Телефонмен сөйлесу арқылы болашақты болжайтын балгерлер бар

7656
Adyrna.kz Telegram

«Әуелі Алла, кейін мен» дейтін дуалаушы балгерлердің кесірінен бақытсыз отбасылар көп.

Қазақ қоғамында «дуалау» әдісі кең етек жайды. Алайда дуалаушылардың сиқыршыдан еш артықшылығы жоқ. Дуа дегеніміз – сиқыр. Қасиетті Құранда да сиқырдың бар екені расталған. Харут пен Марут атты екі періштенің сиқыр жасаумен, үйретумен айналысқаны жазылады.

Имам Мүсілімнің сахих хадис топтамаларында пайғамбарымызға дұшпандары сиқыр жасамақ болған әрекетін баяндайды. Ең сорақысы, сиқыр пайғамбарымызға әсер етеді.

Дуадан кейін балгерге барамыз

Кейде адамдар қарапайым махаббат сезімін, қызғанышты, көңіл бөлуді дуа арқылы жүзеге асырады. Неге? Өйткені, ішкі жан дүниесі қараң. Лас.

Халид әр-Рубғи есімді ғалым бізге жүректің денедегі маңызы жайында мына әңгімені айтады:

«Хабашстандық ағаш ұстасы Лұқман құл еді. Қожайыны оған бір қой бауыздауға әмір қылып:

– Маған оның ең жақсы екі уыс етін алып кел, – дейді. Лұқман қожайыны айтқандай малды сойып, оған қойдың тілі мен жүрегін алып барады.

Кейін бірнеше күн өтіп, қожайыны тағы қой союға бұйырып:

– Маған оның ең жаман екі уыс етін алып кел, – дейді. Лұқман оған тағы да қойдың тілі мен жүрегін алып келеді.

Қожайын Лұқманға:

– Бірінші қойдың ең жақсы екі нәрсесін алып кел дегенімде, сен маған оның тілі мен етін алып келдің. Қош. Сосын екінші қойды сойғанда саған оның ең жаман екі нәрсесін бер дедім. Сен маған тағы да оның тілі мен жүрегін бердің. Мұның түсіндірмесі бар ма? – деп сұрайды.

Лұқман оған:

– Расында, егер ол екеуі жақсы болса, онда бұлардан асқан жақсы нәрсе жоқ. Егер ол екеуі жаман болса, онда олардан өткен жаман нәрсе жоқ, – деп жауап берген екен».

Бұдан не түйдік? Яғни, жүрегі жаман адамның ойы да, сөзі де, ісі де оң болмайды. Дуаны жүзеге асыратын да осындай адамдар. Қасиетті Құранда да дуа жасайтын адамдарды «кәпірге» теңеген.

Көбінде, дуа ерлі-зайыптыларға, жас жігіттерге және жолы болмай жүрген адамдарға жасалады екен. «Дуаның күшімен отау құрды» , «80 жастағы кемпірге жас жігіт ғашық болып қалыпты» немесе « жолыңды ашатын дуа оқып берейін, кеудеңе тағып жүр» деген сыбыстарды анамыз бен жеңгеміздің екеу ара әңгімесінен жиі естиміз.

Байырғы заманда дәл осы «жол ашу» процесі құсты ұшыру арқылы жүзеге асқан. Құс оң жаққа ұшса – жолыңыз болады, ал сол жаққа ұшса – бүгін сіздің күніңіз емес. Құс сіз үшін шешім қабылдайды. Ақылға қонымсыз, иә?

Ал қазір жол ашу, дуа салу дүниелері түрлі сиқыр әрекеттері мен шайтандардың көмегімен іске асатынын қарапайым халық біле бермейді. Өйткені, діни сауаты аз немесе жоқ. Құран кәрімдегі айтылған бар рухани азық болар дүниелерді ысырып, адасқан адамдардың артынан еріп, аранға түскендер кешірілмес «күнә» жасаған боп есептеледі.

