Алматыда XI Baiqonyr Film Festival ашылды

180
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LAnjsaJPqLhy76smg7faJsCZUQk6UDQpWS25WLwm.jpg

20 қыркүйек күні Алматыда XI Baiqonyr Film Festival-дің ашылу салтанаты өтті. Фестиваль 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарламаға ұлттық және халықаралық қысқаметражды ойын және деректі фильмдер байқауы, дебюттік толықметражды фильмдер байқауы, арнайы көрсетілімдер мен кәсіби іс-шаралар енген.

Ашылу салтанаты «Арман» кинотеатрында өтті. Фестиваль шараларының басым бөлігі де осы жерде ұйымдастырылады. Baiqonyr Film Festival президенті Ануар Кенжебаев қонақтармен амандасып, XI фестивальді ашық деп жариялады. Фестивальдің бағдарламалық директоры Ержан Джумабеков те қатысушылар мен көрермендерге сөз арнады.

Салтанат барысында байқау бағдарламаларының қазылар алқасы толық таныстырылды. Қазылар алқасының төрағалары сахнаға шығып, қатысушыларды фестивальдің басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Халықаралық байқаудың қазылар алқасына төрағалық ететін Дарежан Өмірбаев қысқаметражды киноның табиғаты мен автордың алғашқы шығармашылық қадамы туралы айтты.

«Қысқаметражды кинода авторлар өздерінің алғашқы, ең таза сезімдерін жеткізуге тырысады. Әрине, кейін олардың бәрі бірдей кино саласында қалмауы мүмкін, көп нәрсе талантқа байланысты. Бірақ алғашқы шығармашылық импульс әрдайым шынайы болады. Бұл алғашқы махаббат сияқты. Ол әрқашан таза», деді Дарежан Өмірбаев.

Фестиваль Аяна Нұрдинованың «Mūğalım» фильмімен ашылды. 20 қыркүйек фильм командасы үшін ерекше күн болды. Картина бір күнде екі фестивальде көрерменге жол тартты. Алматыда «Mūğalım» Baiqonyr Film Festival-дің ашылу фильмінің бірі болса, дәл сол күні фильм Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінде де көрсетілді.

Режиссер Аяна Нұрдинова, продюсер Аружан Досымқожа және басты рөлді сомдаған Олжас Дәлелхан сол күні Сан-Себастьянда болды. Алматыдағы көрсетілім алдында көрермендерге олардың фестивальдің ашылуына арнайы жолдаған видеосәлемі көрсетілді.

«Арман» кинотеатрының сахнасына Алматыда қалған фильм командасының өкілдері де шықты. Көрермендермен актерлер Бақытжан Әлпейіс, Гульнара Дусматова, Акиф Петров, Шынар Жанысбекова және жобаның маркетинг жетекшісі Севиль Байрамова амандасты.

Севиль Байрамова фильмді бір күнде екі бірдей фестиваль алаңында таныстыру команда үшін ерекше сәт екенін айтты. Ол дәл сол уақытта Аяна Нұрдинова, Аружан Досымқожа және Олжас Дәлелхан Сан-Себастьяндағы көрсетілімге қатысып жатқанын атап өтті.

Ашылу салтанаты мен «Mūğalım» фильмінің көрсетілімі көрерменге толы залда өтті.

«Mūğalım» Балқашта тұратын музыка мұғалімі Жандос туралы баяндайды. Үлкен қалаға көшуді армандаған кейіпкердің алдынан өмірін өзгертуге мүмкіндік туады. Сол мүмкіндік оны өзі үшін шын мәнінде не маңызды екенін және өнердің өміріндегі орнын қайта таразылауға мәжбүр етеді. Фильмде Олжас Дәлелхан, Рустем Жаныаманов, Шынар Жанысбекова және басқа актерлер ойнайды.

Биыл халықаралық қысқаметражды ойын және деректі фильмдер байқауына 12 фильм іріктелді. Байқауға 38 елден 466 өтінім түсті. Ұлттық байқауда 16 қазақстандық қысқаметражды фильм бақ сынайды. Сонымен қатар дебюттік толықметражды фильмдерге арналған жеке байқау өтеді.

Фестиваль күндері көрермендер конкурс және арнайы көрсетілімдерді тамашалап, фильм авторларымен кездесіп, талқылаулар мен кәсіби іс-шараларға қатыса алады. Сонымен қатар Алматыда ТМД елдері кинотанушылары мен кино сыншыларының V Алматы форумы өтіп жатыр.

Биыл халықаралық қысқаметражды және дебюттік байқаулардың жеңімпаздарына New York Film Academy-да білім алуға арналған әрқайсысы 10 000 долларлық алты сертификат табысталады. Сертификаттарды академияның қабылдау талаптарына сай келетін жеңімпаздар оқу ақысының бір бөлігін өтеуге пайдалана алады.

Ашылу салтанатында ұйымдастырушылар фестивальдің серіктестері мен ақпараттық серіктестеріне қолдауы үшін алғыс білдірді.

XI Baiqonyr Film Festival 25 қыркүйекте марапаттау рәсімімен аяқталады. Сол күні байқау бағдарламаларының жеңімпаздары жарияланып, жүлделер табысталады. Биыл Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай арнайы марапат та беріледі.

Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтіп жатыр.

Пікірлер