Құзырлы орган қызметкерлері мен дәрігерлердің безбүйректігі

5482
Adyrna.kz Telegram

Біз қандай елміз?

Кеше Жамал Жаманбаева тергеу изоляторынан ауруханаға жеткізілді. Бұған Жамалдың денсаулығының күрт нашарлауы себеп. 19. 03. 21. күні өз қолымен жазған хатында 5 - ші наурызда жүрек тұсының шаншуы үдегенін, алтысында асқынып жедел жәрдем шақыруды сұрағанын, бірақ сұранысы орындалмағаны, 7-сі күні іштегі дәрігер тек қан қысымын өлшеумен шектелгенін жазған. Арада екі апта өткенде 18 - інде УЗИ, ЭКГ жасалған. Бірақ оның нәтижесін де көрсетпеген. Хат 19- шы наурызда жазылғанын айттық. Оншақты күн жан ауруы мен тән ауруының азабын көрген.

Бұл біздегі погон таққан адам кейпіндегілердің дегеніне жету үшін қандай да әрекетке барудан тайынбайтынына дәлел. Демек арада өткен оншақты күнде Жамалдың жағдайы жақсармаған. Қазір ол жатқан палата қатаң күзет бақылауда. Ешкімді оған қатыстырмайды, жолатпайды. Отызыншы жылдардағы ГПУ, НКВД тұсындағы "халық жауларының" да туыс- жақындарымен кездесу мүмкіндігі болған.

Осыған байланысты сауалдар бар. Маңғыстаудың әкімшілігінің, заң орындарының болмаса денсаулық саласындағы шенуніктері немесе баспасөз қызметтері неге мәлімет беруге құлықсыз? Қоғамда резонанс туғызып отырған мәселені жария ету негізгі міндет. Олай болса бұлар неге дәрменсіз? Бұған бір ғана жауап бар. Ол - бізде билік пен халықтың екі полюс, екі дүниеде екендігі. Құлықсыздық, мерездік, жалтақтық, мансапқорлық, жағымпаздық түптеп келгенде бейшаралық, сатқындыққа әкеледі. Жасырып керегі не? Біз осыған жеттік. Бойымызда қыздың көз жасына, қарындастың мұңына, ананың зарына құлақ түру, жанашырлық, иненің жасуындай болса да селт ету қасиеттерінен айырылғанбыз.

Бұрын орыстан көретінбіз. Орыс демекші, олар билеген тұста аз да болса әділдік болды. Жазғаныңнан нәтиже шығатын. 1989 жылы Бейнеу РОВД- сына Б. Спатаев деген майор басшының орынбасары болып келді. Тілі ащы, былапыт, әркімге тиісіп, құтырып жүрді. Бірде кешкісін жолдастармен киноға барсам, әркімге тиісіп боқтап жүр екен. Көпшілік орын екенін айтып едім, өрекпіп жағама жармасты. Ел қарап тұр. Кикілжіңнен кейін артынша мен медициналық персоналдан адам шақырттым. Ертеңгі күні сау екенімді дәлелдеу үшін. Кейіннен онымен жауласып жүрген аға тергеушінің Мәскеуге КСРО Бас Прокуроры Сухаревке жазған арызын дұрыстадым. Екі айда ішкі істер саласынан шеттетіліп, бүкіл шенінен айырылып істі болды.

Қазір сол кез болса мына жоқтан бар құрап, зеңбірекпен торғай атып жүрген "мықтылармен" сөз басқа болар еді. Енді Жамалды қарап жатқан дәрігерлердің Гиппократтың антына адалдығы, органдар тарапынан болатын қысымға қарамай жасалар қорытындысы қажет.

Жамалдың ісіне қатысты Тоқаевқа хат дайындаудамын. Оны желіде жариялаудың пайдасы жоқ. Сірә, оқымайтындықтан қолына тікелей табыстаудың ретін келтіру керек. Екінші - мәселе, ол - бауыздалар тоқты да тұяғын серпиді. Ел екеніміз рас болса онда халықтың қолдауына сүйенеміз.

"Үш Қиян" баспасының директоры
Махмут Қосмамбетов

Пікірлер