Маңғыстау телеарнасының «Орта толсын» бағдарламасының қонағы Юнус Қадырқұлұлы облыстың «Бекет Ата» мешітінің наиб имамы:

«Балгерлік, емшілік, дуа жасаушы – үшеуі үш түрлі әлем. Жасыратыны жоқ, Алла Тағала кейбір адамдарды тылсым қасиеттерімен ерекше қып жаратады. Оларды «әулиелердің кереметі» деп атайды. Яғни, нық наным сеніммен болжам жасаса, Құранға сүйеніп, хадистерден мысал айтып, адам өмірінің болашағына дені дұрыс болжам айтар болса – теріс емес. Емшілік те осындай. Бес уақыт намызы бар, құдаймен арасы бір табан жақын тұрған адамдардың қазақ салтына тән ем шараларымен ауруынан сауықтырса – дінге қайшы дүние емес».

Кәһиндердің кесірі

«Бақсы балгерлерге келген адамның қырық күндік намазы қабыл болмайды». Дәл осылай Алла елшісі бір хадисінде айтып кеткен.

Ал қазіргі балгерлер алғы сөзін: «Әуелі Алла, сосын мен» деп бастайды. Бірақ қолдарында карта, құмалақ, тасбих, көздеген адамының суреті.

"Адырна" ұлттық порталының тілшісі арнайы зерттеу жүргізді.

Шымкент қаласының тұрғыны, есімі Сәуле (өзгертілді) ұялы телефон арқылы бал ашатынын, болашақты болжайтынын айтты. Құны – 2000 теңге. Бірлік қып немесе каспи голдқа төлем жасағаннан кейін, чекті мессенджерге жіберіп, суретіңді жібересің. Жарты сағаттан соң, балгер өзі қоңырау шалып, қандай мәселеге ұшырағаныңды сұрайды.

Бұған дейін дәл осы балгерге бал аштырған адаммен тілдестім.

Құлсары қаласының тұрғыны:

«Шілде айында коронавирус індетімен қатты ауырдым. Қызуым он күн бойы түспеді. Ауруханада орын жоқ. Үйде емделдім, халім мүшкіл еді. Амалым қалмаған соң, болашағымды білгім келді. Көмек сұрап Сәулеге хабарластым. Қызуымның үш күннен кейін түсетінін, денсаулығымның түзелетінін, әлі ұзақ жасайтынымды айтып, қуантып қойды. Расымен үш күннен кейін қызуым бірқалыпқа келді. Сенбейін десең….»

Ендеше келесі кезек, жоспар ретінде жүзеге асатын бал ашу процесі. Анама сіңілімнің қай оқу орнына түсетінін, қандай маман иесі атанатынын білу үшін, қоңырау шалдық.

«Қызың ақ халатты дәрігер болады, 22 жасында күйеуге шығады. Мінезі ауыр екен, жолы да ауыр»,- деп жауап қатты. Ең қызығы, сіңілім қазір педагог мамандығында білім алуда. Мінезі жайсаң, ашық адам.

Бұдан шығатын қорытынды, балгерлерге карантин де кедергі емес. Қиырда тұрса да, құмалағы мен картасы дайын тұрар кәһиндер – адамды адастырушылар. Айтқандары бір де дұрыс, бір де бұрыс.

Болашақты бұлар қайдан біледі?

Адамдардың қасында жын болатыны шариғатта жазылған. Балгердің алдына барғанда олар сізге өткеніңізді айтып, сенімізге кіреді. Күмән қалдырмайды. Ал сіздің өткен өміріңізді жаныңыздағы жыныңыз баяндап береді. Ал болашақ ше? Болашағыңызды аспан әләмінде періштелер жазып жатқан жерінен жындар барып біліп, балгерге баяндайды. Аллаға қарсы, серік қосу арқылы жүзеге асып отырған бұл әрекет – ақырзаманның белгісі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні адам сенімінің сергелдеңге ұшырауы. Сенімнің күш қуатының мықтылығы соншалық, дұрыс жолдан тайдырып та, бұрыс жолдан шығарып та алады. Ал сенімді арттыратын дүние – діни сауаттылық. Жаныңыз қиналып, жол таппаған кезіңізде хадистер мен сүрелерді оқып, тынышталыңыз. Қасиетті кітапта айтылған әр құдіретті сөздің ішіне үңіліп, керегіңізді содан алыңыз.

Бақсы да, балгер де болашақты болжамайды, олар сіздің Алламен қарым-қатынасыңызды бұлыңғыр етеді.

"Адырна" ұлттық порталы,

Інжу ӨМІРЗАҚ

Пікірлер