикасының 28.12.2011ж. Заңы 4 тараудан 28 баптан тұрады. Медиация ұғымы осы заңның 2 бабында өз бекімін тапқан, яғни медиация – тараптардың ерікті келісім бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Тәжірибеде медиациялық жолмен даулар (жанжалдар) шешіліп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездеседі. Себебі бұл дауласқан тараптар үшін тиімді, ұзақ мерзімді қажет етпейтін процесс және тараптардың келісімі, ымыраға келуі бойынша оңтайлы шешім.

-Медиатор дегеніміз кім? Оларды кім, қандай жолмен сайлайды?

-«Медиация» туралы Қазақстан  Республикасының 28.12.2011ж. Заңында медиатор ұғымына анықтама берілген, яғни «Медиация» туралы ҚР Заңының талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға. Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Медиатор өз қызметін заң талаптарына сәйкес, кәсіпқой медиатор немесе қоғамдық медиатор негізінде жүзеге асыра алады. Медиаторлардың өзіндік құқықтары мен міндеттері бар. Атап айтсақ, медиатор өз кезегінде медиация барысында бір мезгілде барлық тараптармен немесе әрқайсысымен жеке-жеке өткізуге құқығы бар және сәйкесінше аталмыш жанжалдарды шешу үшін ауызша да, жазбаша да ұсынымдар беруге құқылы. Сонымен қатар, медиатор құпиялылық қағидатын сақтауға және өз қызметін жүзеге асыру үшін көпшілікті хабардар етуге құқылы.  Ал енді медиатордың міндеттеріне келетін болсақ, медиацияға қатысушы тараптардың келісімімен медиацияны жүргізуге әрекет етуге, медиация тараптарының құқықтары мен міндеттерін медиация басталғанға дейін түсіндіруге,   кәсіпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы бекіткен медиаторлардың кәсіптік этикасы кодексін сақтауға, және талаптарға сәйкес атқарылған жұмыс туралы ай сайын есеп беруге міндетті. Медиатор бола алмайтын тұлғалар тізімі заңда тікелей көзделген, олар: мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген адамдар; заң белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар; жеке тұлғаға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын және заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар.

Кәсіби емес негіздегі (қоғамдық медиаторлар) медиатор тұрғындар жиналысының хаттамасы шешімі негізінде сайланған және ол жергілікті атқару органдарына келу керек. Бұл тұлға заң талаптарына сәйкес жас мөлшері 40 жасқа толған, халықтың сенімін ақтай алатын, жоғары беделге ие тұлға болуы тиіс.

-Медиацияның соттан, медиаторлардың судьялардан айырмашылығы қандай?

-Медиацияның соттан айырмашылығы, ол:

  • медиацияда тараптардың өзара келісім бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезден бастап жүзеге асады;
  • медиация тараптардың өзара келісімі бойынша медиатор таңдалады, яғни медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға;
  • медиацияда барлық дауласушы тараптардың мүддесін заң аясында ескере отырып, келісім қабылданады;
  • медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды және т.б.

Жалпы, кәсібқой медиатор жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен белгіленетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификат) бар және кәсіпқой  медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар; отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.

Судьялар Қазақстан Республикасының азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

-Егер қос тараптардың бірі медиация жолымен қабылданған шешімді орындамаса не болады?

-Дауласушы тараптың бірі өтініш жасау жолымен медиаторды таңдайды, медиатор келесі тарапқа дауды медиация жолымен шешу туралы ұсыныс жасайды. Медиатор әр дауласушы тараптармен шарт жасайды және соңында тараптар бір келісімге келген кезде, медиация келісімге келеді. Бұл келісімде көрсетілген талаптардың бірін кей уақыттарда тараптар бұзып жатады. Бұл медиациялық келісім - келісім-шарта теңістіріледі. Келісімге келген тараптар келісім ережелерін бұзып жатса, құқығы бұзылған тарап талап қою аразында барлық мән-жайды баяндай отырып, сотқа шағымдануға құқығы бар.

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер