Қолөнерді жанына серік еткен сері жігіт

2736
Adyrna.kz Telegram

Қазір біздің елімізде бизнестің дамудың бұрын соңды болмаған қолайлы ахуалы туып отыр. Бұған аталмыш салаға айрықша көңіл бөліп отыруы, сол арқылы республикадағы банктердің оны қаржыландыруды жақсы жолға қоюы тікелей мұрындық болуда.

Жаңадан кәсіп ашқысы келген адам үшін қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Кез келген кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ қай істі болмасын бастау үшін де адамның ынта-ықыласы жеткіліксіз, оның алған біліміне қоса қарым-қабілеті мен тәжірибесінің болуы маңызды. Шыны керек, біреу істегенді екінші біреу істей алады деу де жаңсақ пікір. Өйткені әр адамның өресі әр түрлі. Алайда, мемлекет кәсіп бастаймын дегендерге мол мүмкіндік беріп отыр. Тек қалаулы істі тауып, соны ұршықша иіру қажет. Мәселен кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жоба арқылы өзінің кәсібін ашқан кәсіпкерлердің бірі - текелілік Леонид Пак. Казіргі таңда қолөнер шебері өз ісін ашып, кәсібін дамытып жатыр.

Кәсібін ашпас бұрын қалалық Атамекен кәсіпкерлер палатасында «Бизнес кеңесші» бағдарламасы арқылы білім алып, тігін саласы бойынша дәріс алған. 2020 жылы желтоқсан айында өз жобасын қорғап, мемлекет тарапынан 2 млн теңге көлемінде грант иеленген.

Бүгінде цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, табиғи тері өнімдерінен күнделікті өмірде қолданысқа жарайтын заттарды сатылымға шығарып отыр. Шебердің қолынан шығатын бұйымдардың бір ерекшелігі -табиғи және Москва, Түркия сынды елдерден әкелінетін сапалы тері өнімдерін қолдануы. Сатылымға шығаратын заттары да қол жетімді. Әр тұтынушы өз талғамына сай дизайн түрін таңдап тапсырыс бере алады.

Айта кетсек, қазіргі таңда Леонид Пак текелілік 2 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар осы өнер түріне қызығушылық танытқан жастарды да оқытып, өз істерін бастауға жол көрсетуде. Қазіргі таңда цехта 30- ға тарта түрлі-түсті бұйым шығарылып, интернет ресурстары арқылы жақын маңдағы қалаларға жөнелтіледі.

- Қатардағы маманнан қолөнер шеберіне айналу мен үшін көп ізденісті талап етті. Бұл салаға келмес бұрын Алматы қаласында тері өнімдерін өңдеу бойынша оқытылатын әр түрлі қурстарға қатысып, алған білімімді тәжірибе жүзінде шыңдадым. Баршаларыңызды өз істеріңізді ашып, жеке кәсіп бастауға шақырамын. Себебі қазір орта және шағын бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Менің қазіргі айналысып отырған кәсібімді әлі де дамытып, атадан балаға мұра етіп қалдыру - басты мақсатым, - дейді қолөнер шебері.

Енді кәсіпкер ғимарат аумағын да кеңейтіп, өнімдерін еліміздің басқа да қалаларына тасымалдауды жоспарлар отыр. Сондай-ақ қаламызда да осы кәсіпті дамытып, тері өндірісін қолға алу ойында бар.

Осындай аздан бастап, көп іс тындырған жандардың өмірі бізге қашанда үлгі. Қай істе болмасын адалдық деген кіршіксіз дүниеге кір түсірмеу азаматтық парыз екені бесенеден белгілі. Ал мұндай кәсіп иелері кәсібін жаңа ашқандарға ісімен тәлім берері сөзсіз.

Пікірлер