Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы мен қолжетімділігі қандай деңгейде?

3203
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Алматы облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының міндетін атқарушы Е.Айтжанов мырзамен болды.

- Алматы облыстық сотының ұжымымен қандай биік белестерді бағындырдыңыздар? Қай жетістіктеріңіз ерекше әрі маңызды болып саналады? Соңғы бес жылда қандай оң өзгерістер орын алды?

- Жеке-дара соттың қол жеткізген жетістіктерін, жалпы сот жүйесінде орын алған оң өзгерістерден бөліп-жарып қарастыруға болмайды.

Соңғы 5 жылда сот жүйесін цифрландыру қарқыны, соттардың материалдық-техникалық қамтамасыздандырылу деңгейі мен көлемі, соттың қолжетімділігі пен ашықтығы сапалы жаңа деңгейге көтерілді.

Сот органдарының сервистері мен қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі - «Сот кабинеті»; 32 мемлекеттік органдардың мәліметтер базаларымен интеграцияланған «Төрелік» жүйесі; сотқа келушілер үшін жасалған «Фронт офистар» және «Медиаторлар кабинетінің» жұмысы;   «Татуласу: сотқа дейін, сотта» және «Түнгі сот» жобаларының жұмысы - оң өзгерістердің дәлелі.

- Қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түсіп, билік тарапынан үздік марапаттарға ие болған ардагер қызметкер, судья, адвокаттар бар ма? Кімдердің есімін ерекше құрметпен атап өтер едіңіз?

- ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының, соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті басшысының өкімдерімен бірқатар сот жүйесің ардагерлері, облыстық және аудандық сот судьялары мен қызметкерлерінің «Сот жүйесінің үздігі» төс белгілерімен марапатталуы, шын мәнінде соттың үйлесімді жұмысы - ұжымның біртұтастас механизм ретінде жұмыс жасауында. Сана ғұмырын сот төрелігіне арнап, ел есінде әділдігімен есте қалған ардагерлер - жетерлік. Бөліп-жарып, арасынан үздігін таңдау - қателік. Жұмыстарына баға беруші - қоғам, халық...

- Карантин режимі сот процесіне кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

- Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «сот төрелігін қашықтан жүзеге асыру» мақсатымен жүргізілген көреген реформаларының нәтижесінде, бүгінде, ел азаматтары бұзылған құқықтарын қашықтықтан, қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, толыққанды қорғау мүмкіндіге ие.

- Сотқа, заңға байланысты ақпараттардың ашықтығы, қолжетімділігі қандай деңгейде? Халықпен кері байланыс қаншалықты жиі орнатылады?

- Жариялылық, ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы - сот төрелігін жүзеге асырудағы әлеуметтік бақылау мен азаматтардың сот қорғауына кедергісіз қол жетімділігінің көрінісі. Бүгінгі жаһандану заманында, қоғамға ұсынылатын ақпарттың шынайы болуы, бөгде күштердің бұрмалауынсыз жеткізілуі маңызды. Сол себепті «кері байланыс» орнатушы - баспасөз қызметінің маңызы күннен-күнге артуда.

Жалпы барлық деңгейдегі соттардың баспасөз қызметі азаматтарға қажетті ақпаратты дер және жеткілікті дәрежеде ұсынады дей келе, жұмыстарына оң баға беруге тұрарлық.

Цифрларға тоқтала кететін болсақ, пандемияның себебінен өткізілетін іс-шаралар қарқынының бәсеңдегегін ескере келе, 2020 жылы интернет желісінде 461 материал жарияланды, оның ішінде 250 астамы судьялар мен мамандардың авторлығында, 115 «дөңгелек үстелдер» мен онлайн кездесулер, 114 тренинг, 15 лекция,7 брифинг өткізіліп, 33 ашық есік күні, 500 астам мақала басылымдарда жарық көрді.

Бұл цифрмен көрсетуге болатын жұмыстың тек бір ғана бөлігі...

- Қос тарап даулы мәселелерді медиациялық жолмен шешіп, бейбіт келісімге келетін жағдайлар жиі кездесе ме? Осы жолмен қанша мәселе өз шешімін тапты?

- ҚР Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасың негізінде 2020 жылы облыс соттармен қаралған азаматтық істер бойынша - 1227, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша - 392, қылмыстық істер бойынша - 147 медиациялық келісім жасалып, тараптар өзара келісімге келді.

- Қоғамда келеңсіздіктер, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қылмыс орын алмас үшін, олардың алдын алу үшін қаншалықты жиі брифингтер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырасыздар?

- ҚР Жоғарғы Сотының жыл сайынғы бекітілетін медиа-жоспарға сәйкес судьялар мен жауапты қызметкерлер коммуникация орталықтары мен сот ғимараттарының негізінде - сот жүйесі мен заңи тақырыптар қозғалатын іс-шаралар өткізіп қана қоймай, қоғамның барлық-дерлік аспектілерін қамтитын тақырыптағы брифингтер мен дөңгелек үстелдер өткізуде.

Атап айтқанда, 2020 жылы өткізілген 115 «дөңгелек үстел» мен онлайн кездесулер, 114 тренинг, 15 лекция, 7 брифинг өткізіліп, 33 ашық есік күні аясында, спикерлер мен іс-шараны ұйымдастырушылар ұсынылған әрбір мүмкіндікті пайдаланып, тындаушылардың құқық бұзушылықтарға бармауы мақсатымен үгіт насихат жүргізді.

Алдын алу жұмыстары тек арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар барысында ғана жүргізілмей, күнделікті өмірде орын алуы тиіс...

-Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай іс-қимылдар жүргізіліп жатыр?

  1. Жариялылық, ашықтық қағидаттарына бағытталған жұмыс күшейтілуде.
  2. Сот органдарының сервистері мен қызметтерінің  цифрландырылу көлемі ұлғайтылуда.
  3. БАҚ-пен «кері байланыс» күшейтілуде
  4. Ішкі қауіпсіздік қызметінің ролі мен маңыздылығы артуда.
  5. 24/7 форматындағы «Сенім телефоны» және «Сall центр» жұмыс істеуде
  6. Судьялар мен сот қызметкерлерінің материалдық-техникалық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жетік қамтамасыз етілуде.
  7. Басқада да өзекті жұмыстар жүргізілуде.

- Халықтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, құқықтық сауаттылығын арттыратын жобалар жүзеге асып жатыр ма? Нәтиже қандай?

- Аталған бағытта тек сот саласын қамтып, жүзеге асырылып келетін арнайы жобалар қарастырылмаған. Баяндалған мақсатпен жалпыұлттық бағдарламалар мен тұжырымдамалар қабылданып, іске асырылуда.

- Бүгінгі таңда облыстық сот жүйесінің қызметіне кедергі келтіретін қандай факторлар бар? Оларды шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?

- Күнделікті жұмыс барысында туындап, шешімі тез арада табылатын мәселелерге «кедергі келтіретін факторлар» деген баға беру - артықшылық.

Жалпы мемлекет тарапынан соттардың қалыпты жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалған.

Әңгімелескен: Айжан Сыланова,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер