Қазір ғана ботаникалық саябақты аралап келдім. Ұзақ жаяулатып, бойыма қан жүргізіп, серуендеп қайттым. Ботаникалық саябақта ауа райының қолайлылығына байланысты адамдардың да саны артып, қала тұрғындары серуендеп жүр. Екінші жағынан, саябақтағы адамдардың қазақ тіліне қаншалықты мән береді екен деп назар салып жүрдім. Үлкені де, кішісі де, бала-шағасы да жүр. Бірен саран орыстар болмаса, барлығы қазақтар.
Бірақ... Бірақ барлығы да орысша сайрап жүр. Саябақтың бас-аяғына дейін айналып шықтым. Қазақтардың барлығы орысша сөйлейді. Баласын жетектеген қатын-қалаштар мен қыз-келіншектердің барлығы да балаларымен орысша тілдеседі. Қазақтың барлығы орысқа дерлік сатылған ба деп көктемгі көңілің күздей болады. Санаң сансырап, ішің удай ашиды. Мен шамалаған көрсеткіш бойынша саябақта 98 пайыз қазақтар орысша сөйлесіп жүр. Мен практикадан айтып отырмын.
Біз мұнда отырмыз, қазақ тілінің тағдырын жырлап, ертеңін ойлап, не істесек қазақ тілінің перспективасын дұрыстаймыз деп. Айтыңдаршы қазақтар! Не істесек қазақ тілінің болашағы мен перспективасын дұрыс жасап, ғылым мен технологияның, өндіріс пен прогрестің тіліне айналдыра аламыз? Қазақ тілі ғылым мен технологияның, өндіріс пен прогрестің тіліне айналмай, қалайша дамымақ!? Әлде дұрысы осы деп осында тартысып отыра береміз бе?
Орыс тілін жамандағанымызбен бүкіл техникалық-инженерлік программалар мен материалдарды орыс тілінен алып отырамыз. Қай программаны іздесем де орыс тілі арқылы жүктеп, жұмысымды іске асырамын. Өзіміздің тілде тас та жоқ. Біз қазақ тілімен бір бірімізді төмпештеп, бір бірімізді сабап, бір бірімізді тоқпақтап отырамыз. Фейсбукте өсек, анау сатқын, мынау сатқын, анау ит, мынау шошқа дейміз. Сатқын болмаған, ит пен шошқа болмаған адам жоқ. Атаңның басы дамытасың тілді осы түріңмен.
Біздің қазақ тілін де техникалық-инженерлік тілге айналдырып, барлық қажеттілікке жарайтын дүниелерді толтырмасақ, ойбай қазақ тілі, өлді қазақ тілі деп байбалам салғаныңмен ешқандай да нәтижеге жете алмайсың. Заманның көші біз айтып отырған өсекпен өлшенбейді. Қазақ тілінде жүктеп алатын технологиялық, бағдарламалық керекке жарайтын тас та жоқ. Керек болса бағдарламаларды қазақ тілінде жүктеп көрші, не табар екенсің...
Қазақ тілін дамыту үшін қазақ тілінде технология мен бағдарламалар жасап, өзіңнің туған тіліңе байлап қою керек. Орыстар мен ағылшындар, қытайлар мен жапондар, корейлер мен немістер осылай жасап отыр емес пе!? Солардан бір жеріміз кем бе, расында!?
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